Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының клубында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаменті мен «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ұлы Жеңіс сабақтары: тарихи жады, патриотизм және қазіргі заман сын-қатерлері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Басқосуға соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, «Генералдар кеңесі», «Застава тарландары» қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері, ҚР Президенті архивінің өкілдері, Ұлттық ғылым Академиясының ғалымдары, ҰҚК Шекара қызметі Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, жоғары оқу орындарының, колледждердің магистранттары мен докторанттары, мектеп оқушылары қатысты.
Конференцияны ашып, жүргізіп отырған ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Әлібек Каюпов жиылған жұртшылықты Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, мәртебелі меймандармен таныстырды.
Алғашқы болып сөз алған соғыс ардагері, жасы жүзге келген Михаил Иванович Уколов адамзатқа ажал сепкен Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабына тоқталып, болашақта мұндай қанды қырғынға жол бермеу керектігін баса айтты. Майдангер елімізге тыныш заман мен бейбіт аспан тіледі.
Осыдан кейін «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумының төрағасы, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков, Әскери-тарихи музейдің жетекшісі Алуа Байқадамова-Панфилова, ҰҚК Шекара академиясының бастығы, генерал-мойор Павел Поливанов, ҰҚК академиясы бастығының орынбасары, полковник Ерлан Оспанов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бас ғылыми қызметкері Рамазан Бекбол мінберге көтеріліп, шараға қатысушыларды әлем халқы үшін тым қымбатқа түскен алапат соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуымен құттықтап, келер ұрпақтың мұндай зұлматты басынан кешірмеуі үшін не істеу керектігі жайлы ойларын ортаға салды.
Алқалы басқосудың екінші бөлімінде Ұлы Отан соғысының зардаптары, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жолдары және тәуелсіз Қазақстанның тарихын оқытудағы өзекті мәселелер жан-жақты сөз болды. Атап айтқанда, жазушы-тарихшы Найля Такишбаева «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы: ғылыми зерттеу мен қоғамда насихаттау мәселелері» тақырыбында, ҰҚК Шекара академиясының профессоры, әскери ғылымдарының докторы, запастағы полковник Досай Абраимов «Ешкім де, ештеңе де ұмытылған жоқ! Тарихи деректер мен шынайы өмір» тақырыбында баяндама жасап, ҰҚК Шекара академиясының бастығы, генерал-майор Павел Поливановпен бірге шара қонақтарына өздері шығарған «Ұлы дала тарихы. Ұлы мәдениет тарихы» атты кітаптарды табыс етті.
Конференцияда ҰҚК академиясының доценті Алма Оразбаева «Соғыс жағдайындағы адам ресурсы: гастарбайтерлер мен еңбек армиясы соғыс экономикасының құралы ретінде», С. Асфендияров атындағы медицина университетінің студенті Балнұр Махмұт «Қаршадай қыздың қажымас қайраты» деген тақырыпты терең талдады. Бүкіл жер шарын шарпып, бұрын-соңды болмаған адам шығынын әкелген, адамзатқа қайғы-қасірет сепкен соғыстың зардабы, қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесі мен майдан мен тылдағы теңдессіз ерлігі жайында айтылған тұжырымдар көптің көңілінен шығып, аса ыждахаттылықпен тыңдалғанын айта кету керек.
Шара соңында конференция қорытындыланып, арнайы дайындалған резолюция жұртшылық назарына ұсылды.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы