Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында грек-рим күресінен даңқты балуан, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған республикалық ашық турнир басталды. Жарысқа еліміздің бес аймағынан 2008-2010 жылдары туған 140-тан астам жасөспірім қатысуда. Барлығы 12 команда.
«Олимпиада чемпионы, Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров Қазақстанды әлемге танытқан талантты спортшы ғана емес, ол сонымен қатар игілікті істерімен ел есінде қалған айтулы азамат. Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге атсалысты, кәсіпкер ретінде ауылды өркендетуге өз үлесін қосты. Қазақ балуанының есімі жүрегімізде мәңгі сақталады. Бүгінгі жарысқа Алматы, Шымкент қалаларынан және Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарынан жас балуандар бақ сынауға келді. Олар осындай турнирлер арқылы шыңдалып, халықаралық додаларда ел мерейін үстем ететін білікті спортшыларға айналады», – деді грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Билалдин Ушуров.
Жаксылық Үшкемпіров Жамбыл облысында дүниеге келген. Күреспен Шығыс Қазақстан облысында тұрақты түрде айналыса бастады. Спорттық мансабы аяқталғаннан кейін кәсіпкерлікке ден қойып, қайырымдылық шарасымен айналысты. Өз қаражатына Алматы облысы Мыңбаев ауылында спорт мектебі, балабақша және жас отбасылар үшін баспана салып берді. Соның арқасында ауыл балалары спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алды.
«Бүгін біз Жақсылық Үшкемпіровтің есімімен аталатын спорт кешеніне жиналып отырмыз. Балуанның өмір жолы – жастарға өнеге. Еңбектің нағыз ері еді. Меценат ретінде халықаралық жарыстардың ойдағыдай өтуіне үнемі қолдау көрсетті. Сондықтан ол кісінің рухына біз әрқашан тағзым етеміз», – деді грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, спорт ардагері Болатжан Теңізбаев.
Жас балуандар 10 салмақ дәрежесі бойынша (45 келіден +110 келіге дейін) күресті. Солардың ішінде Алматы облысының намысын қорғауға келген Қазақстан чемпионы Әлихан Болатбек те бар. Ол аталған турнир туралы өз ойымен бөлісті
«Мен үшін бұл жарыстың жөні бөлек. Өйткені ол қазақтың мақтанышы, даңқты спортшымыз Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналып отыр. Сондықтан мұндай додада бақ сынау – үлкен абырой. Менің салмағымда, 45 келіде өнер көрсетуге келген спортшылардың осалы жоқ. Бәрі жарысқа жеңу үшін барады. Мен де сол үмітпен келіп отырмын», – дейді әлихан Болатбек.
Грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған турнир екі күнге созылады.