«Сөзіңнен кітапқұмарлығың байқалатындай», – дедім бірде Зинагүлге сөзді әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік туғызып. Таныстығымызға біраз уақыт өтсе де, ішкі жан әлемінің қоймаларында қандай құнды дүниелер барын білмейтінім рас еді.
Зинагүл әңгімені балалық шағынан бастады. Мұнысында бір гәп бар шығар деп үнсіз тыңдадым. «Бірде кітапханадан Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабын алдым. Шығарма тақырыбы балалық шағыма қарай жетелей жөнелді. Анамнан төрт жасымда қалдым. Сондықтан түр-түсі, кескін-келбеті есімде жоқ. Тым болмаса суреті де сақталмапты. Сүт сұрап қыңқылдағаным, анамның сүт беріп тұрған бейнесі ғана көз алдымда бұлыңғырлана елестейді. Анамның есімі Шолпан еді. Менен кейінгі баласына толғатып, қиналып жатқанда әпкем Нұркенің енесі Күлімхан келе қалады. О дүниелік болатынына көзі жетсе керек, анам Күлімхан құдағиына мені аманаттап тапсырыпты. «Сұлтанбай үйленеді, оның кейінгі әйелі қызыма дұрыс қарай ма, қарамай ма, Зинагүлді ана дүниеге барғанда сенің қолыңнан аламын», – депті. Күлімхан құдағи мені мектепке барғанша бақты. Обалы не керек, көңіліме қаяу түсірген жоқ», – дейді кейіпкерім.
Ажалмен арпалысып жатса да артында қалып бара жатқан шынашақтай қызына алаңдаған ана жүрегінің мейірім-шапағатын айтсаңшы деп ойладым.
«Сол кездегі ұжымшардың бастығы Әуел деген кісінің әйелі Кекілхан менің кіндігімді кесіпті. Анам қиналып жатса да сол кісіні шақыртыпты. «Зинагүлдің кіндіккесерін бермеп едім. Осы үйде не ұнайды, қазір ал», – депті. «Сіз жақсы болғаныңызда аламын», – деп қашқақтаған екен, анам: «Мойныма қарыз қылмай, қазір алып кет», – деп қоярда-қоймай басындағы құс жастығын суырып беріпті. Кекілхан кейін бір ұшырасып қалғанда бетімнен сүйіп, қал-жағдайымды сұрап бәйек болғаны бар. «Шөкем (анамды солай атайтын) өте жақсы адам еді ғой, иманды болғыр», – деп менің кіндіккесерімді бергенін айтып, көзіне жас алған. Анамның кезінде бірге жүрген құрбылары да мені көрген жерде анамның жақсылығын айтып, тауыса алмайтын. Бірде әкем Сұлтанбай кейінгі шешеммен ренжісіп қалғанда «Шолпаным аспандағы жұлдызым екен ғой» деп күрсінгені есімде. Жақсылығы ел аузында жүрген анашымның үлгі-өнегесін ала алмағаным өкініш болып өзегімді өртейді», – деп Зинагүл терең күрсінді. Он бір жасында әкесінен қалған оны Қайранбай, Қапар ағалары қарағанын айтты. Жайшылықта жадырай сөйлеп, көңілді жүретін Зинагүлдің ішінде ащы запыраны жиі-жиі өзегін қыжылдататынын кім білген?! «Анамның үлгі-өнегесін алсам, мүмкін басқаша болып қалыптасар ма едім?» дегенді айтқысы келгенін енді ұқтым.
«Жарайды, бұл әңгіме «Балалық шаққа саяхаттан» шығып кетті ғой. «Білімге құмартып, кітапты бүкіл жандүниеңмен сүй. Ол сенің ең жақсы досың ғана емес, өміріңнің ақырына дейін сенімді серігің де», – деген екен орыстың мықты жазушыларының бірі М.Шолохов. Сол айтқандай, 7-сыныптан дәл бүгінгі күніме дейін досым да, сенімді серігім де – кітап. Бойыма жігер-қайрат берді. Жамандықтан жирендірді, жақсылыққа жақын жүруімді нұсқады, Алдағы игі істерге үміттендірді», – деді Зинагүл Сұлтанбаева.
Одан кейінгі Зинагүл екеуміздің әңгімеміз былайша өрбіді:
– Өкінішке қарай, қазіргі жастардың кітап оқымайтыны қынжылтады. Кітап – сарқылмас қазына емес пе, сол қазынадан өз үлестерін алып қалуға неге ұмтылмайды деймін-ау», – деп қамықты ол.
– Жоқ, жастарды мүлде кітап оқымайтындарға жатқызуға болмас, олардың арасында әдебиетке жақындары жетерлік. Әсіресе, мектеп оқушыларын әдебиет пәнінің мұғалімдері жолын тауып, оқуға жұмылдыруда, – дедім мен.
– Мұғалімдерге рақмет, көркем әдебиет оқудың тиімді жолын тапқан, – дейді ол.
