-13 °c
Qonaev
Friday, May 16, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Сұрапыл жылдар сыр шертеді

    03.05.2025
    in Барлық жаңалықтар, Тарих
    Сұрапыл жылдар сыр шертеді
    0
    SHARES
    5
    VIEWS

        Жуырда ҚР Журналистер Одағының мүшесі, жазушы, қоғам қайраткері Аршагүл Тойбайдың  «Қазақ солдаты» атты тарихи-танымдық жинағы жарық көрді. Бұл еңбек Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлерінің рухына және соғыс ардагері Мұсахан Шпекбайұлы мен Жатқанбай Мұсаханұлына арналады. Жеңістің 80 жылдығына орай жазылған кітапта сұрапыл соғыста жан аямай жаумен айқасқан әке мен бала, олардың үлгі болар өнегелі өмірі, ел басына күн туған ауыр кезең жайлы сыр шертіледі. Төменде тарихи-танымдық жинақтан үзінді жариялап отырмыз.

    Соңғы шешