-13 °c
Qonaev
Saturday, May 10, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Бірлік пен келісім – ел дамуының негізі

    25.04.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Бірлік пен келісім – ел дамуының негізі
    0
    SHARES
    3
    VIEWS

         Елордада Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблея­сының кезекті ХХХІV сессиясы өтті. Пленарлық отырыста Президент жиналған қауымды саяси институттың 30 жылдығымен құттықтап, бұл еліміз үшін айтулы оқиға екенін атап өтті. Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өл­шеусіз үлес қосып келе жат­қанын, соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасқанын айтты.\

    Президент Ассамблея жұмысына мемлекеттік органдар түгел атсалыса­тынын, одан министрліктер, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап, ауыл әкім­діктеріне дейін шет қалмайтынын жеткізді. ҚХА қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, еліміздің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып келе жатқанына тоқталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында табысты еңбек етіп, елдік бастамаларға өз үлесін қосып отырғанын да тілге тиек етті.
    – ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Барлық өңірде Достық үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестіктер орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып, ауқымды жұмыс жүргізуде.
    «Ассамблея жастары» ұйымы мен оның құрамындағы Студенттік Ассамблея, Жас ғалымдар клубы, «Жаңа толқын» жобасы сияқты құры­лымдар мыңдаған жас үшін нағыз бірлік пен ынтымақ, отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік мектебіне айналды. Осы қозғалыстардың әрқайсысы елімізде жаңа қоғамдық этиканы орнықтырып, «Адал азамат» қағидатын насихаттауға елеулі үлес қосып жатыр.
    Этносаралық түсініспеушіліктердің алдын алуда маңызды рөл атқаратын ҚХА-ның этномедиация институтына тоқталғым келеді. Соңғы уақытта Ассамблея қызметіндегі сарапшылық құрамның сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Ғылыми-сарапшылар кеңесі мен 42 Ассамблея кафедрасы ұлт құрылымы мен этносаралық қарым-қатынастар үдерісін зерттейтін 360-тан астам сарапшыны біріктіріп отыр.
    ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақмерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізеді. Өткен жылдың өзінде Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты.
    Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде азаматтарымыз зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, ырысты ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті. Олар гуманитарлық көмек пен жылу жинады. Қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты. Жалпы, ел бірлігін нығайту ісінің стратегиялық маңызы ерекше. Соның айқын дәлелі ретінде Ассамблеяның «Ел бірлігі» ордені атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалды. «Бірлік» ұғымы қазіргі дүниежүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат.
    Өткен жылы Еңбек күнінде Сенат пен мәслихат депутаттары Ассам­блея мүшелерімен бірге еліміздің ірі кәсіпорындарына барып, өндіріс ардагерлеріне құрмет көрсетті. Бұл бастаманы Еңбек күнін атап өтудің жаңа дәстүрі ретінде биыл да жалғастыруға болады. Осылайша, Ассамблея бүгінде қоғамдық келісімнің бірегей инфрақұрылымын қалыптастырған қуатты тармақтары бар институтқа айналды. Жер жүзінде мұндай бірегей ұйым құра білген мемлекет кемде-кем. Ассамблеяның арқасында еліміздегі барлық этностар Қазақстандағы оң өзгерістердің бел ортасында жүр.
    Этномәдени бірлестіктерде, Ассам­блея­ның түрлі құрылымдарында өте білікті мамандар еңбек етуде. Мен жалпыұлттық бірлік пен татулық­ты нығайту жолында адал қызмет етіп жүрген Ассамблеяның барлық белсенді азаматтарына шынайы алғысымды айтамын, – деді өз сө­зінде Қасым-Жомарт Кемелұлы.
    Президент бүгінде Ассамблеяның қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру мен ұлттық бірегейлікті бекіту ісінде баламасы жоқ басты платформаға айналғанын атап өтті. Ассамблея мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым екенін, оған артылатын жүктің салмағы да жеңіл еместігін жеткізді. Ассамблея барша азаматтарды ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын жалпыхалықтық орган ретінде жұмыс істеуі керектігін, басты міндеті Қазақстан халқының татулығы мен ауыз­біршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен Тәуелсіздігімізді нығайту екенін алға тартты. Бола­шақта осы бағытта нақты шаралар қабыл­данатынын айтып, 2022 жылы Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін, оның мерзімі аяқталып келе жатқандықтан жаңа құжатты дайын­дау жұмысына кірісіп, 2026-2030 жылдарға арналған басымдықтарды айқындау қажеттігін еске салды. Тұжы­рымдаманың жобасында қоғам­ды ұйыстырып, үйлесімді дамуға жол ашатын жаңа әдіс-тәсілдер көрініс табуы керектігін, сондай-ақ Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностардың құқықтарын қорғауға арналған негізгі қағидаттар көрсетілуі тиістігін назарға алды. Ассамблея алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге де тоқталды.
    – Біріншіден, Ассамблея аймақ­тардағы жұмысты жандандыруы керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек. Сонымен қатар Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарланып отыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек.
    Барлық аймақтағы Достық үйлерін өз азаматтарымыз да, қажет болып жатса, шетелдік қонақтар да баратын туристік бағыттар картасына енгізген жөн. Құзырлы орган басшылары мен әкімдер Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтіп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге тарату қажет. Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауы керек.
    Екіншіден, ақпараттық кеңістік­те бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды. Бұл – Ассамблеяның барлық құрылымына, әсіресе, журналистер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет. Салалық министрлік, өңір әкімдері ҚХА журналистер клубының құрамы­на жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосып, клуб жұмысының бірыңғай алгоритмін жасауы керек. Қазақстандағы этнос­тардың тілінде шығатын, ең алдымен, өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелі түрде қолдау көрсеткен жөн.
    Үшіншіден, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдаланған дұрыс. Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов және басқа да тұлғалардың музейлері Қазақстан мәдениетінің баға жетпес қазынасын толықтырып тұр. Бұл музейлерді көпшілікке таныту үшін экспозицияларын Астана мен Алматыда және басқа да қалаларда ұйымдастыру маңызды. Кейбір этномәдени бірлес­тіктер бірегей өнер және этнографиялық жеке коллекцияларды жинады. Бұл да еліміздің мәдени мұрасына айналуға тиіс.
    Қазақстанда 9 орыс драма театры табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ерекше төрт этнос театры, яғни, ұйғыр, корей, өзбек және неміс театрлары көрерменнің көзайымы болып жүр. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Алматыда бәрінің басын қосып, Қазақстан этностары театр өнерінің фестивалін өткізсек болады. Халық көп келеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
    Ары қарайғы сөзінде Президент соңғы жылдары еліміздің саяси-идеологиялық келбеті түбегейлі өзгергенін, экономикада жүйелі реформалар қолға алынып, саяси оқиғаларға баға беру тұрғысынан халқымыздың көзқарасы да жаңа сипатқа ие болғанын тілге тиек етті. Мемлекетіміздің заманауи және алдыңғы қатарлы елге айналып, қоғамдық келісім үлгісіне де тың талаптар қоя бастағанын, кешегі тиімді саналған әдіс-тәсілдер бүгін жарамсыз болып қалуы мүмкін екенін алға тартты. Ескіліктің ізіне қайта түспеу үшін барлық жетістігіміз бен сәтсіздіктерімізді таразы басына қойып, зерделеу қажеттігін, ең әуелі, Ассамблея қызметінің мәні мен мазмұнын қайта қарау керектігін, бұл тұрғыда аталмыш ұйым мемлекеттің этносаралық саладағы барлық жұмысына бағыт беретін стратегиялық штабқа айналуы тиістігін айтты.
    Ұлтаралық келісім мен тұрақ­тылықты нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала беретініне, бұл дамудың басты кепілі болып табылатынына тоқталды. Осы ретте: «Мен бұған дейін барлық әкімдерге тұрақты түрде этносаралық, ұлтаралық келісім мәселесіне арналған жиналыс өткізіп тұруды тапсырдым. Орталық және жергілікті атқарушы органдар осы маңызды саланы жіті назарда ұстауы керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынас мәселесін ешқашан саясат немесе түрлі арандату құралына айналдыруға болмайды. Бұл – мемлекеттің де, бүкіл қоғамның да бұлжымас қағидасы», – деді Президент.
    Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмағанын, барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілгенін, бұл әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі екенін де сөз етті. Қазақ жерінде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері өздерінің тілін, мәдениетін және салт-дәстүрлерін жан-жақты дамыта алатынын, оған қажетті барлық жағдай жасалғанын еске салды. Этносаралық қатынастар мен ұлттық бірліктің бүкіл құрылымы «Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген мызғымас қағидаға негізделетінін айтып, мемлекет азаматтардың ұлтына, діни нанымына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бәріне бірдей әділ әрі тең жағдай жасайтынын, бұл мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы саналатынын жеткізді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне де тоқталды. Тілге қатысты Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «Мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп, қоғамда алауыз­дық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағ­дайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз. Былтыр мен Ұлттық құрылтай отырысында бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекетіміз­дің негізгі құндылықтары деп атап көрсеттім. Бәрі де осы құндылықтар­дан басталады. Сондықтан осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады», – деді.
    Президент стратегиялық бағдары­мызға сай әрекет ету – алдымызда тұрған аса маңызды міндет екенін, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарымызға қол жеткізу үшін тиянақты әрі тиімді жұмыс істеуіміз қажеттігін баса айтты. Әр азаматтың бойында жауапкершілік сезімі жоғары болғанда ғана қоғам алға жылжитынын, әр істе темірдей тәртіп орнайтынын, сонда еліміз орасан зор табысқа жететінін атап өтті. Халқымыздың береке-бірлігін нығайтуға үлес қосқан азаматтарымызға әрдайым құрмет көрсететінімізді, отыз жылда жеткен жетістіктеріміз осындай абзал жандардың еселі еңбегінің жемісі екенін тілге тиек етті.
    Жиын соңында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауға атсалысқандарға «Ел бірлігі» ордені, Құрмет грамотасы, Алғыс хаттар табыс етілді.
    Алматы облысы делегациясы құра­мында әзербайжан этномәдени орталығының төрағасы Асылы Осман, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдина, «РАНОЙ» күрд этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гамзе Гейдаров, Жетекші журналистер клубының төрағасы Гүлжан Қызайбай бастаған 50-ге жуық Ассамблея мүшесі сессияға қатысып, ел Президентінің мазмұнды баяндамасына құлақ түріп, ұйым алдында тұрған мақсат-міндеттерді саралап қайтты.

    Алма ЕСЕНБАЙ

    Ұсынымдар

    Алматы облысында мұнай базалары мен жанармай құю бекеттері қауіпсіздік талаптарына сай

    Алматы облысында мұнай базалары мен жанармай құю бекеттері қауіпсіздік талаптарына сай

    2 years ago
    Қонаевта жүздеген адам сенбілікке шықты

    Қонаевта жүздеген адам сенбілікке шықты

    1 month ago
    Генералдармен кездесті

    Генералдармен кездесті

    3 weeks ago
    Кәсіпкерлікке қолдау зор

    Кәсіпкерлікке қолдау зор

    6 months ago
    Медициналық ұйымдар қаржыландырылды

    Медициналық ұйымдар қаржыландырылды

    11 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.