Кімнен барып сұрайын?! Дүниенің қай қиырынан іздейін?! Қайда кеттің, қайда жүрсің, Аңсар бауырым?! Адам баласының дәл өзіңдей асылын ажал алмас деп ойлаушы едім. Бірақ олай болмай шықты. Мына дүниенің жалған және өткінші екендігін енді ұғындым. Сен дүние салды деп ызыңдап жеткен суық хабардан есеңгіреп те қалдым. Әлі де сол. Қашан болсын ағалап тұрар кісілік мінезіңмен, адалдығыңмен, жан тазалығыңмен, Аңсар Мұсаханов деген атыңмен жүректе мәңгілік жатталып қалдың!
Ар мен жан тазалығының өзін бақытқа баласақ, сол бақытты жанның бірі – жаны таза біздің Аңсар еді! Иә, кәдімгі Аңсар Мұсаханов! Осы бір байламды сөзді тегін айтып отырған жоқпыз. Өйткені адамшылығы суалып бара жатқан мына заманда әр адам баласының бойынан сол адамшылықтың жақсы да асыл қасиеттерінің іздерін таппай қиналамыз. Көңіл сусап жүрген сол асыл қасиеттерді осы Аңсар інімнің бойынан кезіктіріп, соған қуанатын едім.
Аңсар інімнің ең бір сүйсінерлік қасиеті сол, ол адамдарды жақындастыра білді және де жеке өз өнегесімен кісі сыйлауды да үйретті. Баяғыда жақсы адамның ізгі бір амалдарын көріп, үлкендеріміз «Ол тектінің ұрпағы ғой» деп риза болып, сүйсініп те отырушы еді. Сол бір тектіліктің тамырымен байланған Аңсар Тұрсынханұлының тұла бойындағы кісілік пен кішіліктің жөні бір басқа болатын. Асқақтап жүретіндей атағы мен абыройы да бар еді. Шалқайып отырарлықтай мансабы мен жан бағы да бар еді. Алайда сол бір дүние тіршілігінің талайғы бір жолдарымен жүріп келе жатқанында, қашан болсын арды ойлайтын, Аңсар азаматтың аузынан түспейтін «Әйтеуір ұят болмасыншы» деп айтып отыратын бірауыз сөзі бар-ды. Аңсардың осы бір «Ұят болмасыншы» дейтін бірауыз сөзінің өзі кез келген жанның ұятын түртіп оятар еді де, сол сәтте ар мен арлының нағыз әрі шынайы болмысын танушы едік. Алайда кей-кейде арлы болып өмір сүрудің де өзіндік ерекшеліктері, тіпті өз қиыншылықтары да жоқ емес, бар екен. Сол сәтте сабырына басып, бір күрсініп алатын да, өзінің кісілік келбетіне көлеңке түсірмей, ар жағалауымен жүріп кете беретін.
Бұл тектіге тән қасиет болса керек. Сол тектіліктің Қазыбек бек сынды тарихи тұлғадан тартар тамыры бар. Бегі мен билері де, батырлары мен ақын-жыраулары да сан ғасырлық тарих қойнауынан үн қатар талай бабаларының асыл қасиеттері жұғысты болып, «Қолдайды Жамбыл, Қарасай, дұрыс қойғанын қарашы-ай, Аңсар деп сұлу атыңды» деп ақын Есенқұл Жақыпбеков жырға қосқанындай, сол сұлу атынан бұрын сұлу жанымен ғұмыр кеше білген Аңсар Мұсаханов өз тіршілігінде абыройлы біраз биіктерге көтерілді.
Еңбек етуден және халқына қызмет жасаудың бойына біткен қасиетімен сонау 1989 жылы Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын ойдағыдай аяқтап келіп, Алматы облысының Күрті ауданындағы «КСРО-ның 60 жылдығы» кеңшарының бөлімше мал дәрігері болды. Сол жұмысының жалғасы мал шаруашылығы саласының бригадирі, шаруашылықтың бас мал дәрігері, мал-дәрігерлік станса меңгерушісі, ауыл әкімі, шаруашылық директоры сияқты кезеңдерге ұласты. Қызығарлық кезең. Және де сол кезеңдердің ауыл мен оның еңбекқор адамдарының ортасында өткендігін Аңсар өзінің бір академиясына, өмір академиясына балайтыны бар-ды. Қарапайым еңбек адамдарының да үйретер тағылымдары мол екендігіне мал баққан жандармен күні-түні бірге жүріп, бірге тұрған сол жылдары анық көзі жеткен де болатын. Бұл Аңсар сынды тәрбиелі ортадан шыққан азаматтың өмірлік ұстанымын, жалпы адам баласына, оның кез келген мүддесіне немқұрайды қарамауды үйретті.
Өмірдің осы бір басты сабағын өз тіршілігінде ешқашан жадынан шығарып көрген емес. Халқының қолдауымен, елінің алқалауымен әуелі Жамбыл, сонан соң Қарасай аудандарының әкімі болған кезеңдерінде де туған жерінің мерейін арттыруға, халқының жағдайын жақсартуға барын салды, адал еңбек етті. Адалын айтар болсақ, сол жауапкершіліктің бар жүгін нар болып көтере білген Аңсар Тұрсынханұлы осы егіз ауданның үлкен-кішісінің сыйы мен ыстық ілтипатына ие бола білді.
«Айналайын Аңсар ұлымыздың алтын басын өрге сүйрер адами қасиеті – кішіпейіл-көргенділігі. Алдына келген адамды хан ба, қара ма, бөліп-жармай, қашан да орнынан тұрып қарсы алады. Осы бір тегінен келген қасиетінен таймай, көсегесі көгере, керегесі кеңейе берсін деген ақ тілектеміз», – деген ықыласты сөзді қаламгер, ардагер-ұстаз Ақлима Көсемованың өз кітабынан ойып алдық осы жолы. Ақлима апамыздың бұл бірауыз пікірінде тұтас бір елдің Аңсарға деген аңсарлы көңілі жатқандай. Және де көргенділігі бар екендігін де орынды айтады. Көргенді де текті боларлығы Аңсардың ата тегі жағынан да, ана тегі жағынан осал түспейтіні бар. Баба тамыры Асылдан тараған Әжікеден соғар, одан кейінгі кешегі кеңестік кезеңнің отыз сегізінші жылы жалған жаламен атылып кеткен Ораз Жандосов сынды қазақтың біртуар перзентімен тектес болып келер Аңсардың әкесі Тұрсынхан Жортақұлының да кемелділігі бір басқа.
Тұлғасының өзіне көз тояр Тұрсынхан ағамыздың да тұла бойындағы бір ірілікті бірден аңдар едіңіз. Бекзат болмысты Тұрағамыз да жоғары білімді маман ретінде өз кезінде түрлі шаруашылықтарда абыройлы қызметтер атқарды. Ал әлі де болса өзінің жүріс-тұрысынан да, сөйлеген сөзінен де, мінезінен де әлдебір аристократтық, былайша айтқанда, ақсүйектік қасиет бірден байқалар Аңсардың анасы марқұм Клара Баймұхамбетқызы ұзақ жыл ұстаздық еткен жан еді.
Жасынан елінің назарына ілінген Аңсар Тұрсынханұлы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы, мұнан кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған кездерінде де сол өзіне тән көркем мінезінен айныған жоқ. Мемлекеттік инспектор болып жүрген кезінде көп тәжірибе жинақтады, өңірлерге іссапарға бара жүріп, көңіліне көп жайды түйді. Ол өзінің тағы да сол кішілік қалпымен өзінен жасы үлкендерге де, жасы кішілерге де өнеге бола білді.
