Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Әрине, бұл – еңбектің қара қазанын қайнатып жүрген адамдарды насихаттауда таптырмайтын мүмкіндік.
Жұмысшы мамандар қатарында жолаушыларды әрі-бері тасымалдап, халыққа күндіз-түні қызмет көрсетіп жүрген жүргізушілердің де еңбегі зор. Бұл істің кез келген адамның қолынан келе бермейтіні анық. Өйткені, такси қызметін атқару қажырлылық пен жауапкершілікті талап етеді.
Бала-шағасының несібесі үшін темір тұлпарды тізгіндеп, үнемі алыс-жақын жерге сапар шегіп, жол үстінде жүретін жүргізушілердің жұмысы шынымен де күрделі. Дана халқымыз «Жол азабын жүрген біледі» деген сөзді бекер айтпаған. Міне, сондай жанның бірі – 80 жастың сеңгіріне шыққан Төлеухасан Күнтаңатов. Ауыл мен қала арасын жалғап, Алматы – Бақанас бағытында жолаушыларды тасымалдап жүрген қарияны бұл маңайда танымайтын адам кемде-кем.
Төлеухасан ағаны көпшілік «Әткентай» деп атайды. Кейіпкеріміз 1941 жылы Қарой ауылында дүниеге келген. Туған жердің топырағына аунап, Нарын өзеніне шомылып өскен ол Үлгілі орта мектебінде білім алған. 1960-1963 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Бақанас ауылындағы көлік жүргізушілерін даярлайтын мектепте оқып, куәлігін алған соң, аудандық автобазада жүргізуші болып еңбек жолын бастаған. Кейіннен аудандық тұтынушылар одағына тауар тасушы болып ауысып, ол мекемеде де өзінің іскерлігін көрсете білген білікті маманды аң терісін қабылдау пунктіне тауар қабылдаушы етіп жіберген.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Төлеухасан Күнтаңатов жұмыс істеген мекеме жабылып қалуына байланысты аудан тұрғындарынан тері, жүн қабылдап, жеке кәсіппен айналысады. Ал зейнеткерлікке шыққан соң жолаушыларды тасымалдап, халыққа қызмет көрсетіп жүрген жайы бар.
Еңбексүйгіштігімен ел-жұртының алғысына бөленіп жүрген кейіпкеріміз 1964 жылы өмірлік қосағы Шәріпжамал Сымайылқызымен шаңырақ көтерді. Өмірге 2 ұл, 2 қыз әкеліп, оларды қатарынан қалдырмай өсіріп жеткізді.
Төлеухасан аға өзінен кейінгі жастарға үлгі-өнегесін көрсетіп, ақыл-кеңесін айтудан еш жалықпайды. Көпшілік ол кісінің сыпайылығы мен кеңпейілділігін үлгі тұтып, құрметтейді.
Кәсібін сүйіп, ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең асыл қасиеті. Адам шын еңбектенсе, қалаған мақсатына жетуге болады. Осындай еңбек етуден шаршамайтын адамдардың жүріп өткен жолы жайында естігенде «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абайдың даналық сөзі тіл ұшына орала береді.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы