Облыстық мәслихаттың кезекті ХХХV сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев, ардагерлер ұйымы мен қоғамдық кеңестің төрағасы, құқық қорғау органдары, департамент пен басқарма басшылары және онлайн режимде қала, аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары қатысты. Сессияны облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев ашып, жүргізіп отырды.
Сессияның күн тәртібі мен регламенті бекітілгеннен кейін алғашқы сөз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Сыдықовқа берілді.
– Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің нақты көлем индексін облыс бойынша 105 пайызға жеткізу жоспарланған болатын. Бірақ өсімдік шаруашылығында өндірілген өнімнің нақты көлем индексі төмендеуінің салдарынан 100,2 пайызды құрады. Биыл өндірілген өнімнің
нақты көлем индексін 103,3 пайызға жеткізу жоспарлануда. Облыста ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымын өндіру үшін куәлік берілген 20 аттестатталған шаруашылық субъектісі жұмыс істейді. 10,2 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оның 58 пайызының тозу деңгейі жоғары. 37,6 мың гектар егістік алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Өңірде саланың табысты дамуы үшін негізгі алғышарттар бар. Сондай-ақ ауыл халқының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы республикалық бюджеттен қаржыландырылып, былтыр 2,5 млрд теңгеге 271 шағын несие берілді. Бағдарлама шеңберінде 307 жұмыс орны ашылды. Несиелік инвестиция арқылы сүт өндірісі қосымша 30 мың тоннаға ұлғайтылып, қайта өңдеу кәсіпорындары сапалы шикізатпен қамтамасыз етілетін болады, – деген басқарма басшысының орынбасары бүгінде ауыл шаруашылығын қолдаудың жан-жақты шаралары қарастырылып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және импортты алмастыру мақсатында жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Былтырғы субсидияның әлі берілмегенін, шаруалардың көпшілігінің мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттан бейхабар екенін және саладағы бірқатар түйткілді мәселенің түйінін тарқату керегін алға тартқан депутаттар баяндаманың назарға алынуын қолдап дауыс берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз алған туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мейрамбекұлы биыл облыстың туризм саласын дамытуға ықпал ететін бірнеше перспективалық міндеттер айқындалғанын тілге тиек етті. Айтуынша, 253 млн теңгеге соқпақтарды туристификациялау жоспарлануда. Былтыр Қайыңды көліне апаратын 425 метрлік жаяу жүргінші жолы салынса, биыл «Іле-Алатау» ұлттық паркі аумағында орналасқан Асы үстірті, Қайрақ, Аюлы сарқырамалары және Түрген, Қаскелең шатқалдарында жұмсақ инфрақұрылымды ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Ұлттық парктер аумағында инфрақұрылымды дамыту арқылы туристердің тұрақты өсу қарқынын қамтамасыз ету және бағыт санының көбеюі жоспарлануда. Кешенді жоспар бекітілгеннен кейін тиісті бюджет қаражатын бөлу қажеттігі туралы мәселе көтерілетін болады. Ұйғыр ауданындағы ыстық бұлақтағы ұңғымаларды заңсыз қазу, демалыс орындарынан шығатын қалдық суды шаруа қожалықтарының аймағына жіберу салдарынан жайылымдық жерлердің саздануы, рұқсат етілмеген жерге күл-қоқыс тастау дерегі көптеп кездесетініне қынжылыс білдірген басқарма басшысы аталған мәселені шешу жайлы ұсыныстарды тұрақты комиссияда қарастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар қала мен аудандарда туризм бөлімдері жоқтығын, басқармада 8 мемлекеттік қызметші жұмыс істейтінін, сондықтан көп шараның назардан тыс қалатынын қаперге салды. Жалақының аздығы мен тұрғын үй төлемдерінің берілмеуі де білікті мамандарды жұмысқа тартуға кедергі келтіріп және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға тиісті көлемде қаражат бөлінбеуі туризмді дамытуға қолбайлау болып отырғанын жеткізді. Халық қалаулылары туризм басқармасы басшысы баяндамасының назарға алынуын бірауыздан мақұлдады.
Келесі кезекте облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Зәуре Құсайынова «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағына ұсынылған Зәріп Бидайбеков пен Талғат Мамашевтың өмірбаянын таныстырды. Депутаттар аталған үміткерлерге «облыстың Құрметті азаматы» атағы берілуін қолдап дауыс берді. Қуат Сұлтанұлы «облыстың Құрметті азаматы» атағы Наурыз мерекесі мен Тәуелсіздік күні қарсаңында жылына 15 адамға берілетінін, бұл жолы екі-ақ адамның кандидатурасы ұсынылғанын айтып, осы мәселеге онлайн режимде қатысып отырған аудан әкімдері мен мәслихат төрағаларының назарын аударды.
Сессия барысында облыстың «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасы, мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орманды жерлер және өсімдіктер дүниесін қорғау және пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері және Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының ережесі бекітіліп, облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күшін жоюға шешім қабылданды. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың 32-сессиясында қызметінен босатылған Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясы мүшесінің орнына Болат Есжанов сайланды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