Облыс әкімдігінде көктемгі егіс науқанына дайындық мәселелері талқыланған келелі жиын өтті. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Еркінбек Дәуітқұлов және аудан әкімдері қатысты. Әкімдіктегі шара ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары дайындаған баяндамамен басталып, одан ары өңір әкімдерінің егіс жұмыстарына әзірлік барысы туралы есептерімен жалғасты.
Қолдау жалғасады
Биыл жоспар бойынша облыста барлығы 427,7 мың га аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі, бұл 2024 жылғыдан (423,9 мың га) 3,8 мың гектарға артық екенін атап өткен жөн. Әдеттегідей биыл да облыста егілетін дақылдардың көбін мал азығына қажетті дақылдар (205,7 га) мен дәнді және дәнді бұршақты дақылдар құрайды. Сонымен қатар 52,6 мың га алқапқа жүгері, 21,1 га алқапқа майлы дақыл, 14 мың га алқапқа көкөніс, 10,4 мың га алқапқа картоп егу жоспарланып отыр. Биыл мал азығына қажетті дақылдар, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар мен жүгері егілетін егіс алқаптарының көлемі бірнеше мың гектарға ұлғайса, майлы дақылдар мен көкөніске арналған егістік көлемі азаймақ. Егіс көлемі азайтылатын аудандар қатарында Балқаш (0,5 мың га) пен Іле (1,7 мың га) бар.
Биыл егін науқанына 63 мың тонна тұқым дайындалған. Облыста биыл егіс алқаптарында 60,8 мың тонна минералды тыңайтқыш пайдаланылады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12 мың тоннаға артық. Аудандарда биыл 131,3 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдерін сақтауға арналған 80 қойма жұмыс істейді. Оның 29-ы 57,1 мың тонна көкөніс сақтауға арналса, 30-ы 47,8 мың тонна жеміс сақтауға, өзге 21-і 26,3 мың тонна картоп сақтауға арналған қойма.
Ауылшаруашылық өндірушілеріне мемлекеттен қолдау биыл да жалғасын тауып отыр. Атап айтсақ, көктемгі егіс науқанына диқандарға жеңілдікпен литрі 250 теңгеден 4650 дизель отыны бөлінген. Былтыр 5,6 млрд теңгеге 437 ауылшаруашылық техникасы сатып алынса, биыл жаңа 665 техника сатып алу жоспарланған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарына 15,7 млрд теңге несие бөлінді. Мұның сыртында өсімдік шаруашылығы саласын қолдауға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге субсидия берілмек.
Науқан қалай өтеді?
Алқалы жиында аудан әкімдері өздері басқаратын өңірдегі егістік жұмыстарына дайындық барысы туралы қысқаша есеп берді. Кейбір ауданда биыл егістік көлемі ұлғайса, кейбір өңірде ол жоспар бойынша немесе белгілі себептерге байланысты қысқартылмақ. Мәселен, биыл Балқаш ауданында 28 724 га жерге егіс егу көзделген. Егіске түсетін дақылдар арасында күріш, арпа-бидай, мал азығына арналған дақылдар басым. Ауданға егіс науқанына 454 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, 56 жаңа техника алу жоспарланған.
Еңбекшіқазақ ауданында биыл 78 444 га алқапқа дән егу жоспарланып отыр. Диқандар егістікке қажет тұқым және тыңайтқышпен толық қамтылған. Шаруаларға қажет 14 820 тонна минералды тыңайтқыш алынып, «Кең дала» бағдарламасымен 828,5 млн теңге несиеге өтініш берілді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде ауыл шаруашылығы техникаларының жай-күйі маңызды рөл атқарады. Дала жұмыстарын тиімді жүргізу үшін аудандағы 4155 ауыл шаруашылық техникасының 98 пайызы сақадай-сай.
Іле ауданында 2025 жылы 58,7 мың га ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның 4,5 мың гектарына қосымша су үнемдеу технологиялары енгізілмек. Аудан диқандары жүгері, майлы дақылдар, картоп тұқымдарымен қажетті көлемде әзірге толық қамтылған. Шаруа қожалықтары биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажет деп 932 тонна дизель отынына өтініш берген.
Талғар ауданында да биыл 19 480 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Оның 10285 гектары дәнді дақыл болса, 35040 гектары мал азығына бағытталған, қалғаны – көкөніс, картоп, бақша дақылдары. Аудан басшысының сөзіне сенсек, егіс алқаптарында жұмыс атқаруға 1922 ауылшаруашылық техникасы сақадай-сай тұр. Сонымен қатар, биыл 240 шақырымды құрайтын 48 шаруашылық және магистралдық суару желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл жоспар жүзеге асса, 3 мың га суармалы жер қалпына келтірілмек.
Алқап көлемі ұлғайды
Облыста егіс алқабын ұлғайту көзделіп отырған аудандардың бірі – Жамбыл ауданы. Биыл мұнда 106,2 мың га жерге соқа түседі деп жоспарланып отыр. Егіс алқаптарының басым бөлігін дәнді дақылдар (50 481 га) мен мал азығы дақылдары (47 334) құрайды. Аудандағы 22,7 мың га суармалы жердің 8 мың гектарында жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісі қолданылады.
Қарасай ауданында биыл себілетін егістіктің жалпы көлемі 30,3 мың га құрайды, оның ішінде дәнді дақылдар – 10,8 мың га, майлы дақылдар – 835 га, көкөніс – 2,8 мың га, мал азықтық дақылдар – 12,0 мың га. Аудан бойынша 991 арнайы техниканың дайындығы 95 пайызды құрайды. Биыл ауданда су үнемдеу технологиялары 2 410 га жерге енгізіледі.
Ал Ұйғыр ауданында биыл 23 576 га алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көзделген. Облыстағы өзге аудандардан ерекшелігі, бұл ауданда егіс алқаптарының жартысынан көбіне азықтық дақылдар (15 306 га) егілмек. Оған қажетті 403 тонна тұқым дайындалған. 6 000 га су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Аудандағы 436 арнайы техниканың жартысынан астамы жаңа және егіс науқанына толық дайын деуге болады.
Кеген ауданында 2025 жылы 28 186 га алқапқа дақыл егу жоспарланған. Көктемгі және күзгі егіс жұмыстарына 581 тонна дизель отыны бөлінген, 2 060 га жерге су үнемдеу технологиялары енгізілмек. Аудандағы 661 ауыл шаруашылығы техникасының 78 пайызы жаңартуды қажет етеді.
Райымбек ауданында ауа райының ерекшелігіне байланысты, көктемгі дала жұмыстары кеш басталады. Көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоспарға сай жүргізілуде. Аудандағы егіс көлемі 39 900 га жерді құрайды. Оның ішінде 13200 га жерге дәнді дақыл, 2250 га жерге картоп, 24450 га жерге көпжылдық шөп егу көзделген. Қазірге дейін 1188 тонна жаздық бидай, 782 тонна жаздық арпа, 9000 тонна картоп тұқымы топталып, зертханадан өтті. Көктемгі егіс жұмыстарына 640 техника жұмылдырылады.
Еңбек өнімі артады
Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру мақсатында жаңа технологиялар енгізіліп, егістік жерлердің су ресурстарын тиімді пайдалану жұмыстары жалғасуда. Шаруалар үшін жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік субсидиялар қарастырылып, егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуға барлық жағдай жасалып отыр.
Көктемгі егіс жұмыстары ойдағыдай аяқталса, Алматы облысы өз көрсеткіштерін еселеп арттыруға мүмкіндік алады. Бастысы – әрбір ауданға белгіленген жоспарлар толық орындалуы тиіс.
Айбек Мұқан