Ислам діні қоғамды татулыққа шақырады, тыныштықта өмір сүруге жетелейді һәм ынтымақ пен бірлікке бастайды. Адамды имандылыққа ұйытады. Діннің осынау құндылығын насихаттау, адамзатқа берер пайдасы мен қазіргі таңда қалыптасқан кейбір мәселелерді талқылау, мешіт жұмысын жетілдіру мақсатында облыстың бас имамы Мадияр Пірімқұлов Кеген ауданына арнайы келді. Осыған орай Мәдениет үйінде Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандары имамдарының қатысуымен жиын өтті.
Жиын басталмас бұрын Мадияр Тағайбайұлы Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевпен кездесіп, өңірдегі діни ахуал бойынша пікір алмасты.
Басқосуға жергілікті дін өкілдерімен қатар облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерғали Ахилбекұлы, ауданның бас имамы Әзім Сатыбалдыұлы қатысты.
– Біздің мақсатымыз – дін саласындағы маңызды мәселелерді талқылап, тәжірибе бөлісіп, діни білім мен тәрбиеге қатысты ортақ шешім мен ұсыныстар әзірлеу. Бүгінгі кездесуде жастар тәрбиесі, имамдардың міндеттері мен қызметтері, сондай-ақ дін мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынас мәселелерін талқылаймыз. Соңғы жылдары қоғамда діни сауаттылықты арттыру, экстремизм мен радикализмнің алдын алу бағытында жүзеге асып жатқан істер туралы ойымызды ортаға саламыз, – деді жиынды ашқан Кеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Қалқаев.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған облыстың бас имамы Мадияр Пірімқұлов қоғам мен діннің өзара байланысы, діни сауаттылықтың рөлі, мешіт құжаттарын бірізділікке салу, ұлттық құндылықтарды сақтау және жастардың санасын жат ағымдардан қорғау тақырыптарында әңгіме өрбітіп, имамдар қойған сауалдарға жауап берді.
Келесі кезекте сөз сөйлеген облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерғали Ахилбекұлы діни алауыздыққа жол бермеу, ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды болдырмау негізгі мақсат екенін атап өтті. Қоғамның дінге деген көзқарасын қалыптастыруда, мешіт жұмысын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талаптарына сай жүргізуде имамдардың атқарар қызметі зор екеніне тоқталды.
Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан асыл дініміздің құндылықтары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін салт-дәстүрімізбен ұштастыра сөз еткен имамдардың келелі кеңесінде діни ағымдардан сақ болу, қаймағы бұзылмаған, айрандай ұйытатын ата дініміздің қадір-қасиеті жайлы ақпараттар кеңінен беріліп, Қарабұлақ ауылының бас имамы Нұрлан Мамытбековтың ақ батасымен жиын қорытындыланды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы