Тәуелсіз еліміздің іргелі мемлекеттер қатарынан көрінуі үшін тер төгіп жүрген батыр тұлғалы азаматтар қаншама?! Әрине, оларды өмірге әкеліп, қоғамға лайықты тұлға ретінде тәрбиелеп, қалыптастырған ақ жаулықты аналар мақтауға, мадақтап, дәріптеуге әбден лайық. Соғыстан кейінгі қиындықты басынан өткеріп, тағдырдың тауқыметін тартқан қазақ әйелдерінің басынан не өтпеді десеңізші?! Аттың жалы, түйенің қомында дүниеге ұрпақ әкелгенінің өзі ерлікке пара-пар. Алланың берген балаларын қатарынан кем қылмай тәрбиелеп, үйдің де, түздің де жұмысына жегілді. Қабақ шытпай, ерлермен қатар еңбек етті. Бүгінгі бейбіт өмірдің талбесігінде тербеліп, бақытты күн кешіп отыруымызда қазақтың қайсар қыз-келіншектерінің үлкен үлесі бар.
Мұның бәрін жай айтып отырғаным жоқ. Саурық батыр ауылына, тіпті жыр алыбы Жамбыл ауданының жұртшылығына аяулы ана, ізетті келін ретінде белгілі «Алтын алқалы» ана, «Ұлы дала ел анасы» орденінің иегері Сонымбүбі Құданалықызы жайлы оқырманмен кеңінен сыр бөлісудің сәті түсіп отыр. Әз-ананың тағылымға толы өмір жолы кім-кімге болсын ой саларлық. Өмірге он бір бала әкеліп, оларды шексіз мейірімге бөлеп, аналық махаббат пен сүйіспеншілік бұлағынан сусындатқан қырғыз қызы әу бастан-ақ құт болып келген. Қазақ шаңырағының табалдырығын оң аяғымен аттапты. Осылайша, үлкен әулеттің шамын жағып, көсегесін көгерткен.
Келген жері – Шуаш, Таңатар, Құдайберді, Медетбек тәрізді елінің ертеңі үшін түн ұйқысын төрт бөлген текті, жүректі, білекті батырлардың елі. Сонымбүбі ана соны жете түсінді. Соған лайық келіндік міндетіне адалдық танытты. Киелі шаңырақта серігі Шаяхметпен өмірінің 60 жылын өткерді. Кішіпейіл келін, мейірімді ана, ақылман ене, қамқор әже бола білді.
Есімі аталған батыр бабалардан тараған Шаяхмет Ғайнанов Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, елге омырауын марапатқа толтырып оралады. Тағдырдың жазуымен үлбіреген әдемі қызбен тағдыр қосады. Соғыстан кейін арнайы білім алып, мал шаруашылығын өркендетуге бел шеше кіріседі. Ал Сонымбүбі ана үнемі отағасының жанынан табылып, жақсылық пен қиындықты бірге бөлісті. Балаларын алғыр, білімді, кішіпейіл, еңбекқор етіп өсіріп, елжандылық қасиеттерді тал бойына сіңірді. Сөйткен балалары бірер жыл бұрын ананың көзі тірісінде Ұзынағаш ауылындағы кең сарайдай «Сұлутөр» мейрамханасында мерейлі жасын дүрілдетіп өткізді. Кәдесый ретінде «Тағдырыма ризамын» атты ғұмырнамалық кітабы таратылды. Кітапты парақтап оқып шықтым. Сонымбүбі ана естелігінен әйел ретіндегі сұңғыла сырды аңғардым.
«Болашақ күйеуім Шаяхметті тұңғыш рет Ақтасты жайлауында көрдім. Өзім Қырғыздың Кіші-Кемін айылында өмірге келгенмін. Қоңыр жайлауы қазақтың Ақтастысымен шектесіп жатады. Қойы қоралас, өздері араласып жататын екі елдің еншісі әсте бөлінбеген. Шаяхмет өмірден көргені мен түйгені мол, соғыстан аман-есен оралған жауынгер екен. Болашақ жарымды Дүйсенбай деген туысқаным мен әкем де жақсы танитын болып шықты. Анам Күлипа оңаша шай ішіп отырғанда Шаяхмет жайлы суыртпақтап сөзге тартты. Сосын болашақ күйеубаласының орнықты азамат, жақсы жігіт екенін ескертіп өтті. Екі бетім ду етіп, төмен қарадым. Ана мен қыз іштей ұғысқандай болдық. Көп ұзамай, бір топ қазақ ағайындар маған құда түсуге келіп, Шаяхметке тұрмысқа шығып, қасиетті қазақ жеріне келін болып, қадам бастым», – депті сол бір жылдарды еске алған аяулы ана.
Алатаудың күнгейі мен теріскейін жайлаған бауырлас екі халық ежелден қыз беріп, қыз алысып, Майтөбе мен Құлансаз, Ақтасты жайлауы жаз бойы той-мерекеге ұласатынын бала кезімде талай көргенім бар. Бір-біріне тілектес, бауырмал қазақ пен қырғыз байланысы әлі күнге осылай жалғасып келеді. Қуаныштысы, қарапайым қырғыз қызының салт-дәстүрді сақтап, ана тілінің майын тамызғанының өзі қазақ халқына деген жүрек түкпіріндегі ыстық ықыласы деуге болар. Тіпті, ағайын-туыс, абысын-ажын арасындағы сыйластыққа да сызат түсірмей, үлкен шаңырақтың Шаяхмет ата иесі болса, өзі киесі ретінде береке-бірлігін кіргізген. Дастарқаны жиылмай, табалдырық аттағандарға ізетті ілтипатын көрсетті. Сондықтан Сонымбүбі жайлы айтылатын жақсы лебіздер жетіп-артылады. Ал, атамыз нағыз жомарттық көрсеткен азамат. Қонағына жалғыз атын сойып тастайтын ақпейілділігін үлкендер әлі күнге ұмытпайды.
Шаяхмет қарияның қызы Бектұрсынның сөзіне құлақ түрейік.
– Менің екінші анам Сонымбүбі мақтауға лайықты адам. Туған анам Зейнеханның бейнесі еміс-еміс есімде. Адам баласы пешенесіне жазғанына көнеді емес пе? Аяулы анамыздың «айналайын» деген жылы сөзі, мейір-махаббаты інім Әділбек екеумізге бұйырмады. Жаратқан иеміздің бізге деген үлкен мейірімі болса керек, екінші анамыздың жүрегі ізгілікке, мейірім-шапағатқа толы жан болып шықты. Сонымбүбі анамыз қара шаңырақты аттаған күннен бастап бауырымыз екеумізді туған балаларынан артық жақсы көрді. Біз де оның ыстық құшағына тығылып, туған анамыздай еркеледік. Көркіне ақылы сай парасатты қырғыздың ару қызының туған анамның шешесі – Салқын әжемізге деген құрметі, ыстық ықыласы ерекше болды. Анам өмірден өткен кезде қара шаңырақтан береке қаша бастаған еді. Сонымбүбі анамызбен бірге үйге қайтадан ырыс-бақыт, қуаныш, құт келді. Еңсесі түскен әкеміз де бойын тіктеп, жұмысқа алаңсыз кірісіп кетті.
Мен ауылдағы жетіжылдық мектепті бітірген соң 8-сыныпты Алматы қаласындағы №2 мектеп-интернатта жалғастырдым. Тағдыр маған елімізге кеңінен танымал тұлғалардан тәрбие алуға жазыпты. Осы кезде де анам өзінің маған деген қамқорлығын аямады, – дейді Бектұрсын апай. Қазіргі кезде ол көп жыл ұстаздық етіп, еңбегінің жемісін көрген жан. Марқұм анасын пір тұтып келеді. Өзі де бақытты ана, әже атанып, көргені мен көңілге түйгенін ұрпағына ұлағат етуде.