2011 жылдың 13 сәуірінде Аңсар Мұсаханов Алматы облысының әкімі болып тағайындалып, үлкен бір сенім жүгін арқалады. Ең басты әрі абыройлы міндеті елінің сенімін ақтау екендігін ұғынған-ды. Әкім болып тағайындалғаннан кейін тура бір жұмадан кейін Аңсар Тұрсынханұлының облыс орталығы Талдықорған қаласында Алматыда шоғырланған барлық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырып, қаламгерлермен кездесу өткізген де болатын. Сол жайында сол кезде «Жас қазақ үні» атты газетте басылған мақала көзімізге түсіп еді. «Әңгіме еркін тақырыпта өрбіді. Облыс әкімі өз сөзінде айтқандай, аз сөйлеп, көп істеуге айрықша көңіл бөледі екен. Жұртты сөйлетіп, өзі тыңдаумен болды. «Жемісті ағаш иіліп тұрады» дегендей, облыс әкімінің қаламгер қауымына ғана емес, барша үлкен-кіші өз тұрғындарына жасап жатқан алғашқы ілтипатын көріп, әкімнің атын ғана емес, затын да танығандай болдық. Тау ұлынан таудай үміт күтетінімізді білдіріп аттандық», – деген шағын мақала жолдарын оқып, сол тау ұлының ел сенімін ақтай білгендігін айтар едік.
Қашан болсын ел үлкендерінің ыстық ықыласына бөленіп жүрер Аңсар Тұрсынханұлының көшелі істері жайлы әлі күнге шейін жақсы әңгімелер көп айтылады. Бұл да ер мерейі болса керек-ті. Басшылары ауысып және де жалғасып жатар тіршіліктің өткен кезеңдеріне көлеңке түсіруден бойын аулақ сақтар қасиетімен ол өзінен де өзгелерді дәріптеп, өзгелердің өнегелі істері мен ұлағатты сөздерін көбірек айтар еді. Ел ішіндегі небір абзал адамдар мен асыл азаматтар жайлы Аңсар айтар әңгіменің өзінде ұлағат бар. Сол бір асыл қасиетіне сүйсінер едіңіз. Бұл – жан тазалығының белгісі. Әкенің қасиетімен, ананың сүтімен даритын осы бір ізгіліктің Аңсар жүрегінің жұмсақтығы мен жанының мейірімді жылуынан да, арлы бойынан да, намысшыл да асқақ рухынан да аңғарылып тұрар еді. Ал адам баласының жұмсақ жүрегі мен мейірімді де жылы жаны махаббаттың мекені болса керек-ті. Осы арада Абай хакімнің «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаділет, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі» дегені ойға оралады.
Ел мен жерді сүюдің және туған жерге адал қызмет жасаудың шексіз өнегесі мен үлгісі бар ғой деп те ойлаймыз. Мына бір жайды айта кетуді жөн санадық. Алматы облысы әкімі болып қызмет атқарған жылдары Аңсар Мұсахановтың тікелей бастамасымен Жетісу, Алматы өңірінің жер бетінде қайталанбас табиғатының тамаша көріністері бейнеленген бірнеше фотоальбом кітаптарын шығаруы сүйсінерлік іс еді. Сол кітаптар қолына тиген әр адам қасиетті қазақ жерінің құдіретін анық сезінер еді де, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Жетісу жауһарлары», «Жетісу Алатауы», «Шарын», «Алтын Емел», «Іле өзені», «Алматы облысының шөл даласы», «Алакөл», «Алматы облысы. Самғау биіктен», «Таңбалы» атты бейнелі кітаптар арқылы өз туған өлкесінің тауы мен тасын да, өзені мен көлін де, шатқалы мен шыңын да, әр сабақ гүлі мен әр тал-бұтасын да әспеттеп, тұтас бір жаратылыстың табиғат аясындағы бүкіл бір тіршілік әлеміне ғашық бола түсерің де бар. Ел мен жерді қастерлеудің де, туған топырақтың қасиетін танудың да тамаша үлгісі бұл! Қазіргі күні туған жердің, соның ішінде ақындар мен батырлар елінің құдіретін асқақтатудың бір тамаша үлгісін осы Жетісу өңірінің бұрынғы басшылары қазақтың біртуар азаматтары Серік Үмбетов пен осы Аңсар Мұсаханов салса, енді солардан қалған бір тамаша үрдіс одан әрі өз жалғасын таба берсе екен дейміз. Тот баспаған таза жүрегінің өз үнімен ғұмыр кешу өмірлік ұстанымы болған Аңсар Мұсаханов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде өзінің ел алдындағы міндетін де абыройлы атқара білді. Елі мен халқына адал қызмет жасауды басты мұраты санаған ол Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі бола жүріп, аграрлық саладағы жоспарлы саясатты жүзеге асыруға адал қызмет етті.
Талай азаматтарды білдік, талай азаматтармен бірге жүрдік. Әрқайсысы бір төбе! Адамдықтың сол бір биік төбесінен адамдықтың асқар шыңына өрмелеп бара жатқандары да бар. Адамдарды жақындастыра да білер, кісі сыйлауды да үйрете алар адамгершілік асыл қасиетімен сол адамдықтың тағы бір асқар биігіне көтеріліп бара жатқандардың бірі де, бірегейі де, көркем мінездінің келістісі де Аңсар Мұсаханов еді! Ол да жоқ енді! Мына жалған дүниені тастап кеткелі де қырық күн. Жатқан жерің жарық болсын, аңсарлы дүниенің Аңсары!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі
ТЕКТІДЕН ТЕКТІ ТУАДЫ
Табиғаттың тылсым құпиялары мен генетика заңын ешқандай академиясыз-ақ болжап-білген дала перзенттері тектіліктің тамыры қайда жатқанын да жаңылмай танығаны тарихтан белгілі. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп жалғыз ауыз сөзбен ұрпағының болашағын болжап кеткенін де жадымыздан шығара қойған жоқпыз. Біздің бүгінгі аз ғана баянымызға арқау болып отырған Аңсар Тұрсынханұлы – күні кеше ғана дүниеден өткен атпал азаматымыз, міне, осындай тектілердің сойынан еді-ау.
Адам туған жердің табиғатына тартып өседі деген де тәмсіл бар. Шыңдары бұлттармен тілдескен Алатаудың баурайында дүниеге келген адамның асқақ, өршіл, таудан аққан тас тұмалардан нәр алған жанның мөлдір де таза болмауға хақысы жоқтай көрінеді. Ал ұлтымыздың ұлы жыршысы Бұқар жырау адам жаратылысы туралы не деп еді?! «Таудан аққан тас тұма, тасыса құяр теңізге. Қанша малды болса да, бай қуанар егізге. Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да, тартпай қоймас негізге!» – деп осы мөлдірлікті тілге тиек етті емес пе? Осындайда жоғары білім алғаннан кейін жас маман ретінде еліміздің ауыл шаруашылығын өркендетуге тер төгіп, кейіннен кеңшардағы партия ұйымының хатшысы, ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарған Тұрсынхан мен саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Клара сынды тектілерден тәлім алған Аңсардың мақсат-мұраты асқақ болмағанда қайтпек?! Онымен қоса бала кезінен көкірегі ояу, зердесі зейінді атасы Мұсахан Саманбаевтың тәлімін алып, батагөй қарияның өнегелі сөздерін естіген Аңсар сол қариялардан ескен жылылық пен көнеден жеткен ұлағатты бойына сіңірмеді дейсіз бе?! Отан соғысынан жеңіспен оралып, қалған ғұмырын еңбекпен өткізген ақсақал бір отбасының ғана емес, бүкіл ауылдың берекесі мен ынтымағы болған еді дейді білетіндер.
Орта мектепті Айдарлы ауылында тәмамдаған Аңсар сол кездегі қалыптасқан дәстүр бойынша оқуға түсіп, мамандық меңгеруді мақсат еткен. Ол кезде дүниенің бәрі партияның саясатына келіп тірелетін-ді. Бұл Қазақстанда қойдың санын 50 миллионға жеткіземіз деп ұрандатып жүрген кез болатын. Аңсар да осы жоғары міндетті жүзеге асыруға өз үлесін қосам деген ниетпен Алматыдағы зооветеринарлық институтқа құжаттарын тапсырып, ветеринар мамандығын меңгеріп шығады. Оқуымен бірге әскери кафедрада қосымша білім алып, запастағы офицер шенін алғаны тағы бар.
