Энергетика – тіршілікті қамтамасыз етудің ең маңызды салаларының бірі. Қазіргі заманда ешкім, ешқандай кәсіпорын электр қуатынсыз өмір сүріп, жұмыс істей алмайды. Қарапайым электриктердің қажырлы еңбегінің арқасында біз осы тіршілік үшін аса қажетті қуатпен үздіксіз қамтамасыз етіліп келеміз. Сондай жандардың бірі 25 жылдан астам уақыт бойы Талғар аудандық электр желісінде (РЭС) тұрақты еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі қызметкер Мамухжан Итақов.
Оның өте тәжірибелі әрі үздік қызметкері екені бүкіл ауданға белгілі. Мамухжан аудан орталығының іргесіндегі Азат ауылында, қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Әкесі тракторшы болған, бүкіл өмірін колхозға арнаған. Еңбеққор да елезек әкенің берген тәрбиесі мен үлгі-өнегесі Мамухжанның тіл алғыш, еңбексүйгіш болып өсіп, әрқашан істің көзін біліп, жұмыс істеудің, өнімді еңбек етіп, қоғамға пайда әкелудің өмірлік «алтын қағидасына» айналды. Бала кезінен ол осы қағиданы бұлжытпай жүзеге асыруға тырысты. Мектепте үштік баға алмай, ылғи төрт пен беске оқыды, техникалық пәндерді жақсы көрді, тіпті үйде сынған барлық тұрмыстық техниканы өзі жөндеді. Техникаға деген әуестік жай қызығушылықтан үлкен нәрсеге айналды, кәмелеттік жасқа толған соң ол Талғар механикаландыру техникумының электрлендіру бөліміне оқуға түсуге шешім қабылдады.
Әкесі де ұлының таңдауын қуана мақұлдап, тіпті электрлендіру – экономиканың ең маңызды салаларының бірі екенін ерекше ескертті. Осылай Мамухжан кезінде аудан емес, атағы аймаққа кең танылған ТТМ – Талғар механикаландыру техникумын электромонтер мамандығы бойынша бітіріп, қоғамның дамуы үшін аса маңызды бір кәсіптің иесі атанды. Оқуын бітіргеннен кейін РЭС-ке жұмысқа орналасып, міне ширек ғасырдан аса осы мекемеде элекетромонтер болып, үздіксіз еңбек етіп келеді. Бұдан басқа, жұмыс бабына қарай, ол кейде қосалқы станция кезекшісінің, кейде бақылаушының жұмысын қоса атқарады. Басшылық оны ең күрделі деген жұмыс учаскелеріне жиі ауыстырып отырады, бұл дегеніңіз оның кәсіби біліктілігі мен тәжірибесіне деген үлкен сенім. Әрине ол сенім өз-өзінен келмегені белгілі, бұл – 25 жылдық үздіксіз еңбек, тынымсыз ізденіс, өз кәсібіне деген сүйіспеншілік пен адалдықтың жемісі.
Мамухжан Итақов бүгінде Талғар қаласындағы қысқа тұйықталулар, электр қуатын жеткізуді үзіліске түсіретін басқа да оқиғалар жиі болатын № 2 желілік учаскесіне жетекшілік ететін электромонтер. Бригадада одан басқа тағы алты адам жұмыс істейді. Олардың арасында от пен судан өтіп, көпті көргендер де, Мамухжанның сөзімен айтқанда «әлі сынақтан өтпеген» жас электриктер де бар. Бригадир ретінде Мамухжан олардың бәріне тәлімгер болып, жұмыстарына көмектеседі, күрделі мамандықтың қыр-сырын үйретіп, ұқыптылыққа баулиды.
Ертеректе қалың қар жауып, қаланың орталық көшелерінде электр сымдары үзілген жағдай болды. Апатты жою үшін Мамухжанның бригадасы жіберілді. Жас электомонтерлар толассыз жауып тұрған қар астында 6 сағат бойы тәжірибелі электриктің басшылығымен апаттың салдарын жойды. Өкінішке қарай, сол кезде бригадада алты адамның орнына төрт электромонтер жұмыс істеген! Тиісті мамандардың жетіспейтініне қарамастан, Мамухжан Итақовтың тәжірибесі мен білімінің арқасында бригада аз күшпен тапсырманы жақсы орындап шықты. Бұл РЭС басшылығының көңілінен шығып, өте қуантты. Сөйтіп, Мамухжанның ерлік еңбегі үшін Құрмет грамотасы берілді, сондай-ақ жұмыстағы жақсы көрсеткіштері үшін ақшалай сыйлықпен марапаттады.
Жалпы бұл ұжымда еңбек ете жүріп, ол осы кезге дейін осындай 70 апатты жойған екен. Қазір мекемеде 200-ден аса адам жұмыс істейді. Солардың алдында Мамухжан Итақов үлкен бедел мен лайықты құрметке ие. Барлығы ардагерге құрметпен қарайды.
Менің – осы абырой-беделге, шынайы құрметке қалай ие болдыңыз? – деген сұрағыма ол ойланбастан: «Тек қана қажырлы еңбек, осындай сұранысқа ие мамандығама деген адалдық, жұмыстағы жауапкершілігімнің арқасында шығар» – деп жауап берді.
Иә, қарапайым жұмысшы болса да адал әрі қажырлы еңбек, өз кәсібіне деген сүйспеншілік пен жұмысқа деген жауапкершілік әркімді де абыройға бөлейтіні анық. Ләйім, қоғамда осындай жандар көп болғай!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы