Бұл мақала жазылмас па еді, кім білсін, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еңбекшіқазақтық Анарбек Бердібаев мырзаның Алматы облыстық «Алатау арайы» газетіне таяуда ғана «Ардагерлерге газет қажет пе?» деген мақаласы (№9, 25 қаңтар, 2025 жыл) шықпаса?! Демократия лебі Алматы облысында сезілетіні рас болса әрі «Газет – миллиондардың мінбері» деген тәмсіл шындыққа сәйкес келсе, біз де Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің тұрақты оқырманы ретінде мақала авторына айтар дүниемізді осы басылым арқылы жолдап отырмыз.
Сонымен, әлқиссамызды бастайық. А.Бердібаев мырза дұрыс айтады, ақпараттық ағынның толастамай тұрған кезінде хабарды тез жеткізетін әлеуметтік желінің алдыңғы қатарға шыққанын мойындауымыз керек. Алайда бұл дәстүрлі басылымның дәурені кетті деген сөз емес. Оған автор алыс-жақын шетелдердегі дәстүрлі басылымдарды мысалға келтіреді. Дәстүрлі басылым саналған газеттің елмен бірге жасай беретінін тілге тиек етеді. Дұрыс-ақ. Мақалаға ары қарай көз жүгіртсек, одан ұққан тобықтай түйініміз сол, автор ойы «Облыстық «Алатау арайы» газеті ардагерлер туралы жазып жатыр, сол жетеді, бізбен қосарланып, бәйгеге түскен аттай енді үй ішінен үй тігіп, «Алатау ардагері» деген жеке-дара газет ашқаны қалай?» дегенге келеді. Автор шамасы терезе сыртында кешегі бір-екі ғана газеті бар социалистік заман емес, нарық заманы екенін естен шығарғандай.
Базарға барсаңыздар, бір затты сатып жатқан бірнеше дүңгіршекті көресіз. Сонда бір дүңгіршектің сатушысы «Осы затты мен ғана сатамын, қалғандарың сатпаңдар» дегенін қалай қабылдайық? «Алатау арайында» ардагерлер туралы қосымша бет шығатынын жақсы білеміз. Онда ардагерлер туралы ғана емес, денсаулық, білім, экономика, заң туралы да бірнеше арнайы бет шығып жатады. Ертең бір азамат шығып, медициналық, болмаса білім әлемі төңірегінде газет шығарам десе, автор «Алатау арайы» жазып жатыр, сендердің салалық газет шығарам дегендерің бекер» деуі керек пе? Олай деуі нарықтың заңды жолына, адамдық этикаға сай ма?
Осы орайда республика көлемінде ардагерлердің төл газеті бар алғашқы облыс екеніміз үлкен басқосуда ерекше аталып өтіп, басқаларға үлгі болып, қолдау тауып, бұл күндері басқа облыстарда да осы аттас газет шығару ісі қолға алынып жатқанын баса айтқымыз келеді. «Елімізде әр облыс, аудандардың тыныс-тіршілігін шынайы жеткізетін газеттердің оқырмандары азайып бара жатқанда, басқа салалық, арнайы газеттер шығару «бүйректен сирақ шығару» емес пе? Мәселен, Алматы облыстық қоғамдық-саяси газеті деп айдар таққан «Алатау ардагері» атты басылымды тек ардагерлердің өздерінен басқа кім оқиды? Бұл ардагерлерді халықтан бөліп тастау болмай ма?» – дейді Анарбек Бердібаев одан әрі.
Біз, керісінше, өркениетті елдерде бұқаралық ақпарат қүралдарының көп болғаны дұрыс деп айтар едік. Ал оқырман өзіне қажетті дүниені қай газеттен тапса, сол газетті жаздыртып алса, оған ешкім кедергі емес. Автор айтқандай, «Алатау ардагері» газетінің аудиториясы негізінен ардагерлер болғандықтан, соларға арналғандықтан біздің газетті ардагерлер оқымағанда кім оқуы керек?
