Перейти к содержимому
Главная страница » Қарттарға қуаныш сыйлайды

Қарттарға қуаныш сыйлайды

      Қарттық – адам өмірінің биік белесі. Өткенді саралап, болашақты болжайтын шағы. Өкінішке қарай, адамдар қарттыққа қатысты өмірдің сұрықсыз кезеңі деген ұғым қалыптастырып алған. Бойында күш-қуаты азайып, денсаулығы кері ылдилайтын кәрілікті де қуанышпен қарсы ала білу керек. Шын мәнінде, өмір адам баласы үшін қай кезеңде де қымбат.

Райымбек ауданында қазыналы қарттардың мәнді өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында Белсенді ұзақ өмір орталығы ашылып, өз жұмысын бастады. Зейнеткер жандар үшін шарапаты мол орталықтың ашылуы жүрекке ерекше қуаныш сыйлады. Себебі, жасы егде тартқан ата-әжелеріміздің уақытын тиімді өткізуі көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Ал аталмыш орталық қарттарға ерекше мүмкіндік сыйлап, өмірге деген құштарлығын арттырады. Орталықта салауатты өмір салтына негізделген дене шынықтыру жаттығулары ұйымдастырылған, сондай-ақ тоғызқұмалақ, шахмат ойнауға мүмкіндік бар. Қарттар еңбек терапиясында қолөнер бұйымдарын жасап, жадыны нығайтып, ұмытшақтықтың алдын алу мақсатында арнайы жаттығуларды орындайды.
Дене шынықтырудың бір түрі – түрлендірілген жұп шаңғы тіректерімен таза ауада жаяу жүруге негізделген скандинавиялық серуендеу. Орталыққа келуші қарттар үшін дәл осы скандинавиялық серуеннің пайдасы зор. Цигун жаттығулар жиынтығы да күш-қуатпен жұмыс істеу, энергия өндіру мақсатында аса пайдалы. Бұл – Қытай емшілерінің сан ғасырлық тәжі­рибесінен өткен, сауық­тыруға арналған ке­шенді жаттығулар жиын­тығы. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында бұл жаттығуларды егде жастағы кісілер сүйсіне жасайды.
Ата-әжелеріміз үшін арнайы психолог кеңесі де қарастырылған. Орта­лықтағы мейірбике әрдайым қарттардың жа­нында жүріп, денсау­лықтарын тұрақты түрде қадағалап отырады. Соны­мен қатар, бүгінгі күні гад­жеттің қажеттілігін ескере отырып, қарт кісілерге компьютерлік сауаттылықты қалыптастыруға арналған IT сабақтары өткізіледі.
Психологиялық, рухани және физикалық практикаларды қамтитын йогамен айналысудың да өзіндік пайдалы тұсы жетерлік. Осы орайда Белсенді ұзақ өмір орталығының келушілері йогамен де айналыса алады.
Бүгінгі таңда орталыққа 20-ға жуық қарт кісі келеді. Олардың көбісі –әжелер. Ал егде жастағы ер адамдардың келу белсенділігі төмендеу. Дегенмен, орталықтың жуырда ғана ашылғанын ескерер болсақ, келушілер қатарының әлі де артарына сенім зор.

Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы