Қазақта «Тай-құлындай тебісіп өскен» деген ұғым бар емес пе? Сол айтқандай, біз бүкіл республикаға белгілі темірден түйін түйген ұста, он саусағынан өнері тамған зергер атанған Төлепберген Сарманбековпен бала кезімізден тай-құлындай тебісіп, бірге өскен едік. Бір-біріміздің жақсылығымызға қуанып, жетістіктерімізді мақтан етіп есейдік.
Балдан тәтті балалық
Өзіміз Төпен атап кеткен досымызбен жақын көрші болдық. Аталас туыстығымыз да бар еді. Әкелерімізбен әкеміз жолдас, шешелерімізбен шешеміз сырлас құрбы, аяқ-табағы араласып кеткен ағайын болғаннан кейін біздің де арамыздан қыл өтпестей дос болып кеткенімізге таңғалуға болмайтын.
Содан кейін де бір-біріміздің үйімізге еркін кіріп-шыға береміз, кейде сол үйде қонып та қаламыз. Түнге қарай алма бақтарын аралап, қауын-қарбызы мол бақшалықты жағалап, көше кезіп кететін кездеріміз де жиі. Қазақы қалып бұзылмаған кез емес пе, бұларға не болып қалды, қайда жүр деп ересектер де көп алаңдай қоймайды. Осылайша біздің балалық, жастық шағымыз есте қаларлықтай қызықты өтті.
«Менің атым Қожа» фильмін қанша көргеніммен әлі де қайталап тамашалаудан жалықпаймын. Көрген сайын өзіміздің балалық шаққа бір барып қайтқандай толқынысты күй кешемін. Не дегенмен де, сол кезде біздің жасаған қылықтарымыз, әр нәрсені өз атымен атайтын болсақ – сотқарлықтарымыз сол фильмдегіден де асып кетті-ау деймін. Содан кейін де шығар, бүгінде сол кезді еске алғанда кәдімгідей ұялып, тіпті қысылып та қалатындаймыз.
Өзіміз оқыған Үмбетәлі орта мектебінің мерейтойына қатысқаным естен кетпейді. Салтанатты шараға негізінен 40 жыл бұрын оқу бітірген түлектер шақырылыпты. Жиын барысында жасаған баяндамасында оқу орнының директоры Оксана Әсімханова Төлепберген екеумізді мектеп мақтаныштарының қатарында атады. Шара аяқталған соң жер шалғайлығы себепті бұл жиынға келе алмай қалған досыма, Орал қаласына телефон шалып, екеуміздің ендігі жерде мектеп мақтаныштары қатарында екенімізді айттым.
Осынау жаңалыққа қуанып қала ма дегем. Төпен досым болса, біраз уақыт үндемей тұрып: «Ұят болған екен…» – демесі бар ма? Мұның өзі де оның осы жылдардың ішінде көп нәрсені көңіл сарабынан өткізіп, қайта қарағанын, өз қылықтарына, соның ішінде балалық, жастық шақтағы іс-әрекеттеріне сын тұрғысынан баға беріп, шын мәнінде өкінетінін аңғартатын жайт болатын.
Сол кездерді еске алғанда бірге өскен Ахметқали досымыздың айтқаны ойға оралмай қоймайды. Бала кезінен әзіл-қалжыңға үйір, қай істің де келеңсіздеу жақтарын байқап, күлкіге айналдырып жүретін ол кейінгі жылдары бізді: «Бірің суретші, бірің журналист болып кеттіңдер. Сотқарлықты бірге істеп жүрдік. Сонда қай кезде сабақ оқып үлгергенсіңдер? «Сабақ оқы» деп маған неге айтпағансыңдар?» – деп әзіл-шыны аралас айыптаған еді.
Сөз орайы келіп қалғанда айта кетейік, Ахметқалидың өзін де дарынсыз деуге болмайтын. Оның бойында туа бітті актерлік таланты бар еді. Табиғатынан қуақы азамат күлдіргі әңгімелерді, бала кезімізде басымыздан өткен кейбір күлкілі жайттарды жандандырып айтқанда, тыңдаушылардың ішектері түйіліп қала жаздайды. Осы дарынын дамытып, соңына түскенде, жаңа айтқанымыздай, бала кезінен «бізбен бірге сабақ оқығанда» бүгінде ел-жұртқа әйгілі болып жүрген әзіл-сықақ театрларының белгілі актері болып шыға келер ме еді, кім білсін?!
Әйгілі зергер, танымал тәлімгер
Ежелгі Грекияның мемлекет қайраткері Фемистокл жасөспірім кезінде тым сотқар болған деседі. Сондай шектен шыққан қылықтары үшін әкесі оны мұрагерлік құқығынан да айырған деген әңгіме бар. Сөйткен азамат кейін басқа да игілікті істерімен қатар өзінің туып-өскен өңірін жатжерлік басқыншылардан қорғау шараларын ұйымдастыруда айрықша көзге түсіпті. «Бұғалық бермес асау құлыннан жел жетпес жүйрік тұлпар шығады» деген қанатты сөз де осы қайраткердің аузынан шыққан делінеді.
Біздің Төлепберген досымыз ол айтқандай мемлекет қайраткері болып кетпесе де, өз саласының танымал маманы болып, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Оқушы кезінің өзінде-ақ сурет салып, түрлі көркем жазулар жазып, мектептің безендіру жұмыстарының бәрін ойнап жүріп-ақ атқарып тастайтын.
Мектеп бітіргеннен кейінгі жерде Алматы көркемсурет училищесінің қабылдау емтиханын «беске» тапсырып, оқуға түсіп-ақ тұрған сияқты еді. Әйтсе де қабылданғандар қатарына ілігер кезде жоспар 180 градусқа өзгеріп кетті. Оқу орнының директоры Ақырап Жұбанов емтиханды жақсы тапсырған екі-үш жігітті шақырып алып: «Партиямыз ұлттық қолөнерді дамыту қажет деген талап қойып жатыр. Соған орай сендерді Батыс Украинаның Косов қаласындағы қолөнер техникумына оқуға жібермекпіз. Өйткені Қазақстанда металды көркем өңдеудің қыр-сырын үйрететін білім ошағы әзірге жоқ. Қарсы болмайтын шығарсыңдар деп ойлаймын», – деп айды аспанға бір-ақ шығарады.
Басқа біреу болса мұндай ұсыныстан бас тартқан да болар ма еді, Төлепберген ойланбастан келісті. Кім біледі, бұлайша тез келісуіне жаңағыдай ұсыныстың көкейіндегі арманын дөп басқандығы да себеп болды ма? Оны бүгінде ешкім тап басып айта алмаса керек. Қалай десек те, төрт-бес жыл бойы Косов халықтық көркемөнер кәсіпшілігі техникумының (Украина) металл өңдеу бөлімін бітіріп, елге темірден түйін түйеді дейтіндей нағыз ұста, зергер болып оралды.
Еңбек жолын Ұзынағаш ауылында бастап, Батыс Қазақстан облысында, ондағы Махамбет атындағы мемлекеттік университетінде жалғастырды. Іргелі оқу орнының қолданбалы өнер және дизайн кафедрасының аға оқытушысы, зергерлік өнер шеберханасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Көп жылдық шығармашылық қызметі үшін «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағы беріліп, Қазақстан Суретшілер одағына мүшелікке қабылданды. Сол одақтың «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» арнайы төсбелгісімен, Астана қаласы бөлімшесінің «Құрмет» төсбелгісімен, одақтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Аймақтық «Алтын қайық» көрме конкурсының гран-при иегері, басқа да көптеген байқаулардың жүлдегері атанды. Шығармашылықпен еңбек ете жүріп, Батыс өңірінің қолданбалы өнер әдібі мен өрнектеу нақыштарын жете меңгерді.
Осы мақаланы жазу барысында кезінде сол өңірдің газеттеріне жарияланған бірнеше материалды қарап шықтым. Солардан үзінді келтіре кетейік.
…«Алтын қайық» номинациясының бас жүлдесі Батыс Қазақстан облысынан келген зергер Төлепберген Сарманбековтің қанжығасында кетті. Бұл өнер иесінің конкурсқа ұсынған қолөнер бұйымдарының ішіндегі ең басты жұмысы – «Алтын сәукеле» шараға қатысушылардың назарын өзіне аударған бірегей туынды болды. Оның құны 1 500 000 теңгеге бағаланыпты».
«…Төлепберген Сарманбеков – нағыз бесаспаптың өзі. Оның шеберханасында металды бедерлеу, сымнан зер тоқу, ағаш пен сүйекке ою салу сияқты сан түрлі жұмыстар атқарылады. Зергердің қолынан шыққан дүниелер өзінің әсемдігімен еріксіз таңғалдырады. «Мұның сыры ұдайы ізденістің нәтижесі», – дейді шебер».
«Толепберген Сарманбеков — всемирно известный казахстанский ювелир, член Союза художников Казахстана, заслуженный деятель искусств РК, чьи работы представлены на лучших выставках — от Казахстана до США. Отличительной чертой его творчества является верность традициям ювелирного искусства Западного Казахстана, которое он считал наиболее монументальным и величественным. Более сотни уникальных украшений, вышедших из-под руки мастера, сегодня входят в частные коллекции и экспозиции музеев. Кроме того, Толепберген Рахимович был выдающимся наставником и взрастил не одно поколение ювелиров, которые впоследствии нашли признание на родине и за рубежом».
Төлепбергеннің шебер қолынан шыққан бірегей туындылар еліміздің батыс өңірінде ғана емес, Астана, Алматы қалаларында, газеттерде жазылғандай шетелдерде, соның ішінде АҚШ-та өткен беделді көрмелерге қойылды. Ондай туындыларының бірқатарын көзбе-көз тамашалаудың да сәті түскен еді. Алтын-күміс пен біз біле бермейтін неше түрлі асыл тастардан жасалған, қымбат матамен көмкеріліп, бағалы ағаш түрлерімен нақышталған бұйымдар расымен көз тартып, қызықтырмай қоймайды. Сондай бұйымдарының кейбірін көрсете отырып: «Үкімет мүшелері, белгілі бизнесмендер бір-біріне құнды сыйлық жасағылары келсе, тапсырыс беріп жатады. Қойған шарттарына, бағасына қарай талай дүние жасап бердім», – деген әсіре мақтансыз сөздері есімде қалыпты.
«Ат тұяғын тай басар» демекші, Төлепберген басқа шәкірттерімен қатар өз ұлы Саматты да зергерлікке баулыды. Бүгінде өнертану магистрі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Самат Сарманбеков те Батыс Қазақстан университетінде сабақ беріп, осынау сирек мамандықты көпшілік арасында талмай насихаттап келеді.
Музейге тапсырылған туынды
Көп ештеңенің байыбына барып, бағасын парықтай бермейтін қайран жастық-ай десеңші! Сол жылдары туған күндер мен басқа да қуаныштарға шақырылғанда, қалтамызда тиын-тебен болмай қалса, Төлепберген досымыздың чеканкасын – шын мәнінде шебер қолдан шыққан қолөнер туындысын сыйлық ретінде апара салып жүрдік. Жолдастарына жомарттығынан айнымайтын Төкең болса «Мына дүниелерім оңды-солды кетіп жатыр-ау…» деп қабақ шыта қоймайды. Фабрикадан сатуға арнап шығарылған көпшілік қолды тауар емес, бір ғана данамен жасалынған қымбат бұйымның бей-берекет жұмсалып жатқанына біз де мән бере қоймаппыз.
Сәл алға озып кетіп айтатын болсақ, осыдан аз ғана уақыт бұрын Төпен досым сол алғашқы еңбектерінің бірде-бірі сақталмағанына өкінішін білдіріп еді. Оны қуанта қойғым келіп, бір чеканканың біздің үйдің қабырғасында әлі күнге дейін ілініп тұрғанын білдірдім. Домбырамен жыр төгіп тұрған ақынның басын сәл қисайтып шабыттанып кеткен сәтін суреттедім.
Төлепбергеннің сол кездегі қуанғанын көрсеңіз. «Ой, ол менің диплом жұмысым ғой. Сенде қалай сақталып қалды? Қайтарып бере алмайсың ба? Қайтарып берсең керемет болар еді…» – деп өтінішін бастырмалата айтып жатыр. Оның қуанғанына мен де қуанып, қырық жылдан астам уақыт бұрын туған күніме сыйланған чеканканы қайтарып беретінімді жеткіздім.
Әйтсе де бұл уәде орындалмай қалды. Менің де, оның да кінәсінен емес. Тағдыр солай болды. «Әне жолығамыз, міне кезігеміз» деп жүргенде, Төлепберген досымның қайтыс болған хабарын естідім. «Бір кем дүние…» дегеніміз де осы шығар?!
Бір-бірімізден алыста болғандықтан, содан да онша жиі хабарласпай жүргендіктен бе екен, біз үшін бұл төбеден жай түскендей күтпеген хабар болды. Оны өмірден өтіп кететіндей қатты сырқат деп тіпті де ойламаппыз. Рас, әңгіме арасында бір-екі рет «аздап ауырып жүрмін» деген сөзді айтып қалған еді. Бірақ мынау қамшының сабындай ғана шолақ тірлікте ондай жеңіл-желпі сырқатқа кім мән бере қойған? Белгілі бір әнде айтылатындай, «таң атар деп, күн батар деп» қарбаласып жүріп, бұл сөзіне жеткілікті мән де бере қоймаған екенмін. Ал сырқаты меңдей бастағанда хабарласқан жоқ. Алаңдамасын деді ме екен?.. Сөйткен де болар? Ер мінезінен қайтыс болар алдында да айнымапты, сабазым.
Осыдан біраз уақыт бұрын ауылдағы Үмбетәлі атамыздың музейінде ақынның кезекті мерейтойына орай ғылыми конференция өтті. Онда тақырып бойынша мен де баяндама жасадым. Шара соңында арнайы алып келген сыйлығымды – кезінде, яғни осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын Төлепберген досым туған күніме деп сыйлаған құнды жәдігерді музейге тапсырдым. «Үйде тұра берсе, бұл жәдігерді біздің отбасымыз бен келген қонақтар ғана көреді. Ауылдастар тамашалап, музейге келген адамдардың бәрі көрсін, ауылдан шыққан дарынды жерлестерін еске алып жүрсін деген мақсатпен сыйлап отырмын», – деген лебізімді жиналғандар да қош көрген.
Иә, «Ақындар мен батырлар елі» атанған Жамбыл ауданынан, соның ішінде біздің Үмбетәлі ауылынан шыққан танымал тұлғалар аз емес. Өзгесін былай қойғанда, ауылдан Үмбетәлі Кәрібаев пен Әсімхан Қосбасаровтай екі бірдей Халық ақыны шыққанының өзі неге тұрады? Бұл тізімді осы ауылдың келіні Надежда Лушникова апайымыз, кезінде осы ауылда күн кешкен Қанипа Бұғыбаева, Қанатберген Деңгелбаев, Сағымқан Исламбеков, Әсімхан Майлыбаев, Нұрбай Қарашолақов сияқты ақын ағаларымыз, Уәли Бекеновтей күйші, Жанат Байдаралиндей балетмейстер, Үмбетәлі ақынның немересі ақын, суретші Әуелбек Ысқақ жалғастырды.
Бала күнімде «Өскенде космонавт боламын» деген арманымды айтсам, Монтай мен Төлепберген, Ахметқалилар онымды қол жетпес арман көріп мазақтап күлетін еді. Ол кезде космонавт болу үшін шынында Мәскеуде, тым құрығанда Петерборда туу керек сияқты көрінетін. Сол кездері болашақта Талғат Мұсабаевтай ғарышкердің өз ауданымыздың аумағында туылып, кіндігі нақ біздің ауылда кесілетінін ойладық па? Ойламағанымыз, нақ солай болар деп армандамағанымыз да анық болатын.
Бүгінде ауылдан шыққан сондай дара тұлғалардың қатарын Төлепберген досымның толықтырғаны анық. Ондай тарлан талантты өзі жолдамамен барып жұмыс істеген еліміздің батыс өңірінің жұртшылығы ғана емес, өз ауылы мен ауданының, Алатау, Жетісу өңірінің де мойындайтын кезі келді.
Досым кейде Оралдан түн ортасында хабарласатын. Кішкентай кезімізден бірге өсіп, бір-бірімізді ішегіміздің қырындысына дейін білетіндіктен, оған оншалықты ренжи де қоймаймыз. Ауылдың, туған-туыс пен жора-жолдастардың қал-жағдайын айтып, балалық шақты еске алып әңгімеміз кейде бірнеше сағатқа созылып кетеді. Ондайда күнделікті тірліктің күйбеңінен арылып, көкірегің кеңіп қалғандай мамыражай күй кешесің.
Түйін орнына:
Айтып өткенімдей, кейде шырт ұйқыда жатқан сәтімде телефон шырылдап қалатын. Ондай кездері, жасыратын не бар, тәтті ұйқымды қимай әңгімені тез бітіре салғым келіп шорт қайыратын да кездерім болды. Сондайда Төлепберген: «Әй, жұмысымнан жаңа ғана босадым. Сендердің дауыстарыңды сағынып қалдым, тағы біраз әңгіме айта тұршы. Ұйқыны қандырып үлгересің ғой», – деп қиылғандай болатын еді. Сөйткен досымды бүгінде өзім сағынып жүрмін.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі