Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы құрылыс маусымы аясында 13 мың шақырым жол жасалады.
«Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Атырау – Доссор», Сарыағаш, Петропавл, Қызылорда және Рудный қалаларының айналма жолдарының құрылысы жүзеге асады.
Құрылысы осы кезге дейін басталған жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын “Қалбатау – Майқапшағай”, “Күрті – Қонаев”, “Қызылорда– Жезқазған” және “Ұзынағаш – Отар” жолдарының реконструкциясы жалғасады.
Ел тұрғындары жиі қолданатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орташа жөндеу бағдарламасының маңызы зор. 7 мың шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Олардың қатарында “Жезқазған – Петропавл”, “Мұқыр – Құлсары”, “Қандыағаш – Ембі – Ырғыз”, “Қостанай – Қарабұтақ”, “Өскемен – Шемонаиха”, “Өскемен – Рахман кілттері”, “Орал – Атырау” жолдары бар. Бұл жұмыс бірнеше жыл қатарынан жөндеу көрмеген жолдардың жай-күйін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
Бұларға қосымша жергілікті маңыздағы 4 мың шақырымға жетеғабыл жол жөнделеді.