SDU университеті құқық және әлеуметтік ғылымдар факультеті ақылдастық кеңесінің (Advisory Board) кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейіндегі білім беру бағдарламаларын жетілдіру мәселелері талқыланды. Талқылауға құқық, халықаралық қатынастар, журналистика және қолданбалы психология бағыттары кірді.
Отырыс барысында мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелер, оқу бағдарламаларының еңбек нарығы талаптарына сәйкестігі және пәнаралық ықпалдастықтың болашағы қарастырылды. Сондай-ақ заманауи оқыту әдістерін енгізу және тәжірибеге бағытталған білім беруді дамытуға баса мән берілді.
PhD, құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Мадияр Саудбаев өз сөзінде ақылдастық кеңесінің жұмысына қатысқан қонақтарға алғыс білдіріп, университеттің миссиясы туралы кеңінен әңгімеледі.
– Университетіміздің басты мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азияға жоғары білікті, заманауи біліммен қауқарланған кадрлар даярлау. Сабақтар қазақ және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Атап айтқанда, халықаралық қатынастар толық ағылшын тілінде және журналистика мамандығы қазақ-ағылшын тілінде оқытылады. Құқық пен психология бағыттары қазақ тілінде білім береді. Қазіргі таңда 650-ге жуық түлегіміз бар, – деді декан.
Ол өз сөзінде былтыр ғана қолға алынған қолданбалы психология бағдарламасының биыл сәтті іске қосылғанын, бұл бағытта алғаш рет білім берудің басталғанын атап өтті. Сонымен қатар магистратура деңгейінде құқық және журналистика бағыттары бар екенін, ал халықаралық қатынастар бойынша магистрлік бағдарлама ашу жоспарда тұрғанын жеткізді.
– Құқық саласы бойынша докторантура бағдарламасы жұмыс істеп тұр, алайда болашақта басқа бағыттар бойынша да ашылуы білікті кадрларға байланысты болады, – деді құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы. Оның айтуынша, жақында құқықтану және әлеуметтік ғылымдар кафедрасы халықаралық FIBAA аккредитациясынан сәтті өтті, бұл – білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
«Kaspi.kz» баспасөз хатшысы, журналист Ербол Азанбек талқылау барысында қазіргі қазақтілді медианың жағдайына тоқталып, бизнес пен БАҚ арасындағы байланысты күшейту қажеттігін алға тартты. Ол:
– Ірі сайттар мен ақпарат агенттіктерінің ортақ стандарттары болуға тиіс. Қазір бизнес жарнамаға ақша жұмсайды, бірақ бұл жарнамалар қазақтілді сайттарға беріле бермейді. Себебі кейбір сайт ақпаратты, тақырыпты бұрмалап, жарнамаға деген сенімсіздік тудырады. Бізге медиа мен бизнестің арасында кәсіби қарым-қатынас орнату керек. Жобалардың презентациясы, коммерциялық ұсынысы, прайс парағы болуы шарт. Басшылары ірі компаниялармен келіссөз жүргізе алатындай болуға тиіс. Сондықтан медиа менеджментті дамыту ауадай қажет, – деп ұсынысын ортаға салды. Сонымен қатар басқару психологиясы пәнінің қасына коммуникация психологиясын қосудың маңызына тоқталып, телеарналардағы жарнама сапасының төмен екенін, бұл салада да жаңғырту шараларының қажет екенін атап өтті.
Ақылдастық кеңес барысында саяси коммуникация пәнінің мазмұнын кеңейту мақсатында оған бизнес коммуникация пәнін қосу жоспарланып отырғаны айтылды. Медиа менеджмент бағдарламасын ағылшын тілінде де оқыту шетелдік, әсіресе Қытайдан келетін талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік болары сөз болды. Осыған байланысты білім беруді қазақ және ағылшын тілдерінде қатар жүргізу қажеттілігі туындап отыр.
Әлеуметтік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, PhD Әйгерім Әлімжан кеңес жұмысының басты мақсатына тоқталып, оны нақты ұсыныстармен толықтырды.
– Ақылдастық кеңестің мақсаты – білім беру бағдарламаларын өндірістегі жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестендіру. Кеңес барысында жұмыс берушілердің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалып, түлектердің кәсіби біліктілігін арттыру жолдары қарастырылды. Сонымен қатар еңбек нарығындағы қажеттіліктер ескеріліп, оқу бағдарламаларын жаңарту және жетілдіру мәселелері талқыланды.
Оқу бағдарламаларына заманауи технологияларды, өндірістік стандарттарды енгізу бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Мәселен, «журналистика» білім беру бағдарламасына жасанды интеллекті қосу заман талабына сай маңызды қадам болмақ. Өйткені ЖИ деректер журналистикасындағы пәндерді толықтырады. Нейрожелілердің көмегімен контент жасау, мәтінді генерациялау, аудиожазбаларды өңдеу қазіргі өндірістің талабы. Сонымен қатар ЖИ-дің этикалық мәселелерін де терең оқыту сөз болды. Қорыта айтқанда, ақылдастық кеңес жұмысы студенттердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың медиа индустрияның жаңа талаптарына сәйкестендіруге көмектеседі, – деді кафедра меңгерушісі.
Осылайша, ақылдастық кеңес отырысында білім беру мен медиа нарығының түйткілді мәселелері ашық талқыланды. Жиын жұмыс берушілер мен академиялық орта арасындағы байланысты нығайту негізінде студенттердің еңбек нарығына бейімделуіне серпін береді.
Бағдат Сұлтанқызы
журналист