Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев арнаулы қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығының өкілдерімен кездесіп, Алматы қаласында орын тепкен мекемені Қонаевқа көшіру мәселесін талқылады. Кездесуге Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов және тиісті ведомство өкілдері қатысты.
Ең алдымен аймақ басшысы облыстың білім беру саласында ауқымды істер атқарылып жатқанын жеткізіп, бұл оң өзгерістерден балалар үйінің де тыс қалмайтынын айтты.
– Әрбір әлеуметтік нысан сол өңірдің аумағында болғаны абзал. Сонда ғана басқару жұмысы оңтайланады. Сондықтан облыстық №1 балалар үйін Қонаев қаласына көшіру туралы шешім қабылдаған болатынбыз. Өйткені облыс орталығы мен жаңадан бой көтеретін Алатау қаласында алда көптеген жоғары оқу орнының филиалдары ашылмақ. Бұл оң өзегеріс жастарға мол мүмкіндік береді. Демек, балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің мектеп бітіргеннен кейін де жоғары білім алуына оңтайлы жағдай жасалады. Баспана алуына да қолдау көрсетіледі. Балалар жаңа облыс орталығымен бірге жарқын болашаққа сенімді қадам басады деген ойдамын. Осыған дейін аталған балалар үйін көшіруге байланысты түрлі алыпқашпа әңгімелер болды. Оны айтқан адамдар нақты жағдайды және біздің кешенді жоспарымызды білмеуі мүмкін. Біз заманауи талапқа сай жаңа балалар үйін салып жатырмыз. Онда барлық жағдай жасалады. Біздің мақсатымыз – балалардың қауіпсіздігі және жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыру, – деген Марат Елеусізұлы бұған дейін №1 балалар үйінде тәрбиеленген балалар Алматыда қалатынын, ал жаңадан орталыққа келетін балалар Қонаев қаласындағы заманауи кешенге орналастырылатынын да айта кетті.
Бұдан соң аймақ басшысы облыстық №1 балалар үйіндегі тәрбиешілермен баспанамен қамту, түрлі қызмет көрсету мәселелері жайлы ой бөлісті. Сонымен қоса, Кирилл Карпон, Алексей Некрасов және Денис Узлов сынды балалармен әңгімелесіп, олардан болашақ жоспарлары жайлы сұрап-білді. Балалар кино өнері мен спортты серік етуге ынталы екендіктерін айтты. Марат Елеусізұлы Алматы облысында жаңа Кино академиясы мен спорт мектебі ашылатынын алға тартып, армандарына қол жеткізуге тілектестігін білдірді.
Кездесуден кейін арнаулы қызметтерді қажет ететін балалаларды қолдау орталығының өкілдері Қонаев қаласындағы көпфункционалды білім беру орталығының құрылысы және туристік-спорттық ойын-сауық кешенінің жұмысымен танысты. Бүгінде облыста жаңа балалар үйінің құрылысы жалғасуда. Жалпы аумағы 4000 шаршы метр болатын ғимарат 240 орынға есептелген. Онда тұрғын бөлмелері, оқу сыныптары және демалыс аймағы қарастырылған. Жақын маңда 900 орынды мектеп орналасқан, ал балаларды тасымалдау үшін арнайы автобус бөлінеді. Кешеннің ашылуы жаз айларына жоспарланған.
Облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваның айтуынша, жаңа ғимараттың бір бөлігі бүгінде Алматы қаласында орын тепкен И.Нүсіпбаев атындағы интернатқа беріледі. Ғимараттың тағы бір корпусына кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы орналасады, бұл облыстың әр өңірінен келген балаларды басқа қалаларға ауыстырмай, бір жерде орналастыруға мүмкіндік береді. Ал жаңа кешен құрылысымен танысқан облыстық №1 балалар үйінің өкілдері мұнда өздеріне жақсы жағдай жасалатынына сенім білдірді.
Келесі кезекте балалар мен тәрбиешілер «ASP Arena» аумағындағы бұқаралық мәдени іс-шараларды өткізуге арналған туристік-спорттық ойын-сауық кешеніне барды. «ASP Holding» ЖШС-ның қаржы директоры Исмар Яхьяров келушілерге кешен жайлы айтып берді. Оның сөзінше, кешеннің аумағы – 64 гектар, жоба биыл аяқталады. Толық қолданысқа берілгенде 482 жұмыс орны ашылады. Кешеннің аумағында – қонақүй, 500 орынды мейрамхана, 1000 шатырға арналған кемпинг алаңы, 3600 орындық трибуна және ауданы 15,4 мың шаршы метр болатын түрлі іс-шараларды өткізуге арналған арена, автожүргізушілерге академия, бассейн қарастырылған. Сондай-ақ 2000 көліктік тұрақ бар. Соңында кешен директоры келушілерге тегін квадроциклдер мен жарыс көліктері қызметін ұсынды. Жарыс көліктеріне мініп, өз шеберліктерін сынап көрген балалар кешен қызметкерлеріне алғыс білдірді. Өз кезегінде «ASP Holding» ЖШС-ның қаржы директоры Исмар Яхьяров Қонаев қаласында ашылатын жаңа балалар үйіне тиімді қызмет көрсететінін айтты.
Сапар соңында облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева №1 балалар үйінің өкілдерімен кездесудің маңыздылығына тоқталды.
– Біз бүгін балалар үйіндегі жасөспірімдерге облыс орталығындағы кешеннің нақты жағдайын таныстыруды мақсат еттік. Балалар үйі мен оның тәрбиеленушілеріне қатысты барлық мәселе біздің бақылауымызда. Жаңа ғимаратты қажетті жабдықтармен, көлікпен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету ғана емес, балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, қолайлы жағдай жасау да маңызды, – деді Салтанат Дауысбекқызы.
Ерзат АСЫЛ