Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдық мерекесі күніне орай Алматы облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен ерекше тағзым шарасы өтті. Мереке аясында облыстық мәслихаттың 38 депутаты Қонаев қаласы мен Еңбекшіқазақ ауданында тұратын ардагерлер Оксана Бетебаева мен Солтанбай Жарықбасовтың үйлеріне арнайы барып, құрмет көрсетті.
Ардагерлерге шынайы алғыс пен ыстық ықылас ретінде шапан мен комзол кигізіліп, гүл шоқтары мен азық-түлік себеттері, 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық және Алғыс хат табысталды.
Оксана Бетебева 1920 жылы дүниеге келген. Жолдасы екеуі қан майданда табысып, отау құрған. Өзі жаралы әскерилерді емдеп, медбике болса, күйеуі жау әскеріне қарсы соғысқан. Кейіннен Қонаев (ол кезде Қапшағай) қаласына көшіп келген. Қазір әже бала-шағасымен бірге тұрады.
Солтанбай Жарықбасов – Ұлы отан соғысының ардагері. 1925 жылы 17 ақпанда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Алға ауылында дүниеге келген. 1943 жылдың қаңтарында Ташкенттегі мергендер курсында оқып, сәуір айында әскерге аттанады. Забайкалье майданындағы 25-ші қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамында 1-ші батальонының, 1-ші ротасының, пулемет бөлімшесінің командирі болған. Жапондықтарға қарсы соғысқа қатысқан.
1950 жылдың сәуірінде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Алға ауылына оралып, колхоздың есеп комиссиясының төрағасы қызметін 1951 жылдың тамызына дейін атқарады. 1951 жылы Түрген педагогикалық училищесін, 1969 жылы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай бітірген. 1951 жылдың қыркүйегінен 1956 жылға дейін Алексеевка және Ключи орталау мектептерінде мұғалім болып істеп, 1956 жылдан Алға бастауыш мектебінің меңгеруішісі, оқу ісінің меңгерушісі, 1971 жылдан 1985 жылға, яғни зейнеткерлікке шыққанға дейін, мектеп басшысы қызыметтерін абыроймен атқарды. 1992 жылдан бері Байтерек ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы болып, еліне еңбегін арнаудан жалыққан емес. Солтанбай атамыз бұл күнде аудан халқының алдында беделі жоғары, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі. |
1 дәрежелі Отан соғысы орденімен және «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойлық, мерекелік медалдарымен марапатталған ақсақал – Сегіз баласынан 26 немере, немерелерінен 23 шөбере сүйіп отыр. Өзінің үлкен әулетіне 2014 жылы Алматы облысы бойынша «Мерейлі отбасы» атағы берілді.