І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Педагогика және психология факультетінде «Арнайы білім беру мәселелерін зерттеу» орталығы ашылды.
Жаңа орталық Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Зульфия Мовкебаеваның жетекшілігімен жүзеге асып жатқан «Мүмкіндігі шектеулі білім алушыларды бейіналды даярлауға психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру» ғылыми жобасының негізінде құрылды.
Шара барысында Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Ермек Бөрібаев сөз сөйлеп, орталықтың ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді қолдаудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, орталық білім беру үрдісінде инклюзивтілік қағидаттарын нығайтуға сеп болмақ.
«Бұл орталық – университет қабырғасындағы әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам. Мұнда арнайы білім беру саласындағы қолданбалы және теориялық зерттеулер жүргізіліп, әдістемелік құралдар әзірленетін болады», – деді ректор Ермек Бөрібаев.
Айта кетейік, орталық заманауи арнайы құрылғылармен жабдықталған. Онда көру, есту, тірек-қимыл және басқа да дамуында шектеуі бар балаларға арналған оқу құралдары қарастырылған. Сонымен қатар, арнайы педагогика мен психология саласында ғылыми-әдістемелік жұмыстар да жүзеге асырылады.
Аудиторияның ашылуына орай «Қазақстан Республикасында арнайы білім беру: тәжірибе және даму тенденциялары» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтті. Жиынға жетекші ғалымдар мен практик мамандар қатысты.
Атап айтқанда, ҚазҰПУ профессоры Зульфия Мовкебаева, аға оқытушы Мөлдір Увалиева, Сарқан қаласындағы облыстық №3 арнайы мектеп-интернатының директоры Баян Сарсенбаева, есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат қызметкері Күләй Мухаметрахимова, сондай-ақ Жетісу университетінің инклюзивті білім беру саласын зерттеуші ғалымдары Гүлжан Жолтаева мен Баян Альмухамбетова мазмұнды баяндамалар жасап, саладағы өзекті мәселелер мен даму бағыттарын талқылады.
Жиын соңында арнайы білім беру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар қабылданды.