-13 °c
Qonaev
Tuesday, June 3, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Өндіріс өркендеп келеді

    31.05.2025
    in Барлық жаңалықтар, Кәсіпкерлік
    Өндіріс өркендеп келеді
    0
    SHARES
    6
    VIEWS

    Жаз кезінде киетін жеңіл-желпі аяқ киімнің ыңғайлы болғаны кімге ұнамас? Ал оның жайлылығымен қатар сапалы болуы да аса маңызды. Дәл осындай күнделікті тұрмыста сіз бен біз киіп жүретін аяқ киімдер, жалпақ тілмен айтқанда, кәдімгі «тәпішкелер» өз елімізде өндірілетінін бірі білсе, бірі білмес. Мұндай аяқ киімдерді базардан немесе басқа түрлі сауда орталығынан көретін болсақ, «ой, бұл Қытайдыкы ғой» деп айтатынымыз жасырын емес. Десе де, бұл өнімдердің барлығы отандық болып саналады. Қарасай ауданына қарасты Шалқар ауылындағы шағын цехта дайындалады. Жақында аталған өндіріс орнына арнайы барып, Селим Жолай басқаратын «Steppe’s» ЖШСның бір күндік жұмыс барысымен танысып қайттық.

    Бұл компания бүгінгі таңда еліміз бойынша аяқ киім өндірісінің өркендеуіне едәуір үлес қосып келеді. Оның үстіне Қарасай ауданының экономикасын арттырып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуда.

    Көршілес мемлекеттердің арзан-құрзан өнімі төмен бағада тұтынушыларды қызықтырып тұрған шақта біздің отандық тауарға әлі күнге дейін көбісі күмәнмен қарайтыны анық. Дегенмен сапа бар жерде, саналы таңдау бары сөзсіз. Оған дәлел ретінде «Steppe’s» компаниясы шығаратын кез келген өнімнің түрін ұялмай көрсетуге болады. Нарықтық бәсекеге 2017 жылы батыл қадам жасаған кәсіпорын бүгінгі таңда аяқ киімнің 600 түрін шығарады. Ал күніне толық күш жұмсаса, 7 мыңдай жұп аяқ киім дайындап, сатылымға шығарады.

    Атап өткеніміздей, компанияға Селим Жолай есімді қазақ жігіті жетекшілік етеді. Кәсіпкер азаматтың бұл істе тәжірибесі баршылық. Өйткені өндіріс орнын ашпас бұрын осы салада талай жыл еңбек еткен.

    Өзге елдердің тауарына қызыға жаман әдеттен сақтайды да қызғана қарап, «Неге өзіміз жасап көрмеске?» деген оймен бизнес бағытын таңдаған. Сондағы мақсаты – отандық өнімді дамыту, сапалы, баға жағынан тиімді етіп көпшілікке ұсыну және елдегі жұмыссыздықты жою.

    «Шағын цехты ашпас бұрын аяқ киім саудасымен көп айналыстым. Тауарларды шет мемлекеттерден көтерме бағамен сатып әкеліп, оны өз елімізде саудаға шығардым. Уақыт өте келе осы салаға бет бұрып, өндіріс жағына көп көңіл аудардым. Сөйтіп, қолымыздан келетінін түсіндім. Осылайша жұмысқа кірісіп кеттім», – деді Селим Хабибуллаұлы.

    Алғашында өндіріс орнында 30 шақты адам еңбек етіп, аяқ киімнің 60 түрі ғана дайындалған. Ал бүгінде жұмыскерлердің саны 100-ден асады. Сәйкесінше, жұмыс ауқымы кеңейіп, өнімге деген сұраныс артып келеді.

    Қазіргі таңда «Steppe’s» компаниясы ұсынатын тауардың түр-түрі Қазақстанның бірқатар аймағында сатылады. Оның ішінде Алматының «Барахолка» базары мен басқа да танымал сауда орталықтарының сөрелерінде толып тұр. Одан бөлек, бұл өнімге көршілес мемлекеттер де қызығушылық танытуда. Мәселен, іргелес жатқан Қырғызстанда, одан кейін Ресей аумағындағы Махачкала, Грозный сияқты қалаларда «Steppe’s» компаниясының аяқ киімдері жаппай сатылымда. Сонымен қатар тауарларға «Kaspi» қосымшасы арқылы тапсырыс беруге болады. Аталған платформа арқылы онлайн сауда жасап, аяқ киімнің кез келген түрін, өлшемін таңдауға мүмкіндік қарастырылған.

    Аяқ киімдердің дайындалу барысына тоқталар болсақ, шағын цехта Қытай мен Түркия елінен әкелінген бірнеше құрылғы бар. Әрбірінің атқаратын қызметі әртүрлі. Бірі қалыпқа келтіреді, енді бірі тігісімен сән береді, басқасы шикізатпен жұмыс істейді. Шикізат демекші, аяқ киімдердің сапалы болуы үшін сополимер, полиуретан қолданылады. Ал қыс мезгіліне арнайы дайындалатын болса, ішкі жағын жүнмен жылылайды.

    Жалпы бірнеше сатыдан тұратын осы істердің ілгерілеуіне – екі ауысыммен, аяғынан тік тұрып қызмет ететін жұмысшылар жауапты. Олар күніне 8 сағат қана міндетін орындайды. Ал табысы көңіл қуантарлықтай десек, артық болмас. Мұндағы ең төменгі жалақы 280 мың теңге болса, тәжірибелі, өз жұмысын жан-жақты білетіндер 300 мың теңгеден аса алады.

    «Өндірістің өнімді болуы – жұмысшылардың күшіне байланысты. Олардың еңбегі әрқашан бағалануы тиіс. Сондықтан әрбірінің артық қызмет еткенін құптамаймын. Күніне 8 сағаттық міндетін орындап, ертерек жақындарының қасынан табылғанын қалаймын. Себебі бәрінің өз тіршілігі бар», – деп кәсіпкер әріптестерінің табандылығын ерекше атап өтті.

    Осы ретте Селим мырзаның жұмысшыларға деген жомарттығын айрықша сөз етуге болады. Анығын айтқанда, компания басшысы әрбір жұмыскерді жігерлендіруді, ынталандыруды ұмытқан емес. Мәселен, кейбір мерекелік күндерде жалақыларына қосымша үстемеақы немесе бағалы сыйлықтар береді. Одан бөлек, жұмыс қарқынына деген құлшынысын, тәртібін ескеріп, арасында белгілі көлемде табысын арттырып отырады. Бұл, әрине, еңбектің шынайы бағаланғанының белгісі деп білеміз. Сондықтан болар, бүгінгі таңда өндіріс орнында алғаш ашылғаннан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан азаматтар жетерлік. Олардың әрбіріне компания басшысының алғыстан басқа айтары жоқ.

    Кез келген кәсіпорынның өркендеуі – әу баста қаржылай қолдауға байланысты. Сол сияқты аталған өндірістік ортаның нарықта тұрақтап қалуына серіктестердің де тигізер септігі мол. Бұл ретте «Steppe’s» компаниясына жанашырлық танытып, демеуші болып жүрген жандардың бар екенін де айта кету керек. Ол жайында Селим Хабибуллаұлы әңгіме барысында айтты.

    «Серіктес болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Менің жүргізіп отырған кәсібімде тек менің ғана еңбегім жатыр десем, артық болар. Бұл бизнеске жанашырлық танытып, ақылға ақыл қосып отырған азаматтар бар. Атын атап, түсін түстемесем де, әрбірінің қолдауы ерекше сезіледі. Сондықтан оларға ризашылығымды білдіргім келеді. Сонымен қатар кәсіптің дамуы жолында тұтынушылардың да орны бөлек. Өйткені алға қарай ұмтылып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға сенімділік сыйлайтын, әрине, ол – халық», – деп Селим Жолай серіктестіктері жайлы ой бөлісті.