Облыстық «Алатау арайы» газетінің көтеретін мәселесі түрлі саланы қамтиды. Әр саланың өзіне тән көтерер жүгі ауыр, оны мойындауымыз керек. Облыстық газет бетіндегі салалық қосымша беттер аздық етуі мүмкін. Ол қосымшаларда ардагерлердің төл газеті секілді тақырыптарды кеңінен ашып көрсету де қиындық тудырады. Облыстық газетке басқа салаларды да қамту керек болғандықтан ондай мүмкіндік жоқ екені де анық. Ал «Алатау ардагері» газеті айына төрт-бес рет шығып, өз аудиториясына кем дегенде 20-25 беттік материал ұсынады.
Енді онда жұмыс істейтін қаламгерлерге келейік. Онда үш адам істей ме, жоқ «Алатау арайы» газеті секілді отыз адам істей ме, мәселе онда емес. Мәселе түпкі нәтижеде. Қанша адам істесе де, ол газеттің ішкі «асханасы». Әрі ондағы жарияланып жатқан материалдар ешқайдан «жиендік» жасалып келіп жатқан дүние емес. Газет қызметкерлерінің маңдай терімен және штаттан тыс қоғамдық тілшілердің жіберген материалдары негізінде шығып жатыр. Олар кімдер дегенге келсек, автордың көзін жеткізу мақсатында артық болмас, мақаламызда тізе кетейік. Қарасай ауданынан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қанат Тәкебаев, Қонаев қаласынан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Зарыққан Есілбаев, Еңбекшіқазақ ауданынан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әбілбек Айтақынов, Ұйғыр ауданынан Рая Сартолова, Жамбыл ауданынан Күмісжан Пармашқызы, Іле ауданынан Төрткен Кененова мен Дәулетбай Жамалбеков, Балқаш ауданынан Бақтығали Дәуітбаев, Райымбек, Кеген аудандарынан Гүлбақыт Сағымбекова, тағы басқа айта берсек көп азамат газет редакциясымен бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, облыс көлеміндегі аудандық ардагерлер ұйымдары төрағаларының, «Асыл ана», «Алатау жастары» ұйымдарының аудандық филиал жетекшілерінің мақалалары үзбей беріліп тұрады. Осыдан басқа келісімшарт негізінде облысымыздың әр аймағында тілшілеріміз жұмыс істейді.
Газеттің өз басынан басқа әлеуметтік желісі де бар. Онда да штаттағы өкілдер жұмыс істеп отыр. Осы газетке тиесілі www.ardageruni.kz сайты, «Vkontakte», «Facebook», «Telegram» әлеуметтік желілерінде 7 аккаунт жұмыс істеп тұр. Онда 98204 адам жазылған. Мұны аз аудитория деп санамаймыз.
«Баспасөзге жазылу кезінде ауданның, ауылдың ардагерлер алқасының басшылары жергілікті газеттерге бәсекелес болып, «атқа мініп», жарнамалаулары ерсі емес пе?! Қарттарымыз өз отауынан бөлініп, қарттар баспасөзін «паналауы» дәстүрімізге де жат емес пе?» – дейді Анарбек мырза. Біз қарттарымыздың өз газетін «паналауы» ерсі емес деп айтар едік. Оған қуануымыз керек. Қазір нарық заманы. Кім не ашам дейді, кім не оқимын дейді, оның өз еркі. Автор айтып отырғандай, «Алатау арайы» облыстағы ресми жалғыз газет болса, «Алатау ардагері» өңірдегі ардагерлердің ресми жалғыз басылымы десек, қателеспейміз. «Алатау арайы» газеті секілді бұл басылым да Ақпарат министрлігінде тіркелген, арнайы куәлік берілген. Авторға айтарымыз, біз де ақпарат құралдарының айдынында жүзуге толық құқығымыз бар.
Сөзіміздің соңында мақала авторы мен облыстық «Алатау арайы» газетіне үлкен шығармашылық табыс тілеймін. Оқырмандары көбейсін! Ардагерлер туралы шығарып жатқан қосымшаларының ғұмыры ұзақ бола берсін. Олар туралы қос газет жарысып жазып жатса, артықтық етпейді. Ардагерлерден алып жатқан батамыз «арайлықтарға» да жұғысты болсын. Аудитория, ардагерлердің ақпарат айдыны екі газетке де жетеді.
Алтынбай СИҚЫМБЕК,
Алматы облыстық «Алатау ардагері» газетінің арнаулы тілшісі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі