Жылдағы дәстүр бойынша 1 наурыз жақындаған сайын елімізде қатарласып келетін қос мереке – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні мен Алғыс айту мерекесі атаусыз қалған емес.
Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округіне қарасты ауылдарда 35 этнос өкілі тұрады. Осынау қос мерекеге орай ауылдық ардагерлер ұйымы мен аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ассамблеяның 30 жылдық әлемі» және «Алғыс айту – парызым» атты тақырыптарда байқау өтті. Іргелі ауылдық Мәдениет үйіндегі шараға ауыл тұрғындары, студенттер, ұстаздар қауымы мен мектеп оқушылары қатысты.
Жиналған көпшілік алдымен әр ұлттың жасаған ұлттық тағамдары мен қолөнер көрмесін тамашалады. Байқауға қатысушылардың киімдерінен, көтеріңкі көңіл-күйлерінен бірлік пен тұрақтылықтың, береке мен ынтымақтың лебі есіп тұрды.
Қос мерекеге арналған байқаудың беташарын 84 жастағы түріктің қариясы Хайрутдин Тутадзе ашты. Ол Көксай ауылындағы барлық этнос өкілімен бір отбасының адамдарындай тату-тәтті, сыйластықпен өмір сүріп келе жатқанын тебірене толғады. Сол сияқты Алғыс айту күніне орай тәлімді тәрбиенің түп төркінінен әңгіме қозғады. Адам баласынан қарғыс алмай, алғыс алғанның абыройы артық болатынына ерекше тоқталды.
Көпшілік алдында айтулы мерекелердің мәні мен маңызын жан-жақты әңгімелеген ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Егінбек Егеубеков пен аналар кеңесінің төрағасы Райса Сығаевалар да жиналған қауымды бір желпіндіріп тастады.
Бұдан соң өнерпаздар сайысы басталды. Бірінші кезекте әр этностың билері көрсетілді. Мұнда Л.Толстой және М.Мәметова атындағы мектептердің оқушылары көш бастады. Давид Шакуров пен Арсен Нұрымов өзгелерге өнеге болды. Сондай-ақ қырғыздың «Жылқышы» халық әнін орындаған ардагер Тәжімұрат Салыбайұлы, өзбектің «Кел ортаға кемпірімді» шырқаған Жүрсін Сайытқожаев, «Арыс жағасында», «Королева», «Алғыс» әндерін әуелеткен Қалиахмет Көшкінбаев пен Ақторқа Амантайқызының өнерлеріне көрермен тәнті болды. Ал қазақ аналарының ұлттық киім үлгілерін көрсетіп шыққан Райса Сығаева, Гүлзада Рақымжанова, Дәмегүл Мұсаева, Сауыткүл Түкісбаева, Мариямкүл Нұрышева, Салтанат Әбдиевалар жұртшылықты баурап алды.
Сөйтіп, қос мерекеге арналған байқау жеңімпаздары арнаулы сыйлықтарға ие болып, көпшіліктің көңілін тасытты.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
ардагер-журналист
Қарасай ауданы