Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Жамбыл ауданының Бозой ауылдық округіне қарасты егістік алқабына келіп, өнім өндірушілермен жүздесті. Кездесуге шаруа қожалықтарының иелері, бірнеше ауданның әкімі, салалық басқармалардың басшылары мен мамандары және тауар өндірушілерді несиелендіретін ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Министр алдымен «Олжас» шаруа қожалығының жоңышқа алқабына барды. Шаруашылықтың жұмысымен аталған қожалықтың басшысы Хамза Бабалықов таныстырды. Бұл жер Сорбұлақ жасанды су қоймасына жақын орналасқан, жоңышқа мен жүгеріні суғаруға қажетті су көлемі сол көлден алынатынын айтты. Шаруа қожалығы 2013 жылы құрылып, оған 1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Қожалық иелігінде 2600 гектар жер бар, оның 600 гектары суарылады, 750 гектары арпа мен бидайға арналған, ал 1250 гектары жайылым. Биыл күздік арпа-бидай, жоңышқа, майлы дақылдар, жүгері егілген. Жұмысқа қажетті заманауи техникалар – 2 комбайн, 6 трактор, культиватор, сепкіш, соқа, шөпшапқыш алқап басында қаз-қатар тізіліп тұр. Шаруашылықта 20 адам жұмыс істейді. Өткен жылы мал азығына 375 тонна шөп, 150 тонна арпа, 120 тонна жүгері, 1 мың тонна сүрлем дайындалған. Сол жұмыс биыл да жалғасып, қазір осындағы жоңышқаны ору басталыпты. Жаңбырлатып суғаратын заманауи алып техника алынған. Алайда Хамза Садықұлы егістікті суғаруға қажетті су жетіспейтінін алға тартты. «Қазір 600 гектар суғарылады, ал 900 гектарға су жетпейді. Егер көл суы молынан жеткізіліп берілсе 1500 гектардың барлығын суғаруға мүмкіндігі бар. Сонда егістік көлемін ұлғайтар едік», – дейді кәсіпкер.
Өңірде ауыл шаруашылығының даму барысы жөнінен министрді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Тоқпейісов пен аудан әкімі Нұрлан Ертас хабардар етті. Айтуларынша, Сорбұлақтың жалпы сыйымдылығы 1 миллиард текше метр. Қазір онда 700 миллион текше метрге жуық су жиналған. Айналасында көптеген шаруашылықтың меншігіндегі 35 мың гектар суармалы жер бар. Соның Жамбыл ауданына тиесілісі 8400 болса, диқандар соның 2500 гектарын ғана пайдаланып отыр. Себебі бұрынғы арналар тозып, істен шыққан. Соны мемлекеттік бағдарлама арқылы қалпына келтіруге байланысты құжаттар дайындалып, тиісті жұмыс жүргізілуде. Егер су жеткілікті беріліп, қосымша сорғы стансалары іске қосылса, барлық суармалы егістікті мақсатына сай игеруге болар еді.
Айдарбек Сейпілұлы мал шаруашылығының көрсеткіштеріне де назар аударып, төрт түлік санының күрт өсіміне байланысты нақты жағдайды білу маңызды екенін айтты. Мұнда бұрынғы сарынмен өтірік ақпар беруден қашу керектігін ескертті.
Бұдан кейін министр алқап шетіне құрылған шатырда облыстың ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен жиын өткізді. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты түрлі комитет, департамент басшылары, «Азық-түлік корпорациясы», «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» сияқты ірі акционерлік қоғамдардың жетекшілері қатысты. Сонымен қатар Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары мен Қонаев, Алатау қалаларының ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары және осы өңірлердің шаруа қожалықтары төрағалары келді.
Айдарбек Сапаров саланы дамыту мақсатында республикалық деңгейде біраз жұмыс жасалып жатқанын атап өтті.
– Қабылданған мемлекеттік бағдарламалар жергілікті жерде қалай іске асырылып жатыр, облыс, аудан басшылары оны сіздерге жеткізе ме, шаруалар оның игілігін көріп жатыр ма, соны білуге келдік. Былтырдан бері біраз өзгеріс жасалды. Биыл республика бойынша егістік көлемі 400 мың гектарға ұлғайтылып, 23,7 миллион гектарға жетті. Шаруаның жайы қаржыландыруға келіп тірелетіні белгілі. Бюджеттік 5 пайыздық несиелеу 2022 жылы 70 миллиард қана болса, енді 700 миллиард теңгеге көтердік. «Кең дала-1», «Кең дала-2» атты бағдарламалар бар. Соны тиісінше пайдаланып жатырсыздар ма? Өйткені осы облыста ауыл шаруашылығына көңіл бөлу өте төмен. Бір жылдан асты, облыс әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасары жоқ, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы бұл саланың маманы емес еді, орнына басқа адам келді, енді жұмыс жүріп кетер деп сенеміз. Басшылар шаруаларды қолдауы керек. Президент жете көңіл бөліп, мемлекет қолдайды, ал жергілікті жерде сол бағдарламаларды көп адам біле бермейді. Кепіл мүлкі жоқтарға Үкімет 85 пайыздық кепілдік беріп жатыр. Техниканы лизингке алуға ұсынылатын пайыздық жеңілдіктер де айтарлықтай төмендетілді. Оған арналған қаржы көлемі де көбейіп, былтыр 120 миллиард берілсе, биыл 200 миллиард теңге көзделіп отыр. Соның бүгінгі күнге 100 миллиард теңгесіне ғана өтінім түсті. Заманауи ауылшаруашылық техникаларын аламын дегендерге Үкімет тиімді жағдай жасап жатыр, осындай бағдарламаларға қатысыңыздар. Мәселені өз ауыздарыңыздан естуге келдік, – деген Айдарбек Сапаров бұдан әрі шаруаларды тыңдады.
Министрге негізінен су тапшылығы мен несиелендіру бойынша сұрақтар қойылды. Министрлікке қарасты комитет, департамент басшылары да өз құзыреті шегіндегі сауалдарға жауап берді. Оларға осында көтерілген мәселелерді аяқсыз қалдырмауды тапсырды. Шаруалар «Кең дала» бағдарламасына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Олар бұл бағдарламаның игілігін көре алмай отырғанын білдірді. Себебі 2020 жылы әзірленген жоба бүгінгі талапқа сай келмейді. Айтуларынша, ондағы әр гектарға қарастырылған мөлшер тым төмен. Ондағы есептеулер екі-үш дақыл ғана егетін солтүстік өңірлерге арналған. Бізде дақыл түрі көптеп өсіріледі, сол себепті белгіленген мөлшер шаруаға тиімсіз. Бір гектар алаңға шаққандағы орташа шығынды, яғни несиенің есептелетін мөлшерін көтеру туралы ұсынысқа байланысты Айдарбек Сапаров министрліктің жауапты мамандары мен комитет, департамент басшыларына, «Аграрлық несие корпорациясына» нақты міндет жүктеп, бір ай ішінде «Кең дала-2» бағдарламасын қайта түзіп шығуды тапсырды. Ал су тапшылығы мәселесін Ирригация және су ресурстары министрлігімен бірлесіп шешіп беруге күш салатынын айтты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы