Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылының тұрғыны Тұрахан Жүнісова апамыздың үйіне мерекеде құттықтап, әдейілей бардық. Біз келген тұста апамыз үй шаруасындағы келініне көмектесіп, зыр жүгіріп жүр екен. Сыртынан қарап, апамыздың тың әрі шапшаңдығына қуанып қалдық, 87 жаста деп айтпайсыз.
Амандасып болған соң апамызбен әңгіме тізгінін ағыттық. Ауылдың жайын, бүгінгі тіршілік атаулыны түгелдей қамтыдық. Ауылдастарының жайы, тіпті үлкенді-кішілі проблемалардың да басын қайырды. Ескі күндерді еске алды. Ол кездегі адамдар бүгінгідей асқан байлықтың иесі болмаса да пейілдерінің кең, көңілдерінің дархан болғанын айтты. Бір жапырақ нанын бөлісіп жейтін ақкөңіл жандарды сағынатынын жеткізді. Қазір туыс пен туыс, көрші мен көрші араласудан қалып бара жатқанына налыды. Ана ретінде бүгінгі жастардың небір білім бәйгелерінде озып, биіктерді бағындырып жатқанына қуанатынын да айтып өтті. Осының бәрін үйге келетін газеттерден оқып отырады екен. Біраз сұхбаттасқан соң әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып, апамыздың өзі жайында сұрадық.
1938 жылы дүниеге келген апамыздың балалық шағы Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылында өткен. Анасы 11 құрсақ көтеріп, содан тек інісі екеуі ғана аман қалған. Тұрахан апамыз 1952 жылы Сүмбе ауылына келін болып, босаға аттайды. Қосағы Нұрмұхан қария өмір бойы мал бағып, төрт түліктің жайын тапқан шаруа адамы еді. Тұрахан апамыз болса, жолдасының қас-қабағын бағып, ата-ененің де көңілін тауып, отбасы, ошақ қасының түтінін түтетіп, үй шаруасын шыр көбелек айналдырып, бар өмірін осы әулетке арнайды.
Үлкен мен кішінің батасын алып, ибалы келін, адал жар атанған Тұрахан апамыз өмірге 13 шарананы алып келеді. Бүлдіршін кезінде бір қызы шетінеп кетеді. 12 баланы өсіріп, олардың өмірден өз орындарын табуына ықпал еткен апамыз бүгінде немере, шөберенің бал күлкісіне масайрап отырған жайы бар. Осы балаларынан қырықтан астам немере, жиырмаға жуық шөбере сүйді. Бұл күнде ұлы Нұрдан мен келіні Гүлбостанның қолында. Бірақ арасында бірнеше айлап, әр баласының үйіне барып, аунап-қунап жатып, қыдырып қайтатыны да бар. Нұрдан ағамыз – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы. Сол жылдары саясаттың салқыны тиіп, оқудан да шығып қалған. Ауылға келіп, малмен айналысты. Содан бері қара шаңырақтың иесі. Анасының әр сөзін іліп алып, айтқанын екі етпей, мұнтаздай киіндіріп, жылы мен жұмсағын аузына тосып бағып отырған келін мен баланың көрегендігіне де риза болдық.
Апамыз әлі күнге үй шаруасынан қалмағанын айттық. Одан қала берді әлі күнге құрағын құрап, көрпесін де тігеді. «Алланың берген қуаты ғой. Атаң екеуміз өмір бойы мал соңында жүрдік. Осы балалар өссе, қолдарына дипломдарын алып, біз сияқты қараңғы болып қалмаса деген мақсатта еңбек еттік. Сол еңбегіміз ақталды. Бүгінде балаларымның бірі ұстаз, бірі кәсіпкер, бәрі де білікті мамандар. Бірақ олардың жетістігін отағасы көрмей кетті», – деп жарын еске алып, көңілі құлазып та қалды.
Осы тұста қабырғада ілулі тұрған ер-тұрманға көзіміз түсті. Ерекше. Күміс екенін бірден аңғардық. Апамыздан бұл ер-тұрманның неліктен төрде ілулі тұрғанын сұрадық. Апамыз орнынан ұшып тұрып, «Мынаны көрші, күмістен соғылған. Әкемнің өз қолымен жасаған дүниесі» деп ерекше бір лебізбен айтты.
Сүлеймен Сарбайұлы деген темірден түйін түйген шебер адам болған екен. Сол кездегі ұсталар іспетті Тұрахан апамыздың әкесі Сүлеймен де тұрмысқа қажетті дүниенің барлығын жасаған. Әрі ол кісінің жасаған дүниелері әсемдігімен көптің көңілінен шыққан екен. Апамның төсегінің басында тұрған ерді де 1950 жылы жасапты. Арнайы белгі де соғып қойған. 75 жыл бойы апамыздан ажырамаған ер-тұрман мен ат әбзелдері күні кеше жасалғандай кейіпте.
Бабаларымыз үйінен ұзатылған қызына жасауын да бірге жіберген. Сол жасаудың ішінде мінгізілген атына салынған ер-тұрман да бірге болған. Тұрахан апамызды да ұзатқанда атына дәл осы ер-тұрман салынып, ата-анасы батасын берген еді. Апамыз үшін өзінің артынан келген жасаудың да ерекшесі осы ат әбзелдері болыпты. Әрбір ою-өрнегі ерекше ыждаһаттылықпен жасалғаны көрініп тұр. Тіпті ердің алдыңғы жағындағы тастар да әдемілігін жоғалтпаған. Мал терісін әбден идіріп, иін қандырып, талқыдан шығарып, жасалған құйысқан мен өмілдірік те өмірліктей көрінеді. Әкесі мен інісінің қолынан шыққан бұл бұйымға құда түсіп сұраушылар да көп болған. Бірақ апамыз ешкімге бермеген. Тек ауданда музей болса, соған өткізер едім дейді. Бір ғасырға жуық тарихы бар ер-тұрман шынымен ерекше жәдігер болары анық.
Апамызбен әңгімеміз жарасып, ұзақ отырып қалыппыз. Қош айтысып қайттық. Жолай апамыздың жасы тоқсанды алқымдаса да әкесі туралы айтқан кездегі жүзінің нұрланғаны көз алдыма келді. Әкеге деген сағыныштың табы байқалды. Тоғыз қыз бен үш ұлды бағып-қағып, алтын құрсақты ана атанған Тұрахан апамыздың мейірімді жүзі мен өмірдің бейнеті қалдырған әдемі әжімдері де көз алдымызда көлбеңдеп тұрып қалды.
Анар ДүйсенбаЙқызы
Ұйғыр ауданы