– М.Мағауиннің «Әйел махаббаты» әңгімелер жинағын алайық. Қазақстан қаламгерлерінің алдыңғы легінде тұрған классик жазушы ғой. Осы жинақта «Әйел махаббаты» шағын әңгімесінің көтерер жүгі ауыр. Осы әңгімеден қандай ой түйдің? – деп сұрадым әңгіме арасында.
– Өмірге енді ғана қанат қаққан жас жігіт Төлегеннің ауыр тағдыры ешкімді бейжай қалдырмайды. Жүрекке салмақ түсіреді. Ол консерваторияда оқиды, композитор, ән шығарады. Зия есімді қызды қатты жақсы көріп қалады. Бірде Зияға кездесуге келгенде Төлегенді тастап, Арыстан есімді жігітпен қолтықтасып кете барады. Қорланған намысты жігіт оқуын тастап, кетіп қалады. Ата-ана, туған-туыс, жанашыр дегеннен жұрдай жігіт күндіз оқып, түнде жұмыс істеп нәпақасын тауып жүрген. Кетерінде Зияға хат жазып, өзін сүйетінін, шығарған әнін өзіне арнағанын, қыздың өткендегі әрекетінен қатты қорланғанын, бұл қаладан кетіп бара жатқанын айтады. Хатты алған соң қателігін кеш түсінген қыз жігітті шарқ ұрып іздейді. Жатақханасына бір емес, екі барады. Таппайды. Жылдар зымырап өтіп жатады. Егер жындыханадан Төлегенді көріп қалмағанда, Арыстанға күйеуге шығып, мамыражай тіршілік кешіп жүре берер ме еді? Төлегенді көруі оның өмірін тас түскен қара судай лайлап кетті. Төлегеннің дәрігерімен сөйлесуге барғанда жігіттің бір күн бұрын қайтыс болғанын естіді. Жігіттің денесін алып, үйден шығаруға тәуекел етеді. Соңынан Арыстанды да, тұрып жатқан қаланы да тастап, Алматыға келеді. Менің айтарым, егер қыз Төлегенге сөз көмегін беріп, қолдау білдірсе жігіт дәл осындай пұшайман күйге түспес еді. Өзіңді шын сүйген жан – бағың. Бағыңды бағалай біл дегім келеді қыздарға.
– Д.Исабековтің «Қарғын» романы туралы ойың қандай? Қарғын сөзінің мағынасы нені білдіреді?
– Қарғын сөзінің мағынасы сай-саладан, жылғалардан тасқындай аққан жаңбыр немесе еріген қар суы деген мағынаны білдіреді екен. Бұл – жас әрі ерекше жазушы Жасын мен Бағила есімді студент қыздың арасындағы махаббат баяны. Романды оқығаннан кейін Дулат Исабековке қоңырау шалып: «Екі жас қосыла ала ма?» – деп сұрадым. «Егер қосылады десеңіз, қосылады. Қосылмайды десеңіз, қосылмайды. Жазушының мақсаты – оқырманды ойландыру», – дегенді айтты. Мен ойлана келе, қосылмайды деген шешімге келдім. Себебі Жасын отбасылы, әйелі, екі баласы бар. Қыз сұлу болғанымен ақылды. Біреудің отбасын ойрандамасы анық. Өйтуіне бір ауданның бастығы болып отырған әкесі де жол бере қоймас, – деп ой топшылады ол.
«Кітапті сүйіңдер! Ол сендердің өмірлеріңді жеңілдетеді. Ол сендерге адамды және өздеріңді қадірлеуді үйретеді. Ол ақыл-ойыңды, жүрегіңді, дүниеге, адамға деген махаббат сезіміне бөлейді» деп М.Горький айтқандай, Зинагүл сексенге келсе де, шаршау дегенді білмей, ұл-қыздарына кезек шапқылап жүргені өмірін жеңілдеткен кітаптың көмегі шығар деп қоямын іштей.
Зинагүл 19 жасында Жамбыл ауылының тумасы Ыбырай есімді жігітке күйеуге шығады. Ыбырай төрт қыздың ортасындағы жалғыз ұл еді. Кәрі ата-анасын бағу өзіне ғана қарап тұрғандықтан жастай еңбекке араласады. Түргендегі механизаторлар даярлайтын училищені тәмамдаған соң, шынжыр табанды тізгіндеген механизатор болды. Еңбекте үнемі алдыңғы шептен көрінді. Орден, медальдармен марапатталды. Ауылдастарының ортасында беделді болды. Өмірлік жары Ыбырай екеуі Серік, Рая, Асхат, Раушан, Мақсат, Назым, Жанар есімді ұл-қыздарды дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Перзенттері бұл күнде өмірден өз орындарын тапқан, үйлі, балалы-шағалы. Ыбырай 2003 жылы өмірден озды. Зинагүл ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бәрін аяқтандырды. Алтын алқалы ана. Қажылық парызын да өтеп келді. Күнде Алладан елінің амандығын, жұртының тыныштығын тілейді. Зинагүлдің тілегі қабыл болсын дейміз.
Тұрсынхан Шәлдибекқызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі