«Өткенін білмеген халықтың болашағы да бұлыңғыр!» дейді дана халқымыз. Біз сан-ғасырлық бодандықтан кейін тәуелсіздігімізді жария етіп, мемлекеттігімізді қайта қалыптастырып жатқан ұлт екеніміз рас. Ал ел іргесін бүтіндеп, еңсемізді тіктеу үшін тілімізді, тарихымызды, салт-дәстүрімізді қалпына келтіру аса маңызды. Осы орайда Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор, әскери ғылымдар докторы, ҚР әскери ғылымдар академиясының академигі, полковник Досай Абырайымға жолығып, тарихымызға қатысты өзімізді мазалаған сауалдарды көлденең тартқан едік.
– Досай Қасымұлы, тарихтың мемлекет құру мен ұлттық сананы қалыптастырудағы алатын орны қаншалықты?
– Тарихтың халық үшін маңыздылығы және оны мемлекеттің болашағына қатыстылығы дау тудырмайтын ақиқат десем, қателесе қоймаспын. Жалпы алғанда, тарих ғылымы – адамзаттың тәжірибесі, философиялық ойлары мен мәдени жетістіктерінің жиынтығы ретінде халықтарды бір-бірімен байланыстырады. Әлем тарихы мен біздің ұлттың тарихы адамзат ақыл-ойымен, бабаларымыздың әскери ерліктерімен, халық өміріндегі қайғы мен жеңістермен, ұлы жаңалықтар және жасампаздықпен айқындалады. Мұның бәрін ұмытуға немесе білмеуге, зерттемеуге хақымыз жоқ. Тарихты зерттеу бізге өткен өмірімізді талдауға, белгілі бір оқиғалардың себеп-салдары мен өзара байланыстарын анықтауға аса қажет. Бұл өткеннің қателіктерінен үйрене отырып кейбір жайлардың неліктен орын алғанын түсінуге, сабақ алуға және болашақты жоспарлауға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, өзіміздің шынайы тарихымызды әлі де жақсы білмейміз.
Атақты қазақ ғалымы әрі ағартушысы Халел Досмұхамедов 1918 жылдың наурызында Қазақ автономиясы мәселесі бойынша Ленинмен және Сталинмен кездесуге дайындалып жатқанда: «…Ит өз бейнесін айнадан көргенде үреді, өйткені ол өз келбетін танымайды, себебі ол оны өмірінде ешқашан көрмеген! Біз де өзіміздің шынайы тарихымызды білмейміз, қазақ халқының және біздің аталарымыздың Ұлы даладағы тарихын жадымыздан шығарып алғанбыз», – деген екен. Мен бұл сөздердің дұрыстығына күмән келтірмеймін.
Ғалым әрі тарихшы ретінде әскери құрылымдарда қызмет ететін кейбір қазақ офицерлерімен сөйлескенде, сұхбаттасқанда, олар Халел Досмұхамедовты, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлғаларды білмейтінін көріп жүрмін. Ал бұл жерде біз кеудемізді кере мақтанатын деректер жетерлік. Мысалы, бірінші Алаш үкіметінің 15 министрінің барлығы жоғары білімді, тек біреуі ғана техникалық училищені аяқтап, орта білім алғаны ешкімге құпия емес. Салыстыру үшін, бірінші Кеңес үкіметінің министрлері арасында тек екі адамның ғана жоғары білімі болған: олар Ленин мен Луначарский екен. Жалпы, Кеңес мемлекеті басшыларының білім туралы деректері қызық! Сталин шіркеу жанындағы рухани семинарияны аяқтамаған, Хрущев орта кәсіптік білім алған, Ворошилов, Калинин приходская мектебінде оқыған, Свердлов гимназияны, Халық комиссары Троцкий Одесса қаласындағы шеберлік училищесін, Феликс Дзержинский Польшадағы Виленский гимназиясынан аяқталмаған орта білім алған. Ал Керенский, Тухачевский, Фрунзе және Колчакта жоғары білім болған. Осы жерде Санкт-Петербург университетінің экономика факультетін бітірген, көптеген ғылыми еңбектің авторы, 9 шетел тілін меңгерген, Ресей мемлекеттік Думасының депутаты, қазақ делегациясының жетекшісі Әлихан Бөкейханның жергілікті мектептің түлегі М. Калининмен қазақ халқының мемлекеттік құрылымы туралы қалай сөйлескенін елестетудің өзі қызық.