Студенттік кездердің қызықты күндері 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен көмескіленіп, өзі құралыптас жастармен бірге алаңға шығады. Алайда сол кездегі жаппай қудалаудан аман қалып, 1989 жылы институтты сәтті аяқтайды. Иә, Солтүстік Қазақстан облысының Красноармеец ауданы, Кантемировск ауылының тумасы, өмірлік жары Анармен де осы студенттік жылдары танысқан. Алғашқы білістік үлкен сезімге ұласып, оқу бітірер жылы шаңырақ құрып, үлкен өмірге қол ұстасып аттанады.
Жас маман жолдама бойынша сол кездегі Күрті ауданының шаруашылығына жолдамамен келіп, мамандығы бойынша еңбек ете бастайды. Алдымен бөлімшеде ветеринар болып еңбек етіп, шыңдала келе қызметі де жоғарылай бастаған. Білімді де білікті маман алдымен Күрті кеңшарының бас ветеринары, кейіннен шаруашылық директорының орынбасары қызметін абыройлы атқарады. Аңсар Тұрсынханұлының қабілет-қарымын аңғарған билік оған жауапты қызметтерді сеніп тапсыра бастаған. Осылайша іргелес орналасқан Ақсеңгір қой шаруашылығының директоры, Ауылшаруашылық министрлігіне қарасты Қарасай аудандық аумақтық басқармасының басшысы қызметтері де оның қолайына келіп, жақсы жетістіктерімен ел құрметіне бөленеді.
Білімін одан әрі жетілдіре түсуді мақсат еткен Аңсар Мұсаханов осы жылдары Қазақ ауылшаруашылығы институтының экономика факультетіне түсіп, ғылым жолын жалғастырған. Соның нәтижесінде алғыр маман ауыл шаруашылығы саласы бойынша ғылым кандидаты дәрежесін қорғап шығады. Бұл оның өз жұмысына жаңа серпін, тың жігер бергені анық.
Еңбек етсең, бақ та басын иетіні ақиқат. Шаруашылық жұмысында табыстарға жетіп, өзін көрсете білген маманды өзгелер де байқаған сыңайлы. Осылайша Аңсар Тұрсынханұлы алдымен Іле ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, мемлекеттік қызметте де өзін сынап көрген. Жас азаматтың іскерлігі мен ұмтылысы жақсы бағаланып, алдымен Жамбыл, кейіннен Қарасай ауданының әкімі болып тағайындалатыны да осы кез. Бұл Аңсар үшін іздену мен елге қызмет жасау жылдары болды десек қателеспейміз. Енді оны бұдан да биік сынақтар күтіп тұрған. Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының кеңсесінде инспектор болып еңбек еткен жылдар да өз жемісін бермей қалған жоқ. Республика деңгейінде жұмыс атқару оның көкжиегін де, тәжірибесін де белгілі бір деңгейге көтерген. Міне, осындай мектептерден сүрінбей өткен Аңсар Мұсаханов 2010 жылы Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымына келіп, көп кешікпей халық саны мен жер көлемі, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жағынан алдыңғы қатардан көрінетін Алматы облысының әкімі қызметіне жоғарылады.
Алыптар мен асылдар мекендеген өлкені басқару – айтуға ғана оңай. Мұнда өзіңнің осы қызметке лайық екеніңді дәлелдеу үшін уақытпен санаспай еңбек етіп, халықтың көңілінен шығу да аса маңызды. Аңсар Тұрсынханұлы осы сенім үддесінен шыға білді десек, қателесе қоймаспыз. Оған бір-екі дәлел келтіре кетудің еш әбестігі жоқ. Ауыл тұрмысын ішінен білетін өлке басшысын елдімекендердегі тәртіп пен реттілікті қалыптастырып, бұзақылық пен қылмысты құрықтау мәселесі көптен бері толғантып жүретін. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін ол ауылдарда полицияның учаскелік инспекторының жұмысын жақсартуға мүмкіндік беретін қадамдарға барған. Атап айтқанда, тұратын үйі болмағандықтан, қатынап жұмыс жасайтын инспекторларға арнап үй салып, ғимараттың екінші басына тірек пунктін орналастыру арқылы маман тапшылығын шешуге мүмкіндік жасады. Бұл бастама кейіннен республика көлемінде қолға алынғаны Аңсардың шешімі дұрыс болғанын тағы бір айғақтай түседі.
Алатаудың асқар шыңдары мен сай-саласынан сылдырап аққан бұлақтар етекке жете асау өзендерге айналып, қарт Балқашқа нәр беріп жатқанына қанша уақыт?! Алайда осы жеті өзеннің өзі жылдар өте саяздап, теңіз суының азаюына, жағасының таяздауына себеп болғандай. Бүйте берсе Балқаштың да Арал тағдырын тартпасына кім кепіл?! Осыны ойлаған өлке басшысы жеті өзеннің ірісі – Іленің аңғарын тазарту қажеттігіне көз жеткізеді. Сумен бірге ағатын батпақ пен лайдан аршып, судың көлге құюына мүмкіндік жасау кезек күттірмейтін шаруа болғандықтан қазынадан қаржы бөлгізіп, жұмыстың шұғыл басталуына себепші болған да өзі еді. Жалпы, Алматы облысының индустриалды-инновациялық өлкеге айналуына Аңсар Мұсахановтың қосқан үлесі қомақты екенін айта кетуге тиістіміз. Міне, осындай жақсы бастамаларымен ел алғысына бөленген ол 2014 жылы Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты болып сайланып, Астанаға қоныс аударады. Бұл жерде де елдің жайын жақсы білетін халық қалаулысы өлкеміздің дамуына үлес қосатын бастамалардың басында тұрды.
Жазмышқа не шара, бар-жоғы 59 жасында атпал азамат өмірмен қоштасып, кете барды. Жасаған жұмысы мен сіңірген еңбегі үшін халықтың алғысын арқалаған Аңсар Тұрсынханұлының асыл бейнесі ел жадында мәңгілік сақталады. Жатқан жері жайлы, рухы пейіште шалқысын дейміз.
Қуат Қайранбаев
КЕҢ МІНЕЗДІ, КӨРКЕМ ОЙЛЫ
Уай, дүние-ай! Жалған дүние-ай! Алатау, Жетісу дейтін жаннат аймақтың қалың еліне ғана емес, қазақ дейтін қабырғалы қара орман халықтың санасына соңғы ширек ғасыр ішінде қайраткер тұлға, елгезек басшы, адал, ақжүрек азамат болып бекіген, ұлтымыздың үлкенді сыйлау, кішіге үлгі болу дейтін өрісі кең, өнегелі үлгісін бойына мол дарытқан аяулы бауырымыздың қазасын естігенде қабырғам қайысты, қайғыға баттым.
Аты да Аңсар, өзі де Аңсар, өзгеше бітімді азамат еді! Қандай жерде, қандай ортада болсын, жүзінен нұр шашып, ағалап алдымыздан шығатын, әкімдігін ұмытып, атыңның басын ұстайтын, інілік ізетінен жаңылмайтын қайран бауырым-ай! Жүрегіңнің жомарттығы мен жаныңның тазалығын танытып, бойыңа жарасып, қатар қонған кісілік пен кішілігіңе көз де, көңіл де тоюшы еді.
Сен өз қатарыңның ішіндегі арғы дәуір мен бергі дәуірдің арасына құрмет пен сыйластықтың ғажайып көпірін орнықтыруға ұмтылып жүретін сиректеріміздің бірі, бірегейі болатынсың. Жол көрген, жөн білетін, елтану мен жертанудың мектебі қалыптасқан қасиетінен айналайын ұлы Сүйекең мен ұлы Жәкеңнің топырағынан өніп-өскен кең мінезді, көркем ойлы бауырым! Барар жерің баянды жұмақтың төрінен болсын! Рухың пейіште шалқысын! Артыңа Алла амандық берсін! Еліміз бүтін болсын!
Бақұл бол! Қош, бауырым!
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
мемлекет және қоғам қайраткері