
Бүгін Баку қаласында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының штаб-пәтерінде Түркі әлемі композиторлары одағының алғашқы ресми отырысы өтті.
Жиында Түркі әлемі композиторлары одағын – Turkic Union of Composers (TUC) құру туралы Баку декларациясына қол қойылды. Сондай-ақ жаңа халықаралық кәсіби ұйымның жарғы жобасы талқыланды.
Түркі әлемі композиторларының Бакуде өтіп жатқан I Құрылтайы аясында құрылған TUC ұйымы – түркі әлемінің музыка саласындағы шығармашылық және кәсіби байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Жаңа ұйым композиторлар, музыкатанушылар мен орындаушыларды, сондай-ақ консерваториялар, музыкалық академиялар және жетекші кәсіби ұйымдарды біріктіріп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған тұрақты алаң қалыптастыруды көздейді.
Баку декларациясының қабылдануы түркі елдері арасындағы музыка саласындағы кәсіби байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Одақ қызметінің негізгі бағыттары қатарында ортақ музыкалық мұраны сақтау және дамыту, заманауи композиторлық мектептерді қолдау, шығармашылық және академиялық алмасуларды кеңейту, бірлескен музыкалық туындылар мен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ түркі әлемінің музыкасын халықаралық деңгейде насихаттау бар.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова жаңа ұйымның маңызына тоқталып:
«Біздің мақсатымыз – түркі халықтарының бай мұрасы жаңа шығармалардың дүниеге келуіне, кәсіби ынтымақтастық пен халықаралық мәдени диалогтың дамуына негіз болатын ортақ музыкалық кеңістік қалыптастыру. Бакуде өткен алғашқы Құрылтай мен Turkic Union of Composers (TUC) ұйымының құрылуы түркі әлемінің музыкалық дипломатиясы тарихында жаңа парақ ашып отыр», – деді.
Жаңа кәсіби ұйымның Әзербайжанда құрылуының да өзіндік символдық мәні бар. Өйткені Әзербайжан әлемдік музыка мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет ретінде танымал. Елдің көрнекті композиторлары Үзеир Гаджибейли, Қара Қараев, Фикрет Амиров және басқа да өнер қайраткерлерінің шығармашылығы әлемдік музыка өнерінің тарихында айрықша орын алады.