Сенбі күні Қапшағай су қоймасының жағалауы жасанып шыға келгендей әсер қалдырды. Бұл күні қаланың көркіне көрік қосқан тағы бір жағажай пайдалануға беріліп, қала тұрғындары зор қуанышқа кенелді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, сағат тілі 11-ге таяғанда толқынды көлдің жағалауындағы жаңа нысанға сүйсіне көз тігіп, ашылу салтанатына куә болуды тағытсыздана күткен кәрі-жастың саны сәт сайын арта түсті. Сәулеті мен келбеті келіскен жағажайдың ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ақсақалдар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Жиналған қауымды жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған Марат Елеусізұлы бұл жобаның жай абаттандыру ғана емес, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы әрі тартымды заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болғанын баса айтты.
– Урбанистика саласындағы ең үздік стандарттарға сәйкес келетін жағалау аумағында жайлы демалу, серуендеу, спортпен шұғылдану және отбасылық демалыс үшін қажетті жағдай жасалған. Бұл жоба – халық игілігі үшін жүзеге асырылған нәтижелі әрі сапалы серіктестіктің жарқын үлгісі. Қонаев қаласы болашағы зор туристік және мәдени орталықтың бірі ретінде дамуын жалғастырып келеді. Мұндай бастамалар қаланың инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жолындағы маңызды қадам болып саналады. Жаңарған жағалау өңірдің инфрақұрылымын жетілдіріп қана қоймай, оның инвестициялық әлеуетін де арттырады. Жаңа жағалау қала тұрғындары мен қонақтары үшін сұранысқа ие және сүйікті орынға айналатынына сенімдімін, – деген аймақ басшысы жағажайдың көркеюіне атсалысқаны үшін «Freedom Life» компаниясы мен «Freedom Holding Сorporation» құрылымына алғыс білдірді. Сонымен қатар жобалау жұмысын жүргізген еліміздің үздік сәулетшілері мен урбанистердің еңбегін атап өтті.
Жағажайдың тұсаукесер рәсіміне құтты болсын айтқан «Freedom Holding Corp»-тың бас атқарушы директоры Тимур Турлов жағажайды қала тұрғындарының демалатын сүйікті орнынға айналдыру үшін қомақты ресурс, қажырлы еңбек пен уақыттың жұмсалғаны ірі холдингтің облыс орталығының ұзақ мерзімді және тұрақты дамуына қосқан үлесі болғанын жеткізді. Алты жылдай уақыт өмірді сақтандыру саласындағы цифрлық сервистің көшбасшыларының бірі болып келе жатқан «Freedom Life» компаниясының басқарма төрағасы Азамат Ердесов қалалық ортаны жайлы әрі шабыттандыратын жобаларды қолдайтынын, жағалауды абаттандыру бизнестің қала инфрақұрылымын жақсартуға қалай үлес қоса алатынының жарқын мысалы екеніне назар аудартты.
Ашылу салтанатының ең бір елеулі де маңызды сәті келіп жетіп, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Бауыржан Нұқаев ақ батасынан кейін Марат Сұлтанғазиев пен аталған қонақтар қолданысқа берілгелі тұрған нысанның лентасын қиды. Осы кезде әжелер тәттілерден шашу шашып, халқымыздың қуаныш айғағы ретінде жасалатын салтанатты дәстүрімізді орындады. Жиналған жұрт ырым қылып шашылған шашудан тала-тармаса теріп алып жатты. Әжелердің тәттілерден шашқан шашуынан кейін Айнұр Бекбосынова, Дания Қанышқызы, Темірлан Ерланов, Бибінұр Құлаханова, Қадыржан Сабырақын, Аружан Мұзафарлова сынды Қонаев қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, салтанатты рәсімнің ажарын айшықтап, көрігін қыздыра түсті.
Бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді әріптестіктің үлгісі болған ауқымды жобаны жүзеге асыруға «Freedom Life» АҚ 4,53 млрд. теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсеткен. Былтыр жазда басталған абаттандыру жұмысының барлығын құрышқолды құрылысшылар мінсіз атқарып шыққан. Бір шақырым болатын жағалауда бүгінде серуендеу, спортпен шұғылдану, отбасылық демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Тас төсеніштер төселіп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған. Жарықтандыру жүйесі толық жаңартылған. Футбол, балалар мен спорт алаңдары, жаттығу құрылғылары, субұрқақтар тынығушыларға қызмет көрсетуге сақадай-сай.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