Есік қаласында көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің шығармашылығына арналған тұңғыш облыстық «Тұманбай оқулары» өтті. Облыстық білім басқармасы мен «ALTYN ADAM» инновациялық мектебі ұйымдастырған мәдени шараға ақынның зайыбы мен ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар және мектеп оқушылары қатысты.
Қатысушылар ең алдымен «Тұманбайдың тұнық әлемі» атты шағын көрмені тамашалады. Онда ақынның қолсағаты, сия сауыты, қолжазбалары мен жеке заттары, сирек кездесетін фотолар қойылды. Көрмеге көз жүгірткендер ақынның асыл мұрасымен танысып, мөлдір жырларынан қуат алды. Әсіресе, халқымыздың небір дарынды ұлдарымен бірге түскен суреттері жемісті жылдарды ойға оралтса, аяулы ақынның көзіндей болған кей жәдігерлер қиялыңды әр қиырға жетелейді.
Рухани шарада Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділов Тұманбай ақынның 90 жылдық мерейтойы туған топырағында айрықша аталып өтетінін жеткізді.
– «Өнер алды – қызыл тіл» деп дана халқымыз айтқандай, осы бір ұлы өнердің шыңына шыққан, артына өлмес сөз қалдырған ақындарымыз баршылық. Солардың ішінде Тұманбай Молдағалиевтің орны ерекше деп білемін. Қазір бірде-бір көңілді жиын, торқалы той Тұмағаның жырларынсыз өтпейтінін білесіздер. Ол жасампаз лирик ақындарымыздың бірі болды. Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сынды атақты композиторлармен тізе қосып, «Құстар қайтып барады», «Бақыт құшағында», «Жүрегім менің» секілді мәңгі өлмейтін әндер өмірге келді. Қазақ халқы барда, ағамыздың жыры да, әні де ешқашан өлмейді, – деді Талғат Ескендірұлы.
Ескі жылдардың естелігін есіне алған ақынның жары Күлтай Қасымова жалынды жастық жыршысының адами болмысы мен оның туған жерге деген мәңгілік махаббаты жайлы сыр толғады.
– Оның өмірі жайлы сөз еткенде, бауырмалдығына тоқталмау мүмкін емес. Ол қашанда ауылдас достарынан айырылмай, көз жұмғанша бірге жүрді. Досқа сонша адал болды. Кіндік қаны тамған топырақты кие тұтты. Қасиетін ғұмыр бойы жырға қосты. Сол үшін ақын мұрасын ардақтап жатқан жерлестеріне рақмет! – деді Күлтай апамыз. Рухани басқосуда «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Қасымұлы мен ақын Кәмнұр Тәлімұлы Тұмағаң жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Туған жерінде өткен «Тұманбай оқуларына» қатысушылар «Жырым мені ешқашан өлтірмейді», «Тұманбай мұрагерлері», «Әнім мені алысқа жетелерсің» және «Бейнелеушілер бағыты» номинациялары бойынша сынға түсті. Осылай әр бағытқа сай жас өрендер ақын жырын жатқа оқып, дара дарынға өлең арнады. Ақын сөзіне жазылған әндерді шырқап, оның шығармашылық әлемін қылқаламмен кескіндеді.
Әділқазылар үздік деп таныған Абай атындағы облыстық мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы Шырын Мұхтар, Д.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінің оқушысы Еңлік Дархан мен Балым Сәулетбек және Талғар ауданы №8 мамандандырылған лицей оқушысы Фатима Бурмак аталған номинациялар бойынша бас жүлдеге ие болды. Өзге де жүлдегерлерге арнайы марапаттар табысталды.
Осылайша ақынның есімі ел санасынан өшпей, жас ұрпақ жүрегінде жаңғыра беретініне көз жеткіздік.
Ерзат Асыл
Еңбекшіқазақ ауданы