    Компанияның атауы неге «Steppe’s» дегенге келетін болсақ, Селим мырзаның айтуынша, логотипте бейнеленгендей, кәсіпорынның арманы – жазық даланың шыңында көріну Латынша жазылуының да өзіндік сыры бар. Өйткені отандық бренд әлемдік нарыққа шығуды қалайды. Оған алғышарт та жасалынған.

    Қазіргі уақытта еліміздің экономикасы уақыт өткен сайын құбылып тұрғандықтан, кәсіптің көзін тапқандар үшін бір орында тұрақтап қалып, табысқа кенелу қиынға соғады. Сол үшін өсу, өркендеу жолында жаңашыл идеялармен нарықта бәсекелестікті арттыру қажет. «Steppe’s» компаниясының негізгі мақсаты да – осы. Селим мырзаның айтуынша, өндіріс орнының ауқымы кеңейсе, аяқ киімнің модельдерін де арттыруға мүмкіндік туады.

    «Бүгінгі таңда цехтағы жұмыс қарқыны жаман емес. Дегенмен бір орында тұрақтап қалуға болмайды. Отандық өнімнің дамуына азғантай болсын үлесімізді қоссақ деген жоспарымыз бар. Осы мақсатта қазір қосымша ғимарат салуды қолға алып жатырмыз. Іргетасын қалап қойдық. Бәрі ойдағыдай жүзеге асып жатса, алдағы уақытта жұмысшы санын арттырып, тауарларымыздың түрін көбейтсек деп отырмыз», – деді кәсіпкер алдағы жоспарымен бөлісіп. Бір айта кетерлігі, Селим Хабибуллаұлы кәсібін бастау жолында ешқандай мемлекеттік қолдауға ие болмаған. Қажет кезде серіктестіктер көмегіне жүгінген.

    «Біз үшін мемлекеттің «бәрекелді» деп басымыздан сипап, істеген ісімізге көңілінің толғаны жеткілікті. Дегенмен қолдау болып жатса, әрине, қуанамыз. Оған еш қарсылығымыз жоқ. Өз еліміздің адамдары отандық дүниені тұтынса, жақсы емес пе? Одан бөлек, серіктес ретінде қарымқатынас орнатуды мақсат етіп, қызығушылық танытқан жандарға да есігіміз ашық. Біз кез келген іскерлік келісімге дайынбыз», – деді «Steppe’s» компаниясының басшысы С.Жолай.

    Қазақстандық сапалы өнімді тұтыну, алдымен елге деген жанашырлық және кәсіпкерді қолдау деп түсінгеніміз жөн. Бұл ретте Селим мырзаның жомарттығы мен ұжымының еңбегін ерекше атап өтуге болады. Бір жағынан алып қарасақ, кәсіпкер азамат қаншама адамды жұмыспен қамтып, біразының тұрмыс жағдайын жақсартуға үлес қосып келеді. Сондықтан ел үшін қызмет етуден жалықпайтын Селимдей азаматтар әрқашан қолдауды сезіне білсе, отандық бренд әлі-ақ әлемнің назарын аударады деген сенімдеміз.

    Дидар Мәлікұлы,

    Қарасай ауданы

    Ұсынымдар

    Экокәсіпкерлікке жол ашады

    Экокәсіпкерлікке жол ашады

    1 year ago
    Павлодар облысының экожүйесін сақтауға Ертіс өзені арқылы 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді

    Павлодар облысының экожүйесін сақтауға Ертіс өзені арқылы 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді

    3 weeks ago
    Тұрғындар қарқынды дауыс беруде

    Тұрғындар қарқынды дауыс беруде

    2 years ago
    Сорбұлақ дауы бітер ме?

    Сорбұлақ дауы бітер ме?

    6 months ago
    Қонаев қаласында құтқарушылар жетпейді

    Қонаев қаласында құтқарушылар жетпейді

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>