Іле ауданындағы «Фирма БЕНТ» ЖШС аумағында «AMANAT» партиясының көшпелі қоғамдық қабылдауы ұйымдастырылды. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өткен бұл шара еңбек ұжымымен ашық әрі мазмұнды диалог алаңына айналды.
Қоғамдық қабылдаудың шымылдығын Іле аудандық мәслихат депутаты, «Фирма БЕНТ» ЖШС директоры әрі бастауыш партия ұйымының төрағасы Дінмұхамед Кузиев ашып, партияның еңбек адамына көңіл бөлуін жоғары бағалады.
– Партиямыздың еңбек адамдарымен бірлесе жұмыс істеуі – құптарлық бастама. «AMANAT» партиясының өңірлік филиалының халықты қабылдауын дәл біздің өндіріс орнымызда өткізіп жатқаны – біз үшін үлкен мәртебе, – деді Дінмұхамед Ділмұратұлы.
Ал «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жақыпов еңбек адамы – ел дамуының өзегі екенін атап өтті. Ұжыммен тығыз байланыс орнатып, ұсыныс-тілектерді тікелей тыңдау – партия қызметінің маңызды бағыты екенін айтты. «Фирма БЕНТ» басшылығына ашық қабылдау ұйымдастыруға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.
Қоғамдық қабылдауға 40-қа жуық қызметкер қатысып, жалақы, еңбек қауіпсіздігі, медицина қызметінің сапасы, жолдар мен қоғамдық көлік мәселелері туралы ойларын ортаға салды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін жедел әрі тиімді шешуге ықпал етеді.
Кездесу барысында Жайнақ ауылының тұрғыны Гүлжан Ділдаева да сөз алып, көше жарығының жоқтығы, қоғамдық көліктің жеткіліксіздігі, жолдардың нашарлығы мен кәріз жүйесінің тозғаны жайлы айтты. Балалардың мектепке жаяу қатынауы қауіпсіздікке әсер етіп отырғанын жеткізді.
Іле аудандық мәслихат депутаты Дәурен Иманалиев тұрғындар көтерген мәселелер назардан тыс қалмайтынын мәлімдеді.
– Жаз айларында ауызсудың қысымы төмендеп, жиі үзіліп қалуы – өзекті мәселе. Сонымен қатар, жолдардың сапасы мен қосымша емхана қажеттілігі де жиі көтеріліп отыр. Бұл бағытта тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыс жасаймыз, – деді Дәурен Иманәлиев.
Қабылдау барысында азаматтар жеке сот орындаушыларының қызметі туралы да сауал қойды. Мүлікке арест қою, алимент өндіру, заң шеңберінде әрекет ету тәртібі турасында сөз қозғалды. Жеке сот орындаушысы Бағынұр Чельдебаева тұрғындарға құқықтық кеңес берді.
Қабылдау қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселе партиялық бақылауға алынып, тиісті органдарға ұсынылатын болды. Мұндай қабылдаулар алдағы уақытты басқа өндіріс орындарында да жалғасын таппақ.
Бағдат ШОЙБАС