Жер! Ел үшін, мемлекет үшін аса маңызды! Жер – өмір, халық, мемлекетпен қат-қабат араласып жатқан ұғым. Жер тарихы – халық тарихы. Жер – Тәңірдің адамзатқа енші қылып берген ұясы, болашақ ұрпаққа қалдыратын мұрасы. Жерді бассаң – тірегің, өмір сүрсең – тұрағың, ішсең – сусындар бұлағың, жесең – азығың. Жер – өлсең, мәңгілік жұмағың. Жер – аялар анаң, қорғар панаң, жаныңды жадыратар саяң. Қазаққа Алла Тағала жерді аямай берген. Жер көлемі жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орындамыз. Жер астындағы байлығы жөнінен Қазақстан алдына ел салмайды десе де болады. Қазақ жерінің өткен заманда көрген қасіреті – өз алдына бір хикая. Ата-бабамыз алақандай жерін басқаға бастырмай, ғасырлар бойы қорғап келді. Қорғау барысында мың өліп, мың тірілді. Оны біз өткен тарихтан білеміз.
Қазақ елінің әлем көлемінде мәртебесінің өсіп, неше түрлі байлардың түнде түсінен, күндіз есінен кетпей жүргені де – қазақ халқына деген ыстық ықыласы емес, біздің жерімізге деген ынтызарлығы. Кез келген мемлекеттің қуаты – жерінде. Жер – адамға өмірлік тұрақ қана емес, оны асыраушы. Американдық жазушы, Нобель сыйлығының иегері Парк Бактың «Жер» романындағы кейіпкері Ван Лун үшін өмірдегі басты құндылық – жер. Өзі тұрған өңірді ашаршылық жайлап алған кезде ол да отбасымен бірге қиын күндерді басынан кешеді. «Бүгін-ертең өлетін шығармыз» деп отырғанда қаладан екі адам келіп, жерін сатуды сұрайды. Сонда ашуға булыққан Ван Лун: «Жерімді ешқашан, ешкімге сатпаймын! Балаларымды жерімнің топырағын шетінен кертіп беріп отырып асырайтын боламын. Сосын олар өлгенде денелерін осы жерге көмемін. Өзім де, әйелім де, әкем де өз жерімізде өлеміз!» – деп айқай салады. Бір кездері осылайша аштықтан бұратылып өлгелі отырған, кетпені мен ұлтарақтай жерінен басқа түгі жоқ, оқу-жазудан мақұрым кедей шаруа жерінің арқасында кейін сол өңірдегі бай адамдардың біріне, өсіп-өнген белгілі, сыйлы әулетінің басшысына айналады. Әрине, бұл – жерін сүйген, тырмысып тынымсыз тер төгіп еңбек еткеннің нәтижесі. Тер төкпей, «көгалды қуып, гөлайттап, қызықпен жүріп жазды алған» адамның ісі емес.
