1920 жылы Түркістан орталық атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов Наурыз мерекесін атап өту жайлы бұйрық шығарған. Алайда 1926 жылы Кеңес билігі «діни мереке» деген желеумен ұлттық мерекеге тыйым салады. 62 жыл үзілістен кейін қайта оралған Ұлыстың ұлы күні 1988 жылы Алматы қаласында аталып өтті. 1989 жылы еліміздің барлық аймағында мереке ретінде тойланды. Осынша мерзім ішінде жыл сайын наурызкөженің дәмін татып жүргеніміз мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің арқасы десек, артық айтқандық болмас.
Өзбекәлі Жәнібеков ілкі буынның жадынан өшуге айналған ежелгі мерекені халыққа қайтару үшін көп еңбек сіңірген. Ол Наурыздың діни емес, ұлттық мереке екеніне Кеңес одағының басшылығын сендіріп қана қоймай, оның қайта оралуына оларды көндіре білген. Содан кейін өзбектер мен тәжіктер, түрікмендер мен қырғыздар, әзербайжандар да Наурызды тойлауға мүмкіндік алды. Олардың мерекені атап өтуге рұқсат алуы жолындағы әрекеттері Өзбекәлінің сценарийіне ұқсас. Қазақстандық әріптесімен ақылдасқаны байқалып тұр. Бұған мемлекет қайраткерінің жары Қалихан апайдың көрші республикалардың мәдениет басшылары үйіне қоңырау шалып, салынған тыйымды қалай алдырып, Мәскеумен қалай келісу жайлы тәжірибесімен бөлісуін сұрағанын айтқаны дәлел болады.
Наурыз мейрамын қайта жаңғыртуға мұрындық болған Өзбекәлі Жәнібеков Кеңес өкіметінің қылышынaн қaм тaмып тұрған тұста халқының ұлы мұраларын сақтап қалуға және ұлттық мәдениеттің, жәдiгepлepдің қaйтa жаңғыруына, ана тілінің, дәстүр мен әдет-ғұрыптың дамуына сүбелі үлес қосқан. Қуғын-сүргінге ұшыраған арыстардың ақталуы мен олардың еңбегінің жарық көруіне себепкер болған. Сонымен бірге фольклорлық ансамбльдерді де ұйымдастырған. «Қазақ тілі» қоғамын құрған. 1975 жылы сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы болып тағайындалған ол «турист тарту» деген желеумен қараусыз қалып, жарықсыз тұрған Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінің қираған бөліктерін бүтіндеп, үйінді астында жатқан Айша бибі мазарын қалпына келтіруге ақша бөлдірген. Ежелгі шаһардағы Әзірет Сұлтан кесенесін қaйтa жөндeyдeн өткiзiп, мұpaжaйын жacaқтaп, ayыл-ayылды apaлaп, табылған жәдiгepлepдi coндa aпарған. Кейін Мәдениет министрлігіне ауысқан соң, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына бөлінетін қаражат мөлшерін арттыруға ықпал еткен. Сол кездері Мәскеудің қарсылығына қарамастан, осындай тәуекелге бару кез келгеннің қолынан келмейтін еді. Бұл – ерлікке пара-пар іс.
Өзбекәлінің ерлік ісінің бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі ең құнды жәдігер саналатын Тайқазанды қайтаруы. Ұлттың рухын жаңғыртуға атсалысқан тұлғаның 1935 жылы сол кездегі Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өткен Иран шеберлерінің III халықаралық конференциясына уақытша апарылған қасиетті Тайқазанды 54 жылдан кейін қайтарып алуы оңайға соқпады. Оның Тайқазанды қайтару әрекеті әулиенің кесенесінің есігінен сығалаудың өзі мұң болған 1967 жылы басталған екен.
Өзбекәлі Жәнібеков «Тағдыр тағылымы» атты кітабында: «Наурыз кезінде көбінесе жұрттың көше-көшеде лег-легімен теңселіп жүретінін, анда-мұнда концерт қойылып, көрме ұйымдастырылып, киіз үйлерде елге табақ тартылып жататынын көреміз. Мұның бәрі де керек-ақ, бірақ Наурыздың негізгі мақсаты – жұрттың бойында имандылық, жаңару, жасампаздық сезімін ояту, жастарды үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты болуға баулу емес пе? Ал мұндай қасиеттердің тек көңіл көтерумен қалыптаса қоймайтыны белгілі», – деп жазыпты.
Аталған кітапта Наурыздың басқа да тәрбиелік маңызы бар жақтарын ұмытуға болмайтынын, бұрын Ұлыстың ұлы күні бүкіл ел болып таң шапағатын қарсы алғанын, таңсәріден бұлақ көздері ашылып, жаппай ағаш отырғызылатынын атап өткен. Сондай-ақ теледидар арқылы да көбінесе жапырлап тамақтанып жатқан адамдарды көретінімізге қынжылыс білдіріп, ескі дәстүрді ұмыт қалдыруға болмайтынын қаперге салған. Мемлекет басшысының бастамасымен былтыр енгізілген «Наурызнама» деп аталатын Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың онкүндігінде ұлт қайраткері атап көрсеткен олқылықтың орнын толтырып жатқанымыз көңілге қуаныш ұялатады. Аpтынa өшпec мұpa қaлдыpып, Наурызды қайтарған Өзбекәлі Жәнібековті әрдайым жадымыздан шығармай, оның істерін өскелең ұрпаққа дәріптегеніміз абзал.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