– Сіз – әскери ғалымсыз. Демек, әлемде орын алған ірілі-ұсақты соғыстардан хабарыңыз бар. Осы орайда біздің осы ұрыстардағы орнымыз әділ айтылып жүр ме?
– Біз өз тарихымызды әлі дұрыс білмейміз дедім ғой. Әсіресе, Ұлы даладағы ата-бабаларымыздың әскери тарихын және қазақ хандары мен қолбасшыларының ұлы шайқастардағы ерліктерін айтып бере алмайтынымыз рас. Сонымен қатар біз Екінші дүниежүзілік соғыс, оның шынайы батырлары туралы да толық біле бермейміз. Сол алапат майдандағы ерліктер әлі күнге дейін лайықты бағаланбай келеді. Осының бәрі – біздің ескі тарих оқулықтарымен оқып, білім алуымыздың және әлі де оқып жатқанымыздың салдары. Заманымыздың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменов: «Қазақстан тарихы оқулықтарын оқып отырып, мен ең басты нәрсені таппадым – мен онда қазақтардың тарихын таппадым», – деген еді. Енді біз оқып жүрген тарихқа тоқталып өтейікші. Мысалы, Марафон шайқасы мен грек қолбасшысы Мильтиадтың тактикасы, Канндағы шайқас және Ганнибалдың өнері, Александр Невскийдің Чуд көліндегі тактикасы, Дмитрий Донскойдың Куликов шайқасындағы әдісі, Александр Суворовтың Измаилға шабуылы және Михаил Кутузовтың Бородино шайқасындағы тактикасы туралы кеңінен жазылған. Солардың бірі – Куликов шайқасында не болған еді? Жақында ресейлік тарихшы Сергей Цветковтың мақаласында, сондай-ақ Ресей тарихшылары Сергей Никитин мен Дмитрий Борисовтың кітаптарында Куликов шайқасы жайлы мүлде басқа жағдайлар баяндалғанын оқыдық. Мұнда Пересвет пен Челубейдің кескілескен шайқасы туралы аңыз теріске шығарылады! Ресей мемлекеттік Думасы бүгіндері Куликов шайқасының жеңісін емес, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін әскери даңқ күні деп жариялау мүмкіндігін талқылап жатқаны туралы ақпарат тарады. Куликов шайқасы, татар-моңғол шапқыншылығына қарсы осы ұлы Жеңіске арналған ондаған кітап пен суреттер бар! Солардың ішіндегі ең белгілісі – Бубновтың «Куликов жазығындағы таң» картинасы. Онда Дмитрий Донскойдың әскері, дәлірек айтқанда, әскердің құрамы объективті түрде көрсетілмеген. Қазір анықталғандай, моңғол-татар езгісінің аяқталуы 1380 жылы болған жоқ. Осыған қатысты бір қызықты дерек: Куликов шайқасындағы жеңістің 640 жылдығын атап өту туралы сұраққа Ресей Президенті В. Путин күлімсірей отырып: «…Біз қай жеңісті атап өтеміз? Өйткені, сол жақтан да, оң жақтан орыс князьдарының және поляк вельможаларының әскері болды. Сонымен қатар екі жақтан да басты соққы күшін татар атты әскері құраған?!» – дегені есімде. Сондықтан тарих жайлы айтқанда, ешнәрсеге сенімді болу мүмкін емес.
– Дұрыс-ақ. Ұлы дала өркениеті мен олар жүргізген ұрыстар жайлы не дейсіз?
