Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны баршаға мәлім. Жаны қалаған кәсіпті меңгеріп, Абай айтқан «кірпіш дүниеге кетігін тауып қаланудың» негізі мектептен басталады. Мектеп – тек теорияны оқытып қоймай, шәкіртті белгілі бір өнерге баулитын, баланың жан қалауын тауып, үлкен өмірге жетелейтін орын. Бүгінгі әңгіме осындай бірегей білім ордасы – Іле ауданындағы №51 орта мектеп туралы болмақ.
Жәпек батыр ауылдық округіне қарасты Жаңақұрылыс аталып кеткен елдімекенде орын тепкен бұл мектептің ашылғанына бірер жылдың жүзі болған. Таяуда бір шаруамен жолымыз түсіп, мектепке бас сұққанымызда өзге оқу орындарынан өзгеше, адам жанын өзіне тартып тұратын бір жылулық байқадық. Әуелі мектепке кіреберісте алыстан менмұндалап тұрған қар барысының мүсіні көзге түсті. Түр-тұрпаты біз көріп жүрген жадағай, ұқсаса болды деп сомдай салған мүсіндерден бөлек, кәнігі мүсіншінің қолынан шыққандай. Мүсіннің авторы осы мектептің көркемөнер бірлестігінің мұғалімі Ерлан Жақсымбетов екен. Барыс мүсіні қызықтырып Ерланды сөзге тарттық.
– Мектеп алғаш ашылғанда жұмысқа келдім. Содан директорымыз Шапия Бектұрғанова мектептің алдына барыстың мүсінін жасап көрсең деген ой айтты. Бұрынырақта Тараздағы үйімнің ауласына қасқырдың мүсінін жасағаным бар еді. Жай көзге оңай көрінгенімен, әжептәуір уақытты алатын жұмыс. Бұған үш ай сарп еттім. Әуелі ғаламтордан қар барысының жүз шақты суретін қарап зерттедім. Өйткені жануардың анатомиясы дұрыс шығуы керек. Денесі, алдыңғы, артқы аяқтары мен басы, құйрық бөлігінің пропорциясы дәл келмесе, мүсін ойдағыдай шықпайды. Инсталляцияны жасауға мектеп құрылысынан қалған арматура, темір тор, цемент, суға төзімді бояу пайдаландым. Жапан далада қалып кеткен жыртқыш сияқты болмасын деп артына тау-тастың, оның етегіне қарағайлардың мүсінін жасадым. Жақсы дүние жерде жата ма, көрген жұрт бірден әлеуметтік желіге салып, жан-жаққа тарап кетті. Тараз, Атыраудан жасап берсең деп сұрағандар болды, – деген ол қолынан шыққан тағы бір соны дүниесіне ертіп ала жөнелді.
Мектеп ғимаратының ішінде оқушылар жүретін залдың бір бұрышынан орын тепкен табиғат инсталляциясы көзге бірден түседі. Бұл да оқу орны басшылығының ұсынысымен, қолдағы бар құрылыс материалдарын пайдаланып ерекше ынтамен жасалған туынды болып шықты.
– Көп мектептен көріп жүрген жай ғана бір бұрыш жасағым келмеді. Ғимарат іші болса да, оқушылар үзіліске шыққанда табиғат аясында жүргендей бір демалып қалатын орын болса дедім. Мұндағы тау – Алатаудың бедерін, ақ қайыңдардың қаңқасын 6 мм-лік арматурадан дәнекерлеп, сыртын гипспен сылап жасадым. Оның сыртын левкас, эмульсия және оған түс беретін бояу қосып әрледім. Жұмысты аяқтауға бір ай уақыт кетті. Жоспарым бойынша енді ортада субұрқақ және елік жасаймын, – дейді Ерлан.
Жалпы, мектептің қай бұрышын қарасаңыз да, осында көркемөнер пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің қолынан шыққан туындыларға толы екенін байқауға болады. Сондай көрнекі дүниелердің бірі Абай Құнанбаевтың кілемге салынған бейнесі болды.
– Әр мектепте Абай бұрышы болуы керек. Бірақ қазір жай ғана сурет салып біреуді таң қалдыра алмайсың. Ойлана келе суретшілер арасында гибридті өнер деп аталатын кілем бетіне бейне салуды дұрыс көрдім. Мұнда графиканың ішіндегі аэрография техникасын қолданып, баллондағы бояу арқылы бір аптада салып шықтым. Абай атамыздың бейнесі мен оның білім алудың артықшылығы туралы бір шумақ өлеңі оқушыларға қатты ұнады. Келген қонақтар да қасынан бей-жай өтіп кетпей, қызықтап, сұрап, суретке түсіп жатады, – дейді туынды авторы, көркемөнер бірлестігінің жетекшісі Дәулет Нұрмұханбетов.
Мектеп фойесінің екі жақ қабырғасына жағалай ілінген түрлі қолөнер бұйымдары, картиналар білім ошағының көркін кіргізіп, ерекше әсерге бөлейді. Мұның барлығы мектептегі көркемөнер бірлестігіндегі ұстаздар мен олар үйреткен шәкірттердің қолынан шыққан. Мектептің көркемөнер бірлестігінде қыздарға қазақтың ұлттық нақыштағы бұйымдары – текемет, алаша тоқу, түрлі сәндік бұйымдар жасау, ши тоқу, моншақтардан әйелдерге арналған қолсөмке тоқу өнерін де үйретеді. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Гүлнұр Қыдырманованың айтуынша, үйірмеде қыздар шиді шым ши, ораулы ши және ақ ши түрінде тоқуды үйренеді. Тоқылған шиден жасалған тақта сияқты бұйымдар ауылдық жерде құрт, ірімшік кептіруге пайдаланылса, қалалық жерлерде заман талабына сай түрлі ғимараттарда бөлме қабырғаларын безендіруде артқы фонын толтыруға пайдаланылады.
Шиден тоқылған бұйымдарды кейде балабақша сияқты мекемелерден бөлме ішін сәндеу үшін сатып алуға сұраныс түсіп жатады. Жасаған заттарын оқушылар әлеуметтік желілерге салып қояды.
Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Дәрігүл Бекнұсқаева үйірме жүргізіп, қыздарға моншақтан қолсөмке, себет, аяқкиім сияқты бұйымдар жасауды үйретеді екен. Айтуынша, моншақтан түрлі зат жасау қыздарды төзімділікке, шыдамдылыққа, бастаған ісіне жауапкершілікпен қарап, аяғына дейін жеткізуге үйретеді, үлкен өмірге дайындайды. Үйірмедегі жасы ең кішкентай қыз 2-сынып оқиды.
– Бір бұйымды жасауға үш күнге дейін уақыт кетеді. Дұрыс шықпаса, қайта істеуге де төзім керек. Қыздар тек тоқуды ғана емес, жасаған заттарын қалай сатуды да үйрене бастады. Тик-ток, Instagram, WhatsApp сияқты желілерге жариялап, сатады. Басқа мектептерден семинарға келген мұғалімдер салтанатты жиынға, той-томалаққа ұстауға қолсөмкелерді қызығып сатып алып жатады. Бір сөмкенің бағасы 10 мың теңгеден басталып, 25 мың теңгеге дейін барады, – дейді Дәрігүл Бекнұсқаева.
Қандай да болсын материалды ұқсатуға, одан пайдалы нәрсе жасауға құрал-жабдық керек екені сөзсіз. Әңгіме орайы келгенде ондаған оқушыға өнер үйретіп, мектептің безендірілуіне үлкен үлес қосып отырған көркемөнер кабинетінің жай-күйі туралы да сұрадық.
– Мектебіміздің көркемөнерге қатысты материалдық-техникалық базасы керемет дей алмаймын, осындағы біраз туындыны жасауға қажет материалдарды өзіміз сатып алуға тура келеді. Қазіргі «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынып жатқан мектептерге қарап қызығамыз. Олардың материалдық-техникалық базасы жақсы, барлығы қамтылған. Өзіміз жұмыс істейтін орын болғандықтан мереке, атаулы күндері мектептің безендіру жұмысына көп көмегіміз тиеді. Десе де қолда барды ұқсатып, оқушыларға да бірдеңе үйретуге тырысып жатқан жайымыз бар, – дейді бірлестік жетекшісі Дәулет Нұрмұханбетов.
Футболда «Жақсы қақпашы – жарты команда» деген сөз бар. Бұл сөзді білім беруге қатысты «Жақсы мұғалім – жарты бақыт» деп қолданудың әбестігі жоқ шығар. Білім беру ошақтарын ауыл мектебі немесе қала мектебі деп бөлуден аулақпыз. Дегенмен, жеткілікті көңіл бөлініп, жағдай жасалса, қай мектепте де болсын білікті мұғалім өз саласын көркейтіп, үздік шәкірт тәрбиелейтініне дау жоқ.
Айбек Мұқан,
Іле ауданы