Түркі әлемі композиторларының I Құрылтайы 18–20 қыркүйек күндері Үзейір Гаджибейли атындағы XVIII Халықаралық музыка фестивалі аясында Бакуде ұйымдастырылуда.
Аталған фестивальді Гейдар Әлиев қоры мен Әзербайжанның Мәдениет министрлігі өткізуде.Құрылтайды Әзербайжанның Мәдениет министрлігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры Бакудегі ИСЕСКО өңірлік кеңсесі, Әзербайжан Композиторлар одағы және Әзербайжан Ұлттық консерваториясымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.Ауқымды мәдени іс-шара Бірінші Түркологиялық конгрестің 100 жылдығына, әзербайжанның ұлы ақыны әрі ойшылы Низами Гәнжауидің 885 жылдығына және өзбек халқының көрнекті ақыны Әлішер Науаидің 585 жылдығына орайластырылған.Құрылтайға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан және Венгриядан музыка саласының мамандары мен шығармашылық ұйымдардың өкілдері қатысуда.Іс-шараның негізгі мақсаты – түркі әлемінде ортақ музыкалық кеңістік қалыптастырып, сала мамандары арасындағы кәсіби әрі шығармашылық байланысты одан әрі дамыту. Құрылтай бағдарламасына түрлі отырыстар мен кездесулер, ғылыми пікірталастар, халықаралық дөңгелек үстел, тақырыптық көрмелер, сондай-ақ симфониялық, камералық және дәстүрлі музыка концерттері енгізілген.
Түркі әлемі композиторлары одағының (TUC) құрылуы композиторлар мен музыкалық ұйымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты жаңа институционалдық деңгейге шығаруға жол ашады. Бұл бастама түркі халықтарының тарихи музыкалық мұрасын қазіргі заманғы кәсіби және шығармашылық байланыстармен ұштастыратын жаңа халықаралық алаңның қалыптасуына негіз болады.