Облыстық әкімдікте өткен кеңейтілген отырыста биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы талқыланды. Жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бірқатар басқарма басшысы мен аудан әкімдерін сынға алып, аймақ экономикасын қарқынды дамыту үшін жаңа міндеттер жүктеді.
Кеңейтілген отырысты Марат Елеусізұлы кадрлық тағайындаулардан бастап, Нұржан Құдайбергеновтің облыс әкімінің кеңесшісі, ал Ғалым Тоқпейісовтің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалғанын жеткізді. Одан кейін отырыстың күн тәртібіне сай І тоқсандағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің атқарылуы жайын пысықтады.
І тоқсанның қорытындысы бойынша облыс экономикасының өсуі 113,2 пайызды құрады. Өнеркәсіп өндірісі, құрылыс, тұрғын үй, байланыс сынды салаларда тың серпін байқалған. Алайда облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы, көлік қызметтері, сауда және аймаққа инвестиция тартудағы көрсеткіштер төмендеген. Өз кезегінде аймақ басшысы өңірге инвестиция тартудағы көрсеткіштердің көңіл көншітпейтінін жасырмады.
– Тоқсан қорытындысы бойынша, негізгі капиталда инвестициялардың өсуі 113 пайызды құрайды, бұл – жоспарға қол жеткізу үшін талап етілетін орташа жылдық қарқыннан төмен. Бізде өңірді одан әрі дамытудың нақты жоспары бар. Инвестиция тарту – бастапқы кезеңі ғана. Негізгі міндет – жобаларды іс жүзінде іске асыру, яғни учаскені бөлуден бастап, өндірістік қуатқа шығуға дейін қамтамасыз ету. Бұл ретте инвесторларды қолдауға ерекше назар аударылып, мәселелер жергілікті деңгейде дер кезінде және мақсатты түрде шешілуі керек, – деді облыс әкімі.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев сөз алып, сәуір айына дейін өңірімізде құрылыс жұмысы мен ірі инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асқанын атап өтті.
– Биыл 53 саяжай алабын 7 ауылдың шекарасына енгізу жоспарланып отыр. Осы негізде 677 саяжай алабының 367-сі құжаттамамен қамтылмақ. І тоқсанның қорытындысы бойынша, 268,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінде 13 елдімекенді газдандыру мақсатында 6,7 млрд теңге бөлінді, барлық жұмысты аяқтау үшін қосымша 3,9 млрд теңге қажет. 29 жобаға, оның ішінде Қонаев қаласын дамытудың кешенді жоспары аясындағы 8 іс-шараға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылым бойынша 10 жоба іске асырылуда, оның ішінде 6 жоба аяқталды, 2 жобада жұмыстар жалғасуда, тағы 2 жобаны іске қосу жоспарлануда. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін 898 км желі салынып және жаңғыртылып, желілердің тозу деңгейі 47 пайызға дейін төмендейді, орталықтандырылған ауызсумен қамту көрсеткіші 99,6 пайызға жетеді, – деді ол.
Облыс экономикасының негізгі драйверлерінің бірі агроөнеркәсіптік кешен болып саналады, оны дамыту үшін барлық қажетті жағдайды жасау қажет. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Тоқпейісовтің ақпаратына сәйкес, биыл егіс көлемі 436,8 мың гектарға жеткізіліп, 2024 жылмен салыстырғанда 12,9 мың гектарға артқан. «Кең дала» несиелік бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмысына 15,7 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл республикалық бюджет есебінен тағы 2,5 млрд теңге қарастырылып, 200 микронесие беру жоспарланған. Сонымен қатар облыста бірқатар жобаларды Ислам даму банкі арқылы қаржыландыру көзделген. Бірінші кезеңде құны 91,7 млрд теңгеге жуық 3 жоба жүзеге аса бастаған.
Келесі кезекте үшауысымды мектептердің санын азайту мәселесі сөз етілді. Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева өңірдегі мектептер жүктемесі жайлы баяндады. Өткен жылы 14 375 орынға арналған 12 мектеп қолданысқа беріліп, үшауысымда оқитын мектеп саны 52-ден 31-ге дейін азайған. Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 мектептің құрылысы жүргізілуде. Үшауысымды 11 мектептің 5-еуінің және мектебі жоқ бір елдімекеннің мәселесі шешімін таппақ. Десе де, қалған 17 мектеп бойынша орталық мемлекеттік органдар және жеке инвесторлармен жұмыстар белсенді жүргізілуі қажет.
Кеңейтілген отырыста ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әзілжанұлы аймақта ашылып жатқан телеарна туралы баяндап, оның құрылымдық мәселесін тілге тиек етті.
Отырыста облыс әкімі басты міндет экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету және халықтың табысын арттыру екенін атап өтті.
– 2025 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша облыс экономикасының негізгі салаларында тұрақты өсім байқалады. Алайда қол жеткізілген көрсеткіштерге тоқмейілсуге болмайды. Жүргізілген талдаудан бірқатар мәселе мен кейбір жылдық индикаторлардың орындалмау қаупінің бар екені байқалады. Осыған байланысты алдағы жұмысымыз жіберілген ағаттықтарды жедел түрде жоюға, ішкі резервтерді барынша пайдалануға және бекітілген жоспарларды тұрақты іске асыруға бағытталуы тиіс. Биыл өнеркәсіптік өндіріс көлемін 2,2 трлн теңгеге жеткізу және өсімді 106,4 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету міндеті қойылған. Сондықтан өндіріс көлемі төмендеген кәсіпорындар өз саласындағы позицияларын күшейту мақсатында әртараптандырудың түрлі тәсілдерін қолдануы тиіс. Агроөнеркәсіптік кешен – өңір экономикасының негізгі салаларының бірі екені анық. Алайда мемлекеттік қолдау мен ішкі әлеуетке қарамастан, І тоқсанның қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы өсім небәрі 1,9 пайызды құрап отыр. Осыған орай бұл бағыттағы жұмыс қарқынын күшейту керек. Су үнемдеу технологияларымен қамту деңгейі де төмен. Бірқатар ауданда аталған көрсеткіш 10 пайыздан да аспайды. Су ресурстарының шектеулі жағдайында заманауи тәсілдер белсенді түрде енгізілмесе, егін өнімділігінің төмендеуіне алып келеді. Қорытындылай келе, барлық бағыт бойынша оң динамиканы сақтау және арттыру қажеттілігін атап өткім келеді, – деп қорытындылады сөзін Марат Елеусізұлы.
Ерзат АСЫЛ