Иә, жақсының жолы – сайрап жатқан даңғыл. Осы жолдың бір тарамы – ағайын-туыс арасындағы бірлік, ынтымақ. Сонымбүбі ана осыған нық қадам жасады. Ол жайлы әріптесім Айкүміс Қыдырбайқызы былайша ой өрбітеді:
– Қазақтың тарихында ел аузынан есімдері өшпеген аналар бар. Солардың қатарына қырғыздың қаршадай қызы – кезінде қазақтың шаңырағына келін болған Сонымбүбі Құданалықызын да қосуға болар еді. Әңгімені әріден бастасам, мен Қыдырбайдың ерке қызы болдым. Апам алғаш келін болып, желек жамылып, шымылдыққа отырғанда 5-6 жас шамасында едім. Ауылдағы аласа үйдегі шымылдықты тамашалап, терезеден ары-бері кіріп, қасында отырғаным әлі есімде. Апамызды қырғыз елінен алып келген Шаяхмет атам менің әкем Қыдырбайдың немере ағасы. Атам әулетіміздің үлкені, сондықтан біз Шаяхмет ата, Сонымбүбі ана деп атадық.
Апамыздың аналық қамқорлығын бұл өмірде менен артық көрген адам жоқ шығар? Олай деуіме көп себеп бар. Әкем мен анам тауда бал арасын ұстап, көп жыл сыртта болды. Бастауыш сыныпты Көкөзек мектебінде оқыдым. Әкем мені Шаяхмет ата мен Сонымбүбі анамның қолына берді. Содан бастап анамыздың аялы алақанына, мейіріміне бөлендім. Мектеп баласы болғандықтан көп күтім керек, кейде алысып-жұлысып, ойыннан үсті-басымыз лас, топырақ болып келгенде ол кісі әсте қабақ шытпайтын. Дәмді тағамын беріп, сабағыма қарады. Өз балалары Әділ, Мұхтар, Роза, Раушанмен мені қатар ұстады, киіндірді, тәрбиелі, өнегелі болуға баулыды. Қазір марқұм апамның жүрегі қандай кең болған деп ойлаймын.
Апамның тағы бір ұлылығын көрсететін мына жайтты айтқым келеді. Ол кісі анасы қайтып, жетім қалған Бектұрсын мен Әділбек бауырымызды бауырына басты, ешбір сыр білдірмей анасының орнын басқанын ауыл халқы әлі де ұмытпайды. Қазір апамыздың 30-дан астам немересі, қырықтан аса шөбере, шөпшегі бар. Бұл – үлкен, өсіп-өнген әулет. Қазір үйі бөлек, жайы бөлек болса да, адамдар бірін-бірі көре алмайды ғой. Ал апамның болмысы, адами қасиеті қандай кең, биік болған деп таңданамын. Содан шығар, «Ел анасы» атанғаны?! Өмірден өткен асыл жандарды ұмытпаймын, мәңгілік өмірде нұрлары шалқысын, пейіштің төрінде болсын деген перзенттік тілегімді әрдайым айтамын, – дейді тебірене.
Иә, мұндай тілек, еске алулардан тек жылы лебіз, ыстық ықылас жібек жіптей өріледі. Білген сайын, Сонымбүбі ананың қарапайым болмысы, ыстық жүрегінің дүрсілін ұққандай боласың. Қарапайым қырғыз қызы, қазақ келіні, бірақ бір шаңырақтың іргесінің берік болуына қосқан еңбегі қандай десеңізші?! Ол кісі туралы әлі де жақсы сөздің айтылып жүргені қолы ашық, пейілі кеңдігінен болар?!
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген. Ұлағатты ата-анадан тәлім-тәрбие алып, адамгершілік әліппесін ашқан ұл-қыздары да жақсы қасиеттерді бойларына сіңірген. Соның бір дәлелі – бүгінде дүйім қазақ халқы танитын ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов бастаған ұрпақтары батыр бабалары мен ата-анасының алдындағы перзенттік парыздарын абыроймен өтеуде. Жыл сайын соғыс және еңбек ардагері Шаяхмет Ғайнанов атындағы халықаралық турнир өткізіліп, әкеге деген асқақ құрмет жастарға үлгі болуда.
Қара қылды қақ жарып, әділ би атанған Құдайберді бабаға Оңтүстікте қойылған құлпытасты, Таутүргендегі Медетбек батырға орнатылған кесенені, Жамбыл ауданындағы Қаракөтерме биігіндегі Медетбек батырдың еңселі ескерткішін біртуар азаматтың тәуелсіздігіміз үшін тер төккен баһадүр батырларға деген перзенттік парызының өтеуі ретінде қабылдаған жөн. Сонымбүбі ана осындай жақсы істердің үнемі басы-қасында жүрді. Балаларына бабалар алдындағы азаматтық парызы мен міндеттерін орындау қажеттігін айтып отырды.
– Қазағымнан айналып кетейін, не деген дарқан, не деген ақылман халық?! Жасымнан тәрбиелік ақыл-кеңесті үлкендерден естіп, жадымда ұстадым. «Қызым келіннен ғибрат алып өседі, ұлым елімнен ғибрат алып өседі», «Тау белгісі – тас, бар белгісі – ас», «Құт қонған елде Қыдыр қыдырып жүреді» деген сөзді көпті көрген ата-енемнен естіген едім. Тағылымды сөздің астарына мән беріп, өмірімде пайдаланып, қажетіме жараттым. Ойласам, мұның бәрі – баға жетпес тәрбие, ақыл. Абысын-ажын, ауылдастар арасындағы қарым-қатынастың да тәрбиеге көп әсері бар. Жақсылықтарын жүрегіммен қабылдап, сыйға-сый ретінде қайтаруға тырыстым. Ата-анасының мейірім-шуағына бөленіп, нәрленген ұл мен қыздың өмірде жаңсақ қадам жасауы мүмкін еместігін сезіндім. Балалардың бетімізге жел болып тимегені осы тәрбиеден деп ойлаймын, – деген марқұм Сонымбүбі ананың сөздерінде өмірден алынған шындық жатыр.
Батыр ананың өмір жайлы осындай байыпты толғаныстарынан оның көпті көріп, көңілге түйгенін байқайсың. Мұндай пікірді қиындықтарды сабырмен, үлкен жүрекпен жеңген жан ғана айта алады. Демек, елдің көл-көсір құрметіне бөленуі тегін емес. Бала үшін ана – әлемдегі ең аяулы, ардақты, мейірімді жан. «Анасы бар адамдар қартаймайды» деген өлең жолы тегіннен-тегін айтылмаған.
Сонымбүбі ананың ақылымен, Әділ Шаяхметұлының ұйымдастыруымен 2006 жылы Саурық батыр ауылындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Жаңа спортзал салынды. Ауылға газ келді, көшелері жөндеуден өтті, электр жүйесі жаңартылды. Сонымбүбі ананың қалауымен ұлы Әділ Шаяхметов Саурық батыр ауылында Алланың үйін салып, жерлестерінің игілігіне ұсынды. Қазір мешіт қариялардан бастап, жастарға дейін ғибадат жасайтын имандылықтың темірқазығына айналған. Осы киелі шаңырақтан тараған Бектұрсын – ұлағатты ұстаз, марқұм Әділбек – халықаралық дәрежедегі даңқты марафоншы еді, Азия чемпионы атанды. Роза – жеке кәсіпкер, Раушан – құрылыс саласының, Ғалия – медицина саласының мамандары. Бұлардан тараған ұрпақ өмірден өз орындарын тауып, бірі мемлекеттік қызмет атқарса, енді бірі жеке кәсіппен айналысып жүр. Олардың оқуларына, өсіп-өнулеріне әжесі мен Әділ ағалары ерекше қамқорлық көрсетті. Өмірден ерте озған Мұхтар, Айдар, Еділдің қайғысы да ардақты ананың қабырғасын қайыстырды. Әділ ағалары осы бауырларының отбасына қарайласып, қолынан келген көмегін жасады.
Бетпақ тағдырдың «заңы» да тым қатал. Тіршілікте жақсы мен жаман, қуаныш пен қайғы қатар жүреді деп тегін айтылмаған. Сонымбүбі ана бәріне де шүкіршілік жасады. Иілсе де сынбады, балаларына басу айтып, Алладан ағайын-туыс пен ұрпағына медет тілеуден жалықпай, өмірден өтті.
Үлкен шаңырақтағы бірлік пен ынтымаққа, ауызбіршілікке ұйытқы болған Батыр ана Сонымбүбі немере, шөберелеріне есім беруге де ерекше жауапкершілікпен қараған. Немерелеріне Әлен, Әсел, Ержан, Дәурен, Дінмұхамед, Ажар, Айерке, Жанар, Махамбет, Айтолқын, Бейбіт, Айнұр, шөберелеріне Айша, Айзере, Әбдірахман, Мүсілім, Бексұлтан, Әмір деп ат қойып, ақ жаулығының ұшына әжелік ақ ниетін байлапты.
Өмірінің соңғы сағаты соққанша балаларына ақыл-кеңесін айтып, ақылмандығынан айнымады. Әсіресе Әділ ініміздің мерейтойына қатысып, бата беруді армандады. Сол мақсаты орындалып, тойдан кейін бір апта өткенде келместің кемесіне мініп кете барды. Әз-ананың қазасына Қазақстанның әр шалғайынан қолынан дәм татып, мейіріміне бөленген азаматтар ортақтасып, соңғы сапарға арулап шығарып салды. Бұл – Сонымбүбі ананың Ғайнановтар шаңырағының ғана емес, ел анасы болғанының дәлелі. Оны көргендер терең ойда қалғаны анық. Бұл – жер басып жүрген кімге де ұлағат боларлық іс.
Міне, осы жылғы сәуірдің соңғы күнінде батыр бауырымыз, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов бастап, ел-жұрт қостап, Сонымбүбі ананың 90 жылдық мерейтойын, еске алу кешін атап өткелі отыр. Сонда Сонымбүбі Құданалықызының мерейіне келіні Айсұлу енесі жайлы ғибратқа толы «Бойтұмарым-Ана» атты кітабының тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отыр. Бұл шара Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» мемлекеттік мұражайында жалғасын табады. Тағы бір қуаныштысы, мұражайға батыр ананың портреті табысталып, естелік бұрышы ашылады.
Бұл шараның басты мақсаты – ұрпақ алдында әзиз аналардың мәртебесін ұлықтау. Мұны отбасы институты мен ұлттық дәстүрді нығайтудағы жарқын бастама десек болады. Өйткені, ана – тіршіліктің тірегі, ұрпақ сабақтастығының бұлағы, махаббат деген ұлы сезімнің көшбасшысы. Ана бақытты болса, бала мейірімді, қайырымды болады. «Отан – отбасынан басталады» деп тегін айтылмаған.
Адам өмірден өткеннен кейін ұрпағы ұмытпаса, рухын жиі еске алса, қандай ғанибет?! Бұл жағынан Әділ інім әрдайым адал ұл биігінен көрініп жүр. Біз де жаны ізгілікке толы Батыр ананың рухы шат болсын деген тілектеміз. Әз-ананың «Ел-жұртым аман болып, Алаштың береке-бірлігі ортаймасын» деген ақ батасы қабыл болғай!
Күмісжан БАЙЖАН,
ҚР Мәдениет қайраткері