ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің қызметкерлері «Ұлы Жеңістің 80 жылдығына – 80 игі шара» акциясы аясында Жетісу облысының Үштөбе қаласындағы К. Тоқаев атындағы орта мектебіне арнайы барды. Соғыс алапатын басынан кешіріп, туған жеріне жеңіспен оралған қазақ детективінің атасы Кемел Тоқаевты ұлықтауға арналған шараны аталған департамент «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымымен бірлесе ұйымдастырды.
Көрнекті жазушы К.Тоқаев атындағы орта білім шаңырағында өткен іс-шараға «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымы президиумының төрағасы, генерал-лейтенант Б.Сәрсеков, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Ә.Каюпов, Журналистика академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі Н.Нұрғазин, шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының төрағасы, запастағы полковник А.Мұңалбаев қатысты. Сонымен қатар, жиынға тартылғандардың қатарында департаменттің сержанттарды даярлау мектебінде кәсіби біліктіліктерін көтеру курсынан өтіп жатқан әскери қызметшілермен бірге «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелері болды.
Алдымен жазушы атындағы мектептің мәжіліс залында өткен алқалы жиынға жиналған қауымның алдында сөз сөйлеген департамент бастығы Әлібек Каюпов: «Кемел Тоқаев – жазушы ғана емес, батыр, әділеттілік пен адалдықтың символы. Оның өмірі мен шығармашылығы – қайсарлықтың, отансүйгіштіктің және туған жерге деген сүйіспеншіліктің айқын үлгісі», – деп атап өтті.
Оқырманға детектив жанрының дарабозы ретінде танымал қаламгердің соғыс тақырыбындағы көлемді туындысының бірі «Солдат соғысқа кетті» романы екені белгілі. Өйткені, қанға бөккен шайқас алаңы жан-жақты суреттеліп, арасында сарбаз күнделігімен әрленіп отыратын кітапты бойың шымырқанбай оқу мүмкін емес. Жазушының «Жұлдызды жорық», «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы ақын» повестері мен «Соңғы соққы» және «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» атты романдары қаламгер шығармашылығының шынайылығын айғақтай түседі.
Мектептің мәжіліс залында өткен алқалы жиыннан кейін мектеп музейінің табалдырығынан аттаған қонақтар Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» шығармашылығы бойынша сахналанған қойылымды тамашалады. Бұдан әрі мектеп оқушылары жиынға қатысушылар үшін адалдық пен парасат суреткерінің шығармаларына негізделген «Жазушы әлеміне саяхат» атты зияткерлік ойын ұйымдастырды.
Маңызды шараның тағы бір ерекшелігі, жиналған қауым жазушының кабинет-мұражайында болды. Мұнда оның шығармалары, тұтынған жеке заттары қойылған.
Шара соңында «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы, генерал-лейтенант Б.Сәрсеков пен департамент бастығы Ә.Каюпов бастаған мәртебелі қонақтар Кемел Тоқаев аллеясына ағаш көшеттерін отырғызды. Бұдан бөлек, Әлібек Амангелдіұлы мұражайға департамент атынан шекарашылардың ел шебіндегі қызметі бейнеленген картинаны сыйға тартты.
Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның маңызы зор болды. Одан тағылым алған шекарашылар көрнекті қаламгердің шығармаларын тұщына оқып, ел тыныштығын талмай күзетеді деп сенеміз.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі