Бірлік бар жерде береке артып, ынтымағы бар елдің босағасы беки түсетіні белгілі. 54 түрлі этнос өкілдері мекен ететін Еңбекшіқазақ ауданы – осындай құт дарыған, киелі өңір, достық бесігі. Үлкен шаңырақтың берік уығы болып қадалып, өңірдің өркендеп-дамуына өзінше үлес қосып келе жатқан этностың бірі – күрдтер.
Ауданда алғаш 1995 жылы күрд этномәдени орталығы құрылды. Орталықтың негізін Азиз Надыров қалаған. 1927 жылы дүниеге келген Азиз Байляровичтің әкесі Сталин билік еткен тұста саяси тұтқын қатарында қамалса, шешесі өмірден ерте өткен. 1937 жылы 10 жасында Кавказдан Қазақстанға жер аударылған Азиз Надыров балалар үйінде тәрбиеленеді. Кәмелеттік жасқа толғанда Еңбекшіқазақ ауданы Түрген педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, оны үздік тәмамдайды. Кейін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетін бітірді. Жаңашар ауылындағы мектепте мұғалім болып жүрген жерінен кеңшар директорының өтінішімен ауданда күрдтер көбірек шоғырланған ауылдың бірі Ақбастаудағы орта мектепке директор болып барады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Азиз Надыров күрдтердің басын біріктіріп, орталық құрады. 2010 жылы өмірден озғанға дейін этномәдени бірлестіктің буынын қатайтып, өңірге танытып кетті. Азиз Надыров ҚазССР үздік мұғалімі, жаратылыстану ғылымдарының кандидаты, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы болды.
Бүгінде күрд этномәдени орталығының жетекшісі әке ісін жалғастырып келе жатқан Надо Надыров та аталған білім ошағында директорлық қызметте. «Әкеміз адамның жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпау керектігін үнемі айтып отыратын. Қуғын-сүргінге ұшырап, жер ауып келген әр түрлі этнос өкілдерінің ешбірін де бөтенсінбей, бір тілім нанын бөліп берген, дархан көңіл, бауырмал қазақ халқына деген әкемнің зор алғысы оның әр әрекетінде айқын көрініс табатын», – дейді Надо Азизович.
Күрд этномәдени орталығының мүшелері аудан мен облыс көлемінде өткізілетін барлық мәдени-спорттық іс шараға атсалысып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Орталықта құрылған «Бахар» би ансамблі ұлттың ізгі ниетін насихаттайтын өнерінің бірі, күрд халқының ұлттық «Гованд» биін әр мерекеде аса жоғары деңгейде билейді.
Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында 4 мыңға жуық күрд өкілі тұрады. Олар негізінен Қарасай, Әймен, Ақбастау, Бәйдібек би, Түрген, Талдыбұлақ ауылдарында шоғырланған.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы