Облысымызда алғаш рет қағаз өндіретін фабрика салу жоспарланып отыр. Оған шикізат ретінде қамыс қолданылатын болады. Бұл туралы аймақ әкімдігі хабарлады.
Аталған жоба облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Қытай компаниясы өкілдерімен кездесу барысында таныстырылды. Әкімдіктің таратқан ақпараты бойынша, фабрика жылына 140 тонна қағаз өнімін өндіру үшін 200 мың тоннаға дейін қамыс өңдемек. Өндірістік кешеннің жоспарланған аумағы – 20-дан 30 мың шаршы метрге дейін жетпек. Бұл өндіріс ошағы шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнімді орап-қаптауға дейінгі жұмыстар кіретін толық циклды қамтиды. Барлық сатыдағы экологиялық қауіпсіздікті басты назарда ұстамақшы.
Бұған дейін қамыс аймақтағы өрт қауіпсіздігін арттырушы фактор ретінде қарастырылған болса, ендігі жерде ол өнеркәсіптік ресурс есебінде саналмақ.
Фабрика жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындарын құрса, ендігі жерде шикізатты дайындау мен жеткізіп беруге байланысты шағын бизнесті дамытуға қажетті мүмкіндіктерге жол ашпақ. Бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы өнеркәсіпті экологиялық тұрғыдан дамыту арқылы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.
Бейбіт МЕКЕЕВ