Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай Халық Республикасы «YTO Express» компаниясының басқарма төрағасы Юй Хуэйцзяомен кездесіп, маңызды жобаны талқылады. Қытай компаниясы ұсынып отырған жоба жүзеге асқанда Алматы облысында алдағы екі жылда жаһандық көлік желісіне, БАӘ, Венгрия, Таиланд, Бразилия, Эфиопия және Америка Құрама Штаттарының ұқсас орталықтарымен қатар жүретін «YTO Express»-тің ең үлкен Орталық Азия мультимодальды логистикалық хабы жұмысын бастамақ.
Бұл аймақтың экономикалық әлеуетіне оң әсер ететін тауарды өңдеу, сұрыптау және жеткізу мүмкіндігін едәуір кеңейтеді. 2026 жылға қарай қытайлық инвесторлар қазақстандық мультимодальды орталықты қамтитын ғаламдық жеткізу желісінің құрылысын аяқтауға ниетті.
Кездесуде логистикалық хабтың құрылысы тек Алматы облысын ғана емес, бүкіл еліміздің дамуы үшін маңызды рөл атқаратыны жайлы сөз болды. Облыс әкімі осындай ірі жобаны сәтті жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдауды ұсынуға дайын екенін жеткізді.
– Логистикалық хабтың құрылысы облыстың ғана емес, Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетін дамытуға оң әсер етеді. Біздің Қытаймен достық қарым-қатынасымыздың арқасында Алматы облысы мен Қытай арасындағы сауда дәстүрлі түрде жоғары деңгейде қалады. Екі жыл ішінде тауар айналымы тұрақты түрде 1 млрд доллардан асады, – деді Марат Елеусізұлы.
«YTO»-ның басқарма төрағасы «YTO Express»-тің Қытайдағы ең ірі логистикалық компаниялардың бірінен саналатынын, компания қызметкерлері жарты миллионнан асатынын, иелігінде өзінің 19 жүк ұшағы және бірнеше мың жүк көлігі, паркі бар екенін тілге тиек етті. Бұл әлем бойынша жеткізудің жоғары жылдамдығы мен сенімділігіне мүмкіндік береді. Мейман жоба басталғаннан бері Алматы облысы әкімдігінің айтарлықтай қолдауына ие болғанын айтты.
– Біз тапсырманың ауқымы мен маңыздылығын білеміз. Бұл жеткізу желісінің негізгі буыны болады. Осы жобаны 2-3 жыл ішінде бірлесіп жүзеге асыра аламыз, – дей келе, хаб салу үшін орын мәселесін шешу керегін алға тартты. Марат Елеусізұлы мәселені шешу жолы қарастырылатынын жеткізді.
Қытайлық қонақ жоба экономикалық мақсаттардан басқа, мүдделі әлеуметтік аударым жасауға және елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға арналғанын атап өтті. Мейманның айтуынша, Қытай халық логистикалық компаниясы 2000 жылғы мамырда құрылған. Шанхайда орналасқан. Компанияның курьерлік жеткізілімі Гонконгтың барлық ірі қалаларында, Оңтүстік Кореяда, Жапонияда және Тайваньда жұмыс істейді. Елуден астам шетелдік бөлімі ашылған.
Аймақ басшысы логистикалық орталықтың құрылуы жаһандық өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне жетуге, жобаларды сенімді түрде жоспарлауға және іске асыруға мүмкіндік беретінін айта кетті.
Кездесу соңында екі тарап мамыр айында Қытайдағы компанияның бас кеңсесінде жолығатын болып уағдаласты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