-13 °c
Qonaev
Saturday, June 7, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Қилы кезең құрбандары

    31.05.2025
    in Барлық жаңалықтар, Қуғын-сүргін құрбандары, Тарих
    Қилы кезең құрбандары
    0
    SHARES
    6
    VIEWS

    Жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына тағзым ретінде Еңбекшіқазақ ауданы Лавар ауылында тұрған тас ескерткіштің тарихын біреу білсе, біреу біле бермейді. Кеңес билігінің бассыздығын баяндайтын бұл белгі – репрессия құрбандарына қойылған алғашқы ескерткіштердің бірі.

    Ел тарихындағы қаралы парақтардың бірі – Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы. Қызыл биліктің қанды қырғынмен келгені бәрімізге белгілі. 1917 жылы қарашада Надеждинская (қазіргі Есік қаласы) деревнясына казак, қазақ және ұйғыр байлары жиналып, большевиктерге қарсы күресте одақтас болуға ант береді. 1918 жылы қаңтарда казактардың және өлкедегі қазақ пен ұйғыр халқының ауқатты бөлігінің мүддесін қорғайтын Жетісу әскери өкіметі құрылады. Алайда 3 наурызда большевиктер Верный қаласында билікті басып алып, өлкеде Кеңес өкіметі орнады. Өңірде дүрбелең күшейіп, қоғам ақтар мен қызылдар болып екіге бөлінді. 1918 жылы сәуірде ақтардың көтерілісі басталып, казактар 1000 пұт нан мен қару-жарақ беруді талап етіп, Софийская селосына (қазіргі Талғар қаласы) келген қызылгвардиялық азықтүлік отрядын талқандайды. Сондай-ақ Надеждинская, Малая Алматинская ауылдарында билікті басып алады. Казак әскерінің полковнигі Бушрибек деген байдың баласы, ақтардың билігін жақтаушы, Қарасу болысының билеушісі Жамалдин Бушрибеков большевиктермен күресу үшін Қарасу болысының ұйғыр ауылдарына күштеп жұмылдыру жүргізіп, 50-60 адамнан тұратын шағын отряд құрады. Аша, тырма, ағашпен қаруланған бұл топты мәжбүрлі түрде қызылдарға қарсы Верныйға жіберді. Бірақ жасақ бекініске жақындап үлгермей, пулеметтің оғынан қырылып қалады. Өңірде билік үшін күрес ары қарай жалғасады. Жергілікті ұйғырлар да қалыс қалмайды. Киікбай ауылының дін қызметкерлері Мұса Дамолла мен оның інісі Ибраһим ақтың екі офицерімен бірге ұйғыр қоныстарын аралап, жергілікті халықты қызылдарға қарсы көтеріліске шақырып, топ құрады. Алайда бұл топ та қарсылыққа ұшырайды. 1918 жылы сәуір-мамыр айларында Түркістан әскери округінің орталығы Ташкенттен көтерілісті жою жөніндегі төтенше комиссар өкілеттігі бар Митрофан Мураев бастаған жазалау отряды Верныйға келеді.

    Ташкенттен 50 шақты әскермен шыққан шағын отрядқа кейбір тарихи деректерде Верныйдан 1000-ға жуық адамнан құралған топ қосылғаны айтылады. Отряд қазіргі Жамбыл, Қарасай аудандары аумағындағы бірнеше қазақ ауылын өртеп жібереді. Любавинская (қазіргі Қаскелең қаласы) селосы маңында Мураев отряды мен казактар арасындағы алғашқы шайқас болады. 1918 жылы 21 сәуірде Мураев отряды Малая Алматинская селосын басып алып, онда жүзге жуық казакты атып тастайды. Қызылдар соғыста Софийская, Надеждинская ауылдарын, Іле селосын алды. Казактарды аяусыз жойып, ақтардың сәуір көтерілісін қолдаған қазақ ауылдарының тұрғындарын да аяған жоқ.

    Одан кейін қазіргі Құлжа тасжолы бойында жатқан ұйғыр қоныстарын Жаңашар ауылынан бастап түгел тас-талқан етті. 1883 жылы құрылған көрікті Жаңашар ауылында 660 түтін болған. Мураев отряды мұнда бейкүнә 860 адамның өмірін қиып, қыздар мен әйелдерді зорлаған. Ары қарай Таштықара, Ташкенсаз, Баяндай, Қаратұрық сынды ауыл тұрғындарын, оның ішінде ұйғыр халқын аяусыз қырған қызылдар Лаварда 3 мыңға жуық жанды жазықсыз өлтіріп, ауылды молаға айналдырады.

    Бұл террор тоқтаусыз жалғасып, жолындағы ауылдардың барлығын қырып-жойып, Қорамға да жетеді. Жеті мыңға жуық халқы бар Қорам болысы сол кезде ел ішінде «Екінші Бұқара» атанып, ұзақ жыл Қазақстанның оңтүстігіндегі діни білім ошақтарының бірі ретінде танылған. Онда тек ұйғырлар ғана емес, болыс қазақтары арасында да құрметке ие белгілі дін қайраткері, ұстаз, теолог, имам Савут Ахун дәріс берген. Мураев отряды ауылдағы еркек кіндіктілерді базар маңына жиып, пулеметпен атып өлтіріп, медреседе білім алушыларды да аяп қалмай, түгел қырады. Савут Ахунның немересі, ұйғыр ақыны, әдебиеттанушы-ғалым Пәтигүл Сәбитова имам өзін ең соңында өлтіруін сұрап, сол уақытта Құранның «Ясин» сүресін оқып тұрғанын, ал Қорам жігіттері түгел құлағаннан кейін Савут Ахунды өлтіргенін көз көргендерден естігенін айтады.

    Мыңдаған отбасына қайғы мен қасірет әкелген осынау қасіретті ел мәңгі жадында сақтап, жазықсыз жапа шеккендерге тағзым ретінде 1995 жылы Лавар ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің бой көтеруіне бастамашы болған азаматтардың бірі – бүгінде Шелек ауылында тұратын 90 жастағы Иминжан ақсақал. Иминжан Насыров кезінде Асы кеңшарының директоры, кейін ҚР Парламенті депутаты да болған. Осынау тарихи оқиғаны бүге-шігесіне дейін баяндап беріп, қиын-қыстау кезеңде ұйғыр бауырларына қолдау көрсетіп, қандықол қызылдардан қорғап қалуға барын салған қазақ халқына Иминжан ақсақалдың алғысы зор.

    Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

    Еңбекшіқазақ ауданы

    Ұсынымдар

    Прокуратура: Өндіруші биологиялық белсенді қоспа туралы жалған жарнама жасаған

    Прокуратура: Өндіруші биологиялық белсенді қоспа туралы жалған жарнама жасаған

    1 year ago
    «Қарызсыз қоғам»: Қонаевта 200 адам оқудан өтті

    «Қарызсыз қоғам»: Қонаевта 200 адам оқудан өтті

    6 months ago
    Берік шекара – бейбіт өмір кепілі

    Берік шекара – бейбіт өмір кепілі

    10 months ago
    Президент  бастамалары  қоғамға қозғау  салуда

    Президент бастамалары қоғамға қозғау салуда

    1 year ago
    Ұлттық аспап ұлықталды

    Ұлттық аспап ұлықталды

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.