– Қазіргі қазақ халқының шығу тегі туралы көптеген зерттеу, генетикалық сараптамалар жүргізілген. Ал Түрік қағанаты туралы айтқанда, оның мәдениеті мен тұрмысы, мемлекеттің әйгілі қағандары – Тоныкөк, Білге қаған, Бумынның ерліктері мен жетістіктері бізге ежелден мәлім. Бұл кездейсоқ емес, себебі Түрік өркениетінің негізгі белгілері: дін, дәстүр, тіл, тіпті есімдері де бүгінгі күні қазақтардың өмірінде қолданылып келеді. Олжас Сүлейменов Түрік қағанатының ұлы қолбасшылары Ештеми хан мен Күлтегіннің жазбаларын оқып, бұл жазбалардың Еуропа үшін ІІІ ғасырда белгісіз болған жазба түрлері екенін және оларды әлем мәдениетінің асыл қазынасына жатқызуға болатынын айтты. Сонымен қатар бұл жазбалар қазақтар үшін аударма жасамай-ақ түсінікті болған! Сондықтан қазақтардың Ұлы түріктердің қыпшақтар тармағына жататыны тарихшылар арасында ешқандай күмән тудырмайды.
Ұлы даланың даңқты қызы – Разия сұлтан туралы деректер әлі де болса терең зерттеуді қажет етеді. Делидегі Қыпшақ ханының қызы Разия сұлтан 1236 жылы қараша айында Оңтүстік Азиядағы алғашқы мұсылман билеушісі ретінде танылды. Оның есімі «Разият Ад-дуниа Ва-д-дин» (әлем мен діннің сүйіктісі) деген титулдан шыққан. Ханшайымның билігі туралы бірнеше фильм түсірілді және кітаптар жазылды. Үнділер қазақ даласының халық сүйген билеушісін жоғары бағалайды және құрметтейді. Ұлы даладан шыққан мұндай әйгілі тұлғалар әлем тарихында аз емес!
Ал сақтарға қатысты айтар болсақ, жақында біз Ұлы дала тұлғалары туралы әдемі тарихи альбом шығардық. Онда қазақтармен генетикалық байланысы дәлелденген Тұмар ханым (Томирис) өзіне тиісті орын алды. Сақтардың ұлы патшайымы – Тұмар ханымға 2008 жылы елордамыз Астана қаласында ескерткіш орнатылды. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 2025 жылдың 7 наурызында Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты марапаттау рәсімінде: «Томирис пен Бопай ханымның, Домалақ ана, Зере мен Ұлпан сынды аңызға айналған аналардың, Ұлы даланың ержүрек қыздары Әлия, Мәншүк және Хиуаздың есімдері халқымыздың жадында мәңгі қалады», – деп атап өтті. Бүгінге дейін ешкім де бізді аталған даңқты патшайымдарды меншіктеп алдыңдар деп айыптаған жоқ!
Сондай-ақ біздің Жезқазғанға жақын жерде Шыңғыс ханның үлкен ұлы, Ұлы дала мемлекетінің негізін қалаушы – Жошы хан жерленген. Оның кесенесі осында орналасқан. Ресей тарихшылары Алтын Орда түрік халықтарының мемлекеті болғанын мойындады, мұнда моңғолдардың үлесі болымсыз ғана. Ал оның негізін қалаушы Жошы хан – қазақ хандарының атасы. Қазіргі моңғолдар Қазақстанға арнайы келіп, Жошы ханның кесенесіне бірнеше шақырым бойы тізерлеп барады, себебі оның әкесі әлемдегі ең ұлы империяны құрған – Шыңғыс хан!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 15 наурызында Атырау қаласында өткен VII Ұлттық құрылтайда: «Біз ұлттық тарихымыздың ауқымын толық білуіміз және түсінуіміз қажет, өзіміздің мәдени мұрамызды қорғап, насихаттауымыз керек. Қазақстан Ұлы дала көшпелі өркениетінің тікелей мұрагері болып саналады», – деп айтты. Бұл, әрине, Алтын Орданың – астрахандық, қазандық және тіпті Сібір татары сияқты басқа да мұрагерлері болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Мемлекет басшысы осы құрылтайда Қазақстан тарихының жаңа академиялық жеті томдық кітабын жазуға жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл жобада 250-ден астам ғалым, оның ішінде 60 шетелдік маман жұмыс істеуде.
Сонда қазақ мемлекетінің тарихын қай кезеңнен бастаған жөн деп ойлайсыз?
– Сұрағыңыз өте орынды! Осыған қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Оларды екі негізгі топқа бөліп қарастыруға болады: бірінші топ, бұл – дәстүршіл-консерваторлар, яғни, тарихи оқиғаларды оқулықтарда баяндалғандай қабылдап, бәрін өзгеріссіз қалдыруды ұсынушылар. Екінші топ, бұл – тарихты терең зерттеушілер, ізденушілер, яғни, бұрынғы кеңестік оқулықтардың шеңберінен шығып, жаңа мәліметтерге жауап іздейтіндер. Мен өзімді екінші топтағы тарихшыларға жатқыза отырып, қазақ халқының мемлекеттілігі мен тарихын 1465 жылғы Керей мен Жәнібек ханның билік құруымен басталатыны туралы пікірмен келіспейтінімді мәлімдеймін! Ойланып көрейікші, Керей мен Жәнібек өздерінің ағасы Әбілқайыр ханнан бөлініп, Қазақ хандығын құрды. Ал сонда олар бұған дейін кім болған? Қазақ болмады ма? Сонда олардың ағасы – Әбілқайыр хан (ол заманда ұлттар болған жоқ) кім болды? Қарапайым логика – қазақтар және олардың ата-бабаларының тарихы Керей мен Жәнібектен бұрынғы кезеңдерге, яғни, 1465 жылдан әлдеқайда көне болуы керек дегенді көрсетеді. Сондықтан мен қазақ мемлекеттілігін Жошы ханның ұлысынан, яғни ХІІ ғасырдан, дәлірек айтқанда, 1224 жылдан бастау керек деп есептеймін. Бұл жайлы біздің Президентіміз құрған Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты нақтылы дәлелдер ұсынары анық.
– Біз неге өзіміздің өткенімізді жадымыздан шығардық? Халықты мәңгүрттікке итермелеген қандай күш?
– Ресей билеушісі Екатерина мен Сталиннің қазақтар мен олардың ата-бабаларының тарихын зерттеуге тыйым салуы туралы деректер бар. Біз, Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұланның қазақтың батыры Едіге туралы зерттеулерінен нені көреміз? Неге Сталин Шыңғыс хан мен Алтын Орда дәуірі туралы жазуға тыйым салды? Ермұхан Бекмаханов, Вениамин Юдин және басқа тарихшылар неге қуғын-сүргінге ұшырады?! Қысқасы, біз өз тарихымыздың шынайы сипаттамасын алдағы жылдардан күтеміз.
Қазір біз, бәріміз 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын салтанатты түрде атап өтуге дайындалып жатырмыз! Бұл соғыс туралы көптеген кітап пен оқулық жазылған, жүздеген фильм түсірілген. Алайда бұл жерде бәрі объективті және түсінікті деп айта аламыз ба?
Өткен жылы мен бірнеше қалада қазақтың халық батыры Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған іс-шараларда сөз сөйлеген болатынмын. Осыған байланысты маған: «…Неге Қошқарбаев пен Булатовтың Рейхстагқа Жеңіс туын алғаш орнатқан ерліктері жасырылған? Михаил Егоров пен Мелитон Кантарияның аңызы кімдерге және не үшін қажет болды?» – деген сұрақтар жиі қойылды. Бұл сұрақтар әлеуметтік желілерде әлі де талқылануда, сондықтан сол туралы толығырақ түсініктеме беруге тырысайық!
Біріншіден, нағыз Батыр кім? Батыр атағын алған адам ба? Немесе өміріне үлкен қауіп төндіре отырып, ерлік жасаған адам ба? Мен үшін – бұл екіншісі! Осы тұрғыдан алғанда, Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов – Батырлар. Екіншіден, олардың ерлігі жасырылмаған. Екеуі де ерекше батылдығы мен ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталды! Олардың ерлігі майдандық газеттердің барлығында жарыса жазылды. Ал неге Рейхстагқа Жеңіс туын алғаш орнатқан Михаил Егоров пен Мелитон Кантария деп жарияланған деген сұраққа мен былай түсініктеме беремін: бұл жағдай сол кезеңдегі мемлекет идеологиясының көрінісі болып саналады.
Тағы бір мысал! Біздің танымал танкисіміз Айтмахан Нақыповтың ерлігі неге тұрады?! Ол «Т-34» танкімен Берлинге бірінші болып енген! Бірақ бұл экипаждың ешқайсысы Батыр атағына ие болған жоқ. Біздің тарихымыз бен біздің батырларымыз халқымыздың рухани-мәдени құндылықтары мен дәстүрлерін, жоғары мәдениетті, ерлікті және батырлықты қалыптастыру үшін үлгі ретінде керек! Сондықтан біз өткеніміздің, әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыста ұмыт болған батырлар мен көрнекті тұлғаларын білуіміз және олардың ерліктерін насихаттауымыз қажет.
– Осы орайда, тарихымыз арқылы ұрпақты тәрбиелеу мәселесін жолға қойған жөн шығар?
– Дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда еліміздегі патриоттық тәрбие мәселесінде не көріп отырмыз? Бұл жерде түріктердің патриоттық тәрбиедегі ұстанымдары айта қаларлық. Мысалы, олардың тарихи сериалдарында патриоттық рух айқын аңғарылады. Мен сияқты көптеген адам «Ертұғырыл», «Осман» сериалдарын көрген болар. Әрине, тарихшы ретінде, даталар мен тарихи тұлғалар жөніндегі сәйкессіздіктерді байқадым. Бірақ бұл сәйкессіздіктер маңызды емес. Мәселе, осы фильмдерді көріп отырған адамдарды Осман мен оның достарының батылдығы толғандырып жатса, солардай болуға үндесе, жеткілікті емес пе?! Жапония мен Оңтүстік Кореяның патриоттық фильмдері де сондай. Ал біз не істедік? Айтудың өзі ұят! Осы орайда министрлерге: «Сабинка-келинка» сияқты кесапатты келін туралы немесе «Бизнес по казахски» сияқты жастарымыздың мәдениетсіздігі мен надандығы туралы фильмдермен сіздер не насихаттап жатырсыздар? Осылайша, нағыз сайқымазақ және біздің халықты келемеждеуші фильмдермен балаларды тәрбиелейсіздер ме?» – деген сұрақ қойғым келеді.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда барлық әскери өмір немесе полиция туралы фильмдерде қылмыскерлерді негізінен танымал әдемі актерлер ойнайды, ал полиция офицерлері көбінесе ұсқынсыз болып, көп жағдайда ішкіш, парақор ретінде суреттеледі. Мүмкін, осы себептен қазіргі кезде көптеген адам өз Отанына қызмет ету мен қорғаудан бас тартып жатқан болар. Сондықтан біз ұмытылған батырларды жадымызда жаңғыртып, олардың ерліктерін насихаттауымыз қажет!
Ұлттық тарихты зерттеу – патриотизм мен азаматтық сананы тәрбиелеудің қуатты құралы екенін білуіміз керек. Өз елінің тарихи жеңістері мен батырлықтарын зерттеу арқылы адам өз Отанына деген мақтаныш сезімін қалыптастырады. Бұл мақтаныш туған жерін, оның мәдени және тарихи құндылықтарын сақтау мен қорғауға деген ұмтылысты оятады.
Сондай-ақ азамат пен патриотты қалыптастырудағы моральдық құндылықтарды да ұмытпауымыз керек. Қазақ халқының тарихы – абыройлы әрекеттері, өз халқының бостандығы мен әділеттілігі үшін күреске толы. Мұндай тарихи әрекеттер моральдық бағдарлар ретінде қызмет етеді және жаңа ұрпақтарды ерлік пен батырлыққа баулиды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Қуат Қайранбаев