Әрбір перзенттің қалыптасып, өмірлік жолын табуында ата-ананың орны зор. Әке-шеше балаға бағыт беруші, жол сілтеуші. Кейбір жандар ата-анасын айрықша үлгі тұтып, тіпті сол жолды жалғап жатады. Ана ізімен жүріп, мамандығын да жалғастырған қыздар қаншама?! Солардың бір парасын сөзге тартып, анасы туралы ізгі тілегін тыңдаған едік.
Әсем Айнақұлова,
әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сүйінбай атындағы облыстық филармония директорының орынбасары:
– Анам Ұлжан Айнақұлова – елімізге белгілі әнші. Бала кезден анамның қасында жүріп, сахна қасиетін сезініп өскендіктен, өнер мен үшін құдіретті саналды. Мектепте, жоғары оқу орнында оқып жүргенімде би билеп, ән айтып, сахнаға шығып жүрдім. Анам өнер жолын қуғанымды аса қалаған жоқ. «Өнер ешқайда қашпайды, қалаған уақытыңда келуіңе болады. Өзіңді басқа салада сынап көр» деді. Осылайша мен техникалық сала бойынша білім алдым. Алайда өнерден алшақ кете алмадым. Анам да оны түсініп, бастапқыда ән жаздырып, бейнебаян түсіруіме себепші болды. Қазір анам екеуміз бір ұжымда – Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында еңбек етеміз. Ол кісінің өмірлік тәжірибесі мол. Жастарға бағыт сілтеп отырады.
Әлбетте, кім болса да анасынан үлгі алады. Соның салған сара жолымен жүреді. Мен де өнерде өзіндік орны бар, жезтаңдай әнші Ұлжан Айнақұлованың қызы болғанымды биік мәртебе санаймын. Анамның үмітін ақтап, жаман ат келтірмеуге тырысып жүремін. Жұмысымды да бар жан-тәніммен атқарып, өнерде бекер жүрмегенімді дәлелдеп келемін. Қай істе де анам ақыл-кеңесін айтып, кем-кетігімді көрсетіп, жөн сілтейтін жан. Қуанышымда да, қиындығымда да жанымнан табылатын жалғыз адам. Сол үшін де айрықша қадірлеп, құрметтеймін. Мен үшін анамның орны тым биік. Ана салған жол – мен үшін ізгі жол. Ол – киелі сахна, қасиетті өнер жолы!
Әсем Бақытжанқызы,
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының инфекционист-дәрігері:
– Дәрігерлік – мен үшін әлемде теңдесі жоқ мамандық. Дерті меңдеп, ауырып келген адамға үміт сыйлап, емдеп жазып, қайта өмірге талпындыру – әрбір медицина саласы қызметкерінің міндеті. Менің осынау салаға құштарлығымды оятқан – анам. Педиатор-неонтолог болып жұмыс істейтін анам Нұргүл Әмірқұлова үнемі үйге сырқат тарихын жазатын карточкаларды алып келетін. Біз оны күнде кеште анам екеуміз толтыратын едік. Кейде анаммен бірге кезекшілікке баратынмын. Осындай сәттерді бала кезден көріп, бастан кешіріп өскендіктен бе, мектеп бітіре салысымен дәрігерлік мамандықты таңдадым. Анам оқыған Семей мемлекеттік медициналық университетінде білім алдым. Қазір де бір ұжымда еңбек етудеміз. Мен анамды үлгі тұтамын. Өйткені, менің өмірлік жолымның қалануына ұйытқы болып, әлі күнге дейін білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін айтып, қолдап келе жатқан жанашыр жан.
Әйгерім Шадаева,
Жамбыл ауданы Наурызбай Құтпанбетұлы атындағы орта мектептің мұғалімі:
– Менің анам кәсіптік жолымды таңдауымда үлкен рөл атқарды. Ол кісінің ұстаздық жұмысын бақылай отырып, бұл мамандықтың қаншалықты қажетті екенін сезіндім. Анам бала кезден менің бойыма тіл мен әдебиетке деген іңкәрлікті құя білді. Өз ойыңды жеткізудің және өзгелерді түсіне білудің маңыздылығын ұғындырды. Оның мамандығына деген адалдығы менің де осы саланы таңдап, тіл мен әдебиет пәні мұғалімі болуыма жол ашты. Мен анамның бойындағы барлық тамаша қасиеттермен мақтанамын. Еңбекқорлығы, адамдарға деген қамқорлығы, жанашырлығы, даналығы, өз пәніне, оқушыларына деген сүйіспеншілігі маған әрдайым үлгі-өнеге. Анам – әрдайым оқып, білімін жетілдіріп, ізденісте жүретін адам. Ол кісінің кітап оқуға деген құштарлығы да бала кезден бойыма осы дағдыны қалыптастырды. Тіл, әдебиет – менің рухани әлемім болса, мұғалімдік – өмірімнің маңызды бөлшегі. Сондықтан анамның жолын қуып, ұстаздық ұлы мұратқа жетуді өзіме мақсат санаймын. Бүгінде анам Әлия Тыныбаевамен бір мектепте еңбек етіп, тәлімгер ретінде де көп көмегін тигізіп жатуының өзі өміріме шамшырақ сынды. Анам – қолдаушым, қорғаушым. Ана жолын жалғағанымды бақытыма балаймын.
Ана жолын жалғаған қыздардың тілегі осылайша өрілді. Перзентіне күн шуағындай нұрын төгіп, болашағына берік негіз қалаған аналардың жөні қашанда бөлек, мәртебесі биік бола бермек.
Дайындаған – Алма Есенбай