Күйші Қожеке Назарұлы атақты Қарқара өңірінің түлегі, патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы жасалған ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі болған. Саурық батыр мен Қожеке күйші бастаған қазақтардың мақсаты өздері өмір сүріп отырған шұрайлы өлкені, ата-баба аруақтарының басы жатқан атамекенді отаршыл жатжұрттықтардың табанына таптатпау еді. Жетісу, Алматы жеріне басшылық жасап тұрған ресейлік Н.Колпаковский Қожеке күйшіге: «Мына жұрт сені сыйлайды екен, атақ, шен берейін, халықтың патшаға тегіс бас июіне көмектес», – деп қолқа салады. Сонда Қожеке: «Елімді, жерімді сатып, сен тастаған сүйекке алданғанша өлгенім жақсы», – деп келіспепті. Бұған тас-талқан болып ашуланған Н.Колпаковский соңына түсіп, қудалай бастайды. Қысымға шыдамаған Қожеке күйші біраз адам жинап, Шығыс Түркістанға көшіп кетіпті. Бұл кезде Шығыс Түркістан мен Алтай өлкесі Қытайдың Цинь патшасы қолына көше бастаған. Сөйтіп, мына жақтан Ресей патшасы, ана жақтан Қытай мемлекеті қазақ жерін иеленіп, қазақ біткен қыспақта қалған. Қожеке сондағы жер үшін бас көтеріп жатқан қазақтарға қосылған. Ол осы әрекетімен Цинь билеушілерінің қарсылығына ұшырап, нысанаға алынады. Қожекені Қытайлар пайдасына жаратқысы келіп, оны өз жақтарына тартпақ болыпты. Сонда Қожеке күйші: «Қазағым, халқым, домбырам аман тұрғанда, мен ешқашан басқаға бас имеймін, жерімді Қытайға сатпаймын! Өлсем, өлермін осы жолда!» – депті. Қытайлар шекарада қарақшылар тонаған керуенін «Қожеке тонады» деп оған жала жауып, Сүйдін-Күре түрмесіне отырғызады. Қытай түрмешілері астына тас көмірді лаулатып жағып, оны сол шоққа қарып, азаптайды. Қанша жанына батса да, Қожеке мыңқ етпейді. Түрме басшысы: «Сені сұмдық күйші дейді ғой, қане, отқа қарылып жатып күй шертші», – деп мазақ жасайды. Сонда Қожеке күйік шалған қолдарымен күмбірлетіп, бір ғажап күй шертеді. Бір уақытта домбыра жалынға оранады, сонда да күйін тоқтатпайды. Қожеке күйшінің денесі отқа жанып жатқанда, ол міз бақпайды, жыламайды, жалынбайды. Күй осы тұста бәсеңдеп барып, қайта өрлейді. Қожеке күйші: «Халқым, жерім үшін жан құрбан! Елге, жерге ие болыңдар! Ешқашан, ешкімге бас имеңдер! Тіліңді, дініңді, салт-дәстүріңді сақтаңдар! Домбырам сендерге аманат!» – деп жан тапсырған екен. Бұл күй «Таскөмір шоғымен қарығанда» деп аталып жүр. Міне, Қожеке күйші халық есінде тек жұрттың көңілін күйлерімен көтеруші ғана емес, қазақ жерін қорғауда ұлт рухының дабылшысы, намыс-жігерін жанушы ретінде қалды.
Жетпіс миллионға жуық Таиланд халқының 5 миллионы – мұсылмандар. Ол елдің заңында басқа халықтарға жекеменшікке және жалға жер берілмейді. Сондағы мұсылмандарға құрылыс салуға жағалаудағы теңіз айдыны жалға ұсынылады. Соның біреуі – 1500 тұрғыны бар Ко-Пань ауылы. Онда азаматтар теңіз үстіне тұрғын үйлер, мектеп, мешіт және тұрмысқа қажетті нысандар салып өмір сүруде. Қайтыс болған адамдарын теңіз айдынындағы тоқымдай тас төбеге, ашық жерін үнемдеу мақсатында терең қазып, тігінен жерлейді. Осы жағдайға қарап, өз жеріміздің қадірін білейік!
Кезінде қазақ ханы Абылай «Ұрпақ үшін, ел үшін, құтты мекен жер үшін» деп ұрандатқан. Қазақ жерінің иесі – болашақ ұрпақ. Біз болашаққа тек қана миллиардтаған қарызды ғана емес, тұтас қазақ жерін қалдыруға тиістіміз. Ол – біздің ұлы парызымыз. Жерді жекешелендіру және сату жөнінде заң қабылдамас бұрын біз өзіміздің геополитикалық жағдайымызды ескеруіміз керек еді. Жер – бүгінгі қағанағы қарық, сағанағы сарық болғандардың түсінігінен әлдеқайда кең ұғым. Ұлы тірлігіміздің негізі – жер. Қазақ азаматтары оянып, тіріліп, жер байлығын өз кәдесіне жаратпай, біз өркениетті елдер қатарына қосыла алмаймыз. Жері жоқ ел мемлекет құра алмайды. Сондықтан да жер жекеменшікте емес, тек мемлекеттік меншікте болуы керек еді.
Қытайда жерді 49 жылға жалға береді. Жекеменшік мүлдем жоқ. Жапонияда да солай, бағбандарға кішкене ғана жер телімін күнкөріс үшін жеке меншікке ұсынады. Өкінішке қарай, тәуелсіз Қазақстан ұранымен жерді жекеменшікке бере бастадық, саттық, талан-таражға салдық. Осылай жылдар бойы өрісін жайып, қуаттанып келген, қазағымыздың атажұрты болған ауылдарымыздың берекесін кетірдік. Тіпті көрші елдер де пұшпақтап жерімізді алуға кірісті. Жерді сату деген – ойға келмейтін ұғым, барып тұрған қылмыс. Әсіресе қазақ халқы үшін, отаршылдықтан қазақтың көрген азабы аз ба? Кешегі мемлекеттік ұжымшар-кеңшарлар тарап, ауыл шаруашылығы жерлері иесіз қалды. Қалған жерді миллиондаған шаруа қожалығы мен фермерлерге берген болдық. Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жай ғана өндіріс құралы емес, ең алдымен, біздің ұлттық игілігіміз, ата-бабамыздан қалған тарихи мұрамыз, бүкіл халқымыздың байлығы және оның басты құндылығы екенін ұмыттық. Олай дейтінім, кеңшарлар тарағаннан кейін мемлекеттің жерге деген көзқарасы нашарлап кетті. Жер тағдырын қолында ештеңесі жоқ (қаражаты, малы, тұқымы, техникасы) шаруа қожалықтарына беріп, өзімен-өзін қалдырды. Сонымен ел бойынша қаншама жер пайдаланудан шығып, өнім бермейтін жағдайға келді. Әлемдік статистикаға қарасақ, агроөнеркәсіптік инвестиция тарту жағынан біз жетекші аграрлық елдерден көп артта қалып отырмыз. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы шетелдік инвестициялар көлемі Австралияда бір гектар егістікке шаққанда 422 АҚШ долларын құрайды, Канадада 80 АҚШ доллары, ал Қазақстанда бір долларға да жетпейді.
Жер бөлуде Қазақстанда асқан әділетсіздікке жол берілді. Қазақстан азаматтарына қабылданған заңға сәйкес тұрғын үй салуға 0,1 гектардан берілу керек болса, биліктегілер өздері заңды бұзып, гектарлап ең жақсы жерлерді иеленіп алды. Жоғарыда отырған басшылық түгелдей дерлік жерге қарық болды, Ал, керісінше, қарапайым халық жерге зар болуын жалғастырып келеді. Ал жер алғандар, итке сүйек тастағандай, өз елінің кең-байтақ жерінде алты сотыққа әрең қолдарын жеткізуде. Оған да қолы жетпегендер қаншама?!
Алматы қаласының әкімі Заманбек Нұрқаділов жерді жекешелендіру басталған кезде мені өзіне қызметке шақырды. Қалаға Президенттің Жарлығымен жер қатынастары комитеті беріліпті. Мені сол комитетке басшы етіп тағайындады. Сол уақытта ұжымшар-кеңшарлар тарап, сондағы адамдар жұмыссыз қалып, Алматыға шулап келе бастаған. Алматы ол кезде астана еді. Алматыға төңірегіндегі аудандарды былай қойғанда, Қазақстанның барлық жерлерінен келгендер болды. Соңғы 19 жылда Қазақстанда мыңнан астам ауыл жойылды. Тірлігі шатқаяқтаған шағын ауылдардан екі қолға бір ермек таба алмай, қала жағалаған қарапайым елдің қатары сирейтін емес. Урбанизация деген шектен шықты. Қалаға көшіп келгендердің және қаладағы ұзақ жыл пәтерге қолы жетпей жүргендердің қала төңірегіндегі бос жерлерді басып алудан басқа шарасы қалмады. З.Нұрқаділов Президентке шығып, сол басып алған жерлерді қалаға заңдастыруды шешті. Солай «Таугүл», «Шаңырақ», «Бақай», «Ұлжан», «Думан» шағынаудандары өмірге келді. Жер сұрап, өтініш жазғандардың саны күн санап өсе бастады. Жер сұрағандар – Алматы қаласында көп жылдар еңбек етіп жүрген мұғалімдер, дәрігерлер, зауыттардың жұмысшылары, өнер адамдары. Мен көбімен сөйлестім. Айтатындары қалада жұмыс істегелі көп жылдар болса да, пәтер кезегі келмеген. Бала-шағалы, бәрі жалдамалы пәтерде тұрады. Менің байқағаным, сол жер сұрағандардың дені – қазақтар. Соған қарағанда қазақтарға өз жерінде отырса да, үй не үй салып алуға ұлтарақтай жер бұйырмаған. Сол жылдары Алматы қаласы тұрғындарының 22 пайызы ғана қазақтар еді. Ол көрсеткіш жоғары жақтан құпия бақыланып отырған. Қазақ санын одан асыруға жол берілмеген. Мен «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатымда осы жайларды айтып едім. З.Нұрқаділов үйде отырып тыңдапты. Маған телефонмен: «Сен байқап сөйле, біреулер түртіп алып жүрмесін, олай айтпай-ақ, біз мына алған жерлерді қазақ бауырларымызға үндемей үлестірейік», – деп ескерту жасады. Айтқанындай істедік. Ешкімнің қолын қайтарғанымыз жоқ. Үш жыл аралығында Алматы қаласындағы қазақтар саны 42 пайыз болды. Әрине, бұл жетістікке тікелей З.Нұрқаділовтің арқасында қол жеткіздік.
1985 жылдың күзінде Д.Қонаев Алматы облысының аудандарында болып, соңынан ауыл мен қала басшыларын жинап, партия-шаруашылық бойынша актив жиналысын өткізді. Сонда Алматы қаласы мен оны қоршаған аудандарға берген тапсырмасы мынандай еді: Алматы қаласының дамуы солтүстікке, Қапшағай қаласы бағытына қарай жүзеге асады. Қаланың шығысы мен батысы сүт өндіретін, құс және көкөніс өсіретін шаруашылықтарға тиеселі болады. Ал қаланың оңтүстігі, тау етектері түгелдей бау-бақша мен демалыс орындарына арналады. Қаланы дамытудың Бас жоспары осы тұрғыда жасалған еді. Осы тәртіпті Ш.Құлмаханов пен В.Храпунов қала әкімі болған жылдары бұзды. Қала сыртындағы құнарлы ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді гектарлап биліктің дөкейлері жекешелендіріп алды. Бау-бақшалардың (Алматы апортын) талқанын шығарып қиратып, тау бөктерлерін гектарлап қоршап, үйлер салып тастады. Алматы апортын өсіріп отырған бағбандардың жерлерін тартып алғанда, көз жасын төгіп жылағанын мен өз көзіммен көрдім.
Әрбір адамға туған жердің топырағы ерекше ыстық. Елің – панаң, жерің – анаң. Ата-бабамыз түрлі жағдайлармен елінен жырақ кеткенде, туған жердің топырағы мен жусанын өзімен бірге алып жүреді екен. Елін сағынғанда есіне алып, сол топырақ пен жусанды иіскеген. Сондықтан туған жердің ауасы, топырағы – жанға шипа, тәнге дәру. Басқа елде қошеметке бөленіп, үлде мен бүлдеге оранып жүрсек те, өз жерімізге сағынышпен ораламыз. Өйткені біздің жүрегіміз өз жерімізге байланған. Мұндайда халық ішіндегі «Өз үйім – өлең төсегім» деген даналық еске түседі. Жер – біздің жанымыз!
Бексырға ДАНЫШПАНОВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы