Жамбыл ауданының Қарғалы ауылына сырттан көшіп келушілер қатары кейінгі ширек ғасыр көлемінде үздіксіз өсу үстінде. Соның есебінен жеке тұрғын үйлер көптеп салынып, елдімекеннің керегесі айтарлықтай кеңейді. Жаңа көшелер түзіліп, тұтас ықшамаудандар қалыптасты. Халқының саны 40 мыңға жуықтаған ауылдың батыс жағынан Наурыз ықшамауданы да осылай пайда болды.
Ұлыстың ұлы күнінің құрметіне осылай аталған. Себебі 1926 жылғы тиым салынғаннан кейінгі ұзақ уақыт үзілістен соң елдегі Наурыз мейрамы 1988 жылы алғаш ресми түрде мемлекеттік деңгейде Алматы қаласында және осы ауылдың дәл осы жерінде қатар тойланған болатын. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұрын бұл маң қалың қараағашты тоғай болған көрінеді. Бірақ Ұлы отан соғысы жылдары сол кездегі ірі өндіріс орны «Қарғалы» шұға комбинатына отынға оталып кеткен. Одан кейінгі кезеңде Ұзынағаш ауылына қарасты Ленин атындағы ұжымшардың шабындық жеріне айналыпты. Аталған шаруашылықтың сол кездегі басшысы Жүсіпәлі Нүкетаев осында өткен Наурыз тойын ұйымдастырушылардың бірі ретінде халықтық мерекенің жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлес қосқан екен.
Сол кең жазық қазір адам танымастай өзгеріп, үлкен елдімекеннің бір бөлігіне айналған. Наурыз мерекесі қайта жаңғырған жерде Қарасай батыр атындағы дарынды балаларға арналған тіл, әдебиет, тарихты тереңдетіп оқытатын мектеп-гимназия бой көтергелі де 10 жылдан асты. Бұдан 4 жылдай бұрын атауы мен бағыты өзгеріп, қазір Қарғалы №2 мамандандырылған лицейге айналды. Онда физика, математика, биология, химия пәндеріне басымдық берілген, 665 дарынды оқушы білім алуда. Түлектері жоғары оқу орындарының грантына көптеп түсуімен ерекшеленіп жүр. Тірек мектеп ретінде өзге ауыл оқушылары мен мұғалімдеріне үлгі. Халық санының өсіміне байланысты Қарғалыда мектеп тапшылығы қатты сезіліп, тұрғындардың көбі балаларын үйлерінен алыс орналасқан мектептерге апаратын. Осындағы біраз оқушы үшінші ауысымда оқитын. Былтыр «Наурыз» ықшамауданынан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 900 орындық заманауи білім шаңырағы салынып, желтоқсан айының аяғында Қарғалы №1 мектеп-лицейі ретінде пайдалануға берілді. Наурыздық балалардың көптен күткен арманы орындалып, оқу жылының үшінші тоқсанын жаңа мектептен тәмамдап отыр. Мұнда 1200 оқушы білім алады.
Ықшамаудан көшелеріне де «Наурыз», «Атамекен», «Бастау», «Шаңырақ», «Сұңқар», «Бұғымүйіз» сияқты әдемі атаулар берілген. Халыққа қызмет көрсететін орындардан 15-тей дүкен, 2 қоғамдық монша, «Еуразия» сауда үйі бөлімшесі, автокөлік жөндеу орталығы сияқтылар жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында полицияның телімдік тірек қосыны салынып, бір бөлігіне қызметкер отбасы қоныстанған. Кейінгі жылдары мектепке қарай қатынау ыңғайлы болуы үшін Атамекен, Сұңқар, Бастау көшелері асфальтталып, Алматы мен Сұңқар көшелері арасындағы жол бойына аялдама, жаяу жүргінші жолы салынды. Келешекте асфальтталған көшелерге түнгі жарық түсіріледі. Ауылдық Мәдениет үйінің құрылысы да былтыр осыннан басталып, 1-қабаты көтерілді, аудандық бюджет қаражатымен биыл толық аяқталмақ. 350 орындық бұл нысанның жалпы құны 1,3 миллиард теңге. Сондай-ақ осы төңіректен жеке инвестор 40 тұрғын үй салып жатыр. Дайын болғанда оны әкімдік бағалап, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет меншігіне сатып алмақ.
Бұған дейін «Наурыз саяжайлары» аталған аумақ енді елдімекен санатына қосылып, осылайша күннен-күнге көркейіп келеді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Қарғалы ауылы,
Жамбыл ауданы