-13 °c
Qonaev
Monday, May 19, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Баққожа Мұқайдың алғашқы пьесасы Нарынқолда қойылған

    26.06.2023
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият
    Баққожа Мұқайдың алғашқы пьесасы Нарынқолда қойылған
    0
    SHARES
    64
    VIEWS

    Биыл Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Баққожа Мұқайдың туғанына 75 жыл. Бәкеңнің тұңғыш драмалық шығармасы – «Иірімді» Нарынқол халық театры бірінші болып сахналаған еді. Өткен күннің бәрі тарих, бәрі естелік.

    1959 жылы көркемөнерпаздар үйірмесі болып құрылып, 1963 жылы халық театры деген атаққа ие болған театр Нарынқол ауылындағы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы ұжымшардың қарауында еді. 1976 жылы Қайнар ауылындағы Крупская атындағы ұжымшарға ауыстырылды.

    1977 жылдың жазы. Мәдениет үйінде жаңа бағдарлама жасау үшін дайындық жүргізіп жатқанбыз. «Ұжымшар басқармасының төрағасы шақыртып жатыр» деген хабар келді. Театр ұжымы түгел жиналып, басқармаға келдік. Басқарма төрағасы, биология ғылымдарының кандидаты Рауан Әріпов, партия ұйымының хатшысы Назар Есмахұнов, ауылдық кеңес төрағасы Махмұд Ибраимов және «Жаңбыр жауып тұр» деген алғашқы кітабы жарық көрген, халыққа енді таныла бастаған жас жазушы Баққожа Мұқаев бізді күтіп отыр екен. Біз жайғасып болған соң Рауан Әріпов бізді таныстырып, сөз кезегін Бәкеңе берді. Бәкең «Иірім» атты екі бөлімді драма жазып бітіргенін, сол драмасын өз ауылының театрында сахналағысы келетінін айтты да, қызыл мұқабалы қағаздарды театр режиссері Әбдіғалым Наймантаевқа ұсынды.

    Сол жерде пьесамен танысып, талқыға салдық. Драма отырғандардың бәріне ұнады. Репертуарға қабылдауға шешім шығардық. Рауан Әріпов сөз алып, Баққожаға: «Бәке, өнер адамдары ұнатып, қабылдады ғой, ұзағынан болсын. Менде бір өтініш бар. Басты кейіпкеріңіздің аты Рауан екен. Маған ыңғайсыз болып тұр. «Театрға өзі туралы спектакль қойғызыпты» деген әңгіме шығады ғой. Осы кейіпкеріңіздің атын өзгертсеңіз жақсы болар еді, – деді.

    Бәкең Рауанды Нұрлан деп өзгертті. Сол күннен бастап рөлдерді бөлісіп алдық та, дайындыққа кірісіп кеттік.
    Нұрлан – Тұрсын Тілеуқабылов, Рақат – мен, Өндіріс – Оразай Шарпықов, Айтан Жораев – Төлеген Мұратбеков, Гүлжан – Зәуре Сарыбаева, Сая – Клара Қалиева, бас бухгалтер – Мэлс Серғалиев, Уәйіс – Серік Түбекбаев. Қоюшы режиссер – Әбдіғалым Наймантаев.

    Екі ай тынымсыз еңбектің нәтижесінде спектакль дайын болып, Нарынқол аудандық Мәдениет үйінде премьерасы болды, тұсауы кесілді. Енді осы премьера туралы жазылған ақын Айтақын Әбдіқаловтың рецензиясының ықшамдалған нұсқасын назарларыңызға ұсынайық.

    «Оқырман қауымға алғашқы әңгімелер жинағын өткен жылы ғана ұсынған Баққожа Мұқаев таяуда «Иірім» атты екі бөлімді көріністі драма жазып бітірді. Жас драматург өзінің тырнақалды шығармасында сахна арқылы адамдар арасындағы әрқилы мінезді, атаққұмарлық пен сатқындықты, осыған қарсы адалдық пен турашылдықты отжүректі өжеттікті баяндайды.
    Шығармадағы басты кейіпкерлердің бірі – Айтан Жораев. Бір кезде өзімен қатар институтты бітіріп, ғылым жолын қуған әріптесі Уәйіс майданға кеткенде өз қолында қалған ғылыми еңбегін малданып, ғалым атанған жылпос. Ал Рақат, Өндіріс, Нұрлан – бүгінгі заман өкілдері. Ғылым қуған жастар. Бұлардың ішінен дараланып, өзінің өмірге деген терең көзқарасымен, қылыштай өткір шыншылдығымен көзге түсетін бір бейне бар. Ол – Нұрлан.

    Басқа біреудің еңбегін малданып, ғалым атанған Айтан Жораев – бұл кезде білдей бір ғылыми-зерттеу институтының лаборатория меңгерушісі. Ал жаңағы үш жігіт сол лабораторияда жұмыс істей жүріп, ғылым кандидаты болуға талпыныс жасағандар. Үшеуінің түйсігі, ой-өрісі, өмірге үңілуі әртүрлі.
    Шығарманың қорытындысында Айтан Жораев өлдіге есептеп қойған бұрынғы оқымысты жігіт Уәйіс өз еңбегін иемденіп, сүйген жарын әйел етіп алған жасанды ғалыммен кездеседі. Айтанның арсыз әрекеті, жасанды оқымыстылығының сыры ашылады. Міне, «Иірім» атты драманың қысқаша мазмұны бұл.

    Жұмырбасты адамдардың ортасында болып жататын мұндай қымқиғаш оқиғаны сахна арқылы көрермен қауымға анық бояумен жеткізу оңай емес. Бұл орайда «Крупская» атындағы колхоздың халық театрының коллективі біраз ізденіп, өнердің салмақты жүгін ауырсынбай көтергенін аңғартады. Сахналық шығарманың сәтті не сәтсіз болуы – оны орындаушы актерлерге тікелей байланысты. Жағымсыз кейіпкер Айтан Жораевтың «сауысқандай сақтығын», сырт көзге білімді кісі бола қалатын сәттерін , басына қысым түскенде жанын қоярға жер таппай сасқалақ сәтке түсетінін әртіс Төлеген Мұратбаев әжептәуір жақсы айшықтаған. Үлкенге иіліп, өзінен кішіге түйіле сөйлейтінін, орайы келсе, көсемсіп, орынсыз шешенсіп кететін «ғалымсымақ» Айтанның образы қимылымен де, сөзімен де, қобалжып, таңырқауымен де нанымды. Төлеген ойнаған жылпосқа іштей кіжініп, зығырданыңның қайнайтыны да сондықтан. Демек, артист жігіт негізгі образды ойдағыдай шығара білген.
    Драмадағы елді елеңдетіп, ерекше тартатын бір кейіпкер – Нұрлан. Ол бүгінгі заманның ізденімпаз оқымыстысы. Осы рөлді шығарған Тұрсын Тілеуқабылов ғылым қуған ойлы жастың алға қойған мақсаттан айнымайтынына сабырлы қимыл, салиқалы сөздермен нандыра алады. Айқай шығарып, аттандамай-ақ, сабырмен жүріп-ақ жалғандыққа қарсы шығуға, шындықты дәлелдеуге болатынына көз жеткізеді.
    Осы шығармада театрдың әртісі Бақытжан Атагелдиев өнер жолындағы табысын тағы да дәлелдеді. Ол жас оқымысты Рақат рөлін орындау арқылы сөйлеу мәнерінің жетіктігімен, сахнадағы қимыл-әрекетінің жатықтығымен көзге түсті.

    Ғалым Айтан Жораевтың күйеубаласы – Өндірістің бейнесін жасаған Оразай Шартықов, Гүлжан рөліндегі Зәуре Сарыбаева, бір ауылдың бас бухгалтері образын сомдаған Мэлс Серғалиев, Уәйіс рөліндегі Серік Түбекбаевтар да бұл шығармаға байланысты біраз ізденіп, оны орындау үстінде төселгендіктерін аңғартады. Бәлкім, сондықтан болар «Иірім» атты екі бөлімді, жеті көріністі драма алғаш рет қойылса да ауыл көрермендерінің көңілінен шықты».

    Міне, осылай «Иірім» драмасының тұсауы кесілді. Көрерменнен өз бағасын алды. Спектакльді Алматыдан арнайы келіп көрген Баққожа риза болып, театр әртістеріне рақметін айтты.
    Осы спектакльмен Алматы, Талдықорған, Жамбыл облыстарының шаруашылықтарын аралап, бір жылдан аса гастрөлдік сапарда болдық. Көршілес, бауырлас Қырғыз Республикасының Нарын облысында, Тянь-Шань, Жұмғал, Атбашы, Ақдала, Тоғызтарау аудандарында, Ыстықкөл облысының Түп, Ақсу, Тоң, Балықшы аудандарының сахналарында, сондай-ақ, облыс орталығы Пржевальск (Қарақол) қаласындағы облыстық драма театрының сахнасында да ойналды.
    Қаламгер Баққожа Мұқайдың есімі драматург ретінде елге осылай таныстырылып еді.

    Бақытжан АТАГЕЛДИЕВ,
    театр ардагері
    Шеңгелді ауылы,
    Қонаев қаласы

    Ұсынымдар

    Алматы облысында «JasylEl» бағдарламасы бойынша 1300-ден астам жас жұмыспен қамтылады

    Алматы облысында «JasylEl» бағдарламасы бойынша 1300-ден астам жас жұмыспен қамтылады

    2 years ago
    Облыстағы білім саласына қатысты мәселелер талқыланды

    Облыстағы білім саласына қатысты мәселелер талқыланды

    2 years ago
    Іле ауданындағы сайлаушы: Болашақ депутат тындыратын шаруа шаш-етектен

    Алматы облысында сайлаушылардың 15,32 пайызы дауыс берді

    2 years ago
    Алматы облысында осы жылдың жеті айында  365 өрт оқиғасы тіркелген

    Алматы облысында осы жылдың жеті айында 365 өрт оқиғасы тіркелген

    2 years ago
    Бүгін береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мерекесі – Көрісу күні

    Бүгін береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мерекесі – Көрісу күні

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>