Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ресми өкілі Олжас Молдатаев өңірде өткен баспасөз мәжілісінде көктемгі егіс науқаны жайлы баяндады. Олжас Ерболатұлы өз сөзінде көктемгі егіс науқаны – бұл аграрлық өңірдің стратегиялық маңызды кезеңі екенін, қазіргі уақытта Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бұл іске белсенді түрде кіріскенін атап өтті.
– Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын 12,9 мың гектарға ұлғайтып, 436,8 мың гектарға жеткізу жоспарланды, өткен жылы 423,9 мың га болған. Қазіргі таңда 26,4 мың га алқапта күздік дақылдар, оның ішінде бидай 23,8 мың гектарға, арпа 1,5 мың гектарға, басқа да дәнді дақылдар 1,1 мың гектарға себілді. Егіс науқанының табысты өтуі үшін фермерлерді тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай және ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету – басты назарда. Дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде Gosagro порталы арқылы 283 шаруа қожалығынан жалпы көлемі 5 154 тоннаға өтінім берілді, былтырғы көрсеткіш 4 651 тонна болған. Энергетика министрлігінің 30 қаңтардағы хаттамасына сәйкес, бөлінген дизель отынының көлемі 4 650 тоннаны құрады. Республика бойынша дизель отынының көлемі 10 пайызға қысқартылды. Жүргізілген конкурстық жұмыс барысында дизель отынының бағасы литріне 250 теңге болып бекітілді. Ал министрліктің бекіткен бағасы – литріне 254 теңгеге дейін. Дизель отынын жеткізуші – «Петрофон» және «Rv Oil Gas» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, – деді спикер.
Баяндамашы ары қарайғы сөзінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселесі де назардан тыс қалмайтынын айтты. Биылғы 20 ақпаннан бастап «ҚазАгроҚаржы» ұйымы ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бойынша өтінімдерді 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен қабылдауды бастады. Бұл – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін техникаларын тиімді шарттармен жаңартуға үлкен мүмкіндік. Биыл ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша 520 техника сатып алу жоспарланып, қазіргі уақытта 170 жаңа техникаға 85 өтінім келіп түскен. Мемлекеттік қолдау аясында «Агробизнес», «Кең дала» бағдарламалары бойынша қаржыландыру қарастырылған, бұл фермерлерге қажетті ресурстарды уақытылы сатып алуға мүмкіндік береді. «Кең дала» несиелік бағдарламасы бойынша биыл Алматы облысына 15,7 млрд теңге бағытталған, бүгінгі таңда 2,3 млрд теңгеге 56 өтінім келіп түсті. Тұқым, тыңайтқыш үшін субсидиялар беру, су жеткізу шығындары және ЖЖМ құнын арзандату бойынша жұмыстар жалғасын таппақ. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Өсімдік шаруашылығы саласын қолдауға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге қаражат бөлінген, былтыр 4,4 млрд теңге болған.
Басқарманың ресми өкілі Олжас Молдатаев тұқым, тыңайтқыш, жанармаймен қамтамасыз ету немесе қаржылық қолдау шаралары туралы сұрақтар туындаған жағдайда, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне немесе жедел желіге хабарласуға болатынын еске салды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы еңбеккерлерді жан-жақты қолдауды жалғастыра отырып, саланың тұрақты әрі тиімді дамуы үшін барлық жағдайды жасайтынын алға тартты.
Бейбіт МЕКЕЕВ