Қонаев қаласының орталық алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және «Динамо» дене-шынықтыру спорт қоғамының құрылғанына 100 жыл толуына орай патрульдік полиция қызметкерлері арасында аралас әскери-спорттық эстафета өтті.
«Динамоның» 100 жылдық тарихы жарқын жеңістер мен даңқты спортшыларға толы. Ол 1925 жылы құқық қорғау органдары, армия мен арнайы қызмет мамандарының дайындығын күшейту мақсатында құрылған. Соғыс жылдары динамошылар спорттық жарыстармен ғана шектелген жоқ, майдан даласында жаумен кескілесе шайқасып, Жеңіс туын желбіретуге атсалысты. Бүгінгі таңда да сол игі дәстүр жалғасын тауып, күштік құрылымдар арасында спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Ұлттық құраманың 80 пайызы «Динамо» дайындаған спорт шеберлері мен чемпиондардан тұрады», – деді полиция подполковнигі, Алматы облыстық ПД арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы Берік Нұрғалиев.
Әскери-спорттық эстафета 5 кезеңнен тұрды. Аталған жарыста облыстағы аудандар мен қалалардан келген патрульдік полиция қызметкерлері бақ сынады. Барлығы 11 команда.
«Әскери эстафетаға қатысушылар қызметтік қаруды бөлшектеу мен құрастыру, турникке тартылу, жүгіру және тағы басқа спорттан өздерінің шеберлігін паш етті. Дене шынықтыру мен спортпен айналысу, жарысқа қатысу полиция қызметкерлерінің физикалық күш-қуатын арттыра түседі. Қызметтік міндеттерін ойдағыдай орындауға ықпал етеді», – деді облыстық ПД арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының аға инспекторы Елдар Заки.
Жарыс қорытындысы бойынша Қонаев қаласының командасы жеңімпаз атанды. Үздік үштікке Райымбек ауданы мен Алатау қаласының командалары кірді.