Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Медиа саласындағы ынтымақтастық

Медиа саласындағы ынтымақтастық

28 қаралым

Алматыда Қазақстан мен Қытайдың медиа саласындағы ынты­мақтастығын дамытуға арналған дөңгелек үстел өткен болатын. Цифрлық технологиялар, жалған ақпаратпен күрес және бірлескен ғылыми жобаларды дамыту мәселелерін талқылаған ауқымды шарадан Алматы облысының бұқаралық ақпарат құралдары да тыс қалмады.

Қытай жаңалықтар қызметі Шыңжаң бөлімшесінің директоры Ли Дэхуа мен Хунань бөлімшесінің экс-басшысы Бай Цзусе Алматы облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерін, Alataunews.kz ақпараттық порталын, сондай-ақ өңірлік коммуникациялар қызметін біріктірген «Өлке тынысы» ЖШС-на атбасын бұрды. «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар шетелдік әріптестерге облыстық газетте барлық сала қамтылатынын, аймақ экономикасының даму барысынан бастап, қоғам өміріндегі оқиғалардан шынайы ақпарат таратылатынын айтып, рухани дүниеге де кеңінен орын берілетінін жеткізді. Сонымен қоса газетте әлемдік геосаяси жағдайлардың сарапталып, көрші елдермен байланысқа да баса назар аударылатынын тілге тиек етті.
«Қазір уақыт ағымына ілесіп, цифрлық технологияға ден қойдық. Арнайы сайтымыз бен әлеуметтік желілерде парақшаларымыз бар. Десе де, қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеруде газеттің рөлі басым. Өйткені оның өз ерекшелігі, артықшылығы бар. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих. Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдық осы. Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын газет бетінен табуға болады», – деді Қуаныш Абайбекұлы.
Қытай жаңалықтар қызметі Шыңжаң бөлімшесінің директоры Ли Дэхуа өзінің ұзақ жыл газет тілшісі болғанын алға тартып, облыстық қос газеттің мазмұны алуан, ал дизайны айшықты екеніне тоқталды. «Қазір біздің елде де 35-40 жасқа дейінгі аудитория электронды басылымдарға әбден бауыр басып кетті. Келешекте осы санаттағы оқырмандар көбеймесе, азаймайтыны анық. Кезінде Қытай жаңалықтар қызметінің Шыңжаң бөлімшесіне қарасты «Шыңжаң» газетінің таралымы 500 мыңнан асатын. Ал қазір сол мерзімді басылымдардың тиражы анағұрлым азайды. Мен айтып отырған «Шыңжаң газеті» қытай, ұйғыр, қазақ тілдерінде жарық көріп, аталған автономиялы өлкенің күнделікті жаңалығын жария етіп келеді. Сонымен қоса Орта Азиядағы саяси, әлеуметтік және экономикалық жаңалықтарға үнемі газет бетінен орын берілді. Мен қазіргі «Жібек жолы» мен Шыңжаң өңіріндегі бүгінгі өзгерістерге қатысты бірнеше деректі фильмдердің сценарийін жаздым. Сол тұста көптеген жергілікті басылымдағы деректерге жүгіндім. Шынымен де өңірлік басылымдар тарихтың алтын қамбасы. Сондықтан да газет құнын кез келген электронды басылымдар мен әлеуметтік желілермен салыстыруға болмайды. Ардагер-журналист ретінде аймақ өмірінің барлық саласын қамтуды да қалыс қалдырмау, оқиға орнынан жедел репортаждар ұйымдастырып, жалаң баяндаудан гөрі, кеңінен сараптауға мән беруі маңызды деп ойлаймын. Әрине, жаңа айдар, тың тақырыптар арқылы газет мазмұнын байытумен қатар, макет пен дизайнды да жетілдіру айрықша мәнге ие. Газеттеріңіздің парақтарына үңіліп, мен айтқан мазмұндардың барлығы қамтылғанын аңғарғандай болдым. Бұл кездесу екі ел арасындағы БАҚ байланысын нығайтады деген сенімдемін», – деді Ли Дэхуа.
Қытай жаңалықтар қызметінің (CNS) Шыңжаңдағы бөлімшесі 1993 жылы құрылған. Содан бері ондаған өңірлік басылым мен сайттардың басын біріктірген филиал Қытайдың батыс өңірі ғана емес, Орталық Азия, Батыс Азия және Оңтүстік Азияға бағытталған халықаралық коммуникациялық алаңға айналды. Жақында облыстық «Qonaev Media» телеарнасы да Қытай жаңалықтар қызметінің (CNS) Шыңжаңдағы бөлімшесімен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Ерзат АСЫЛ

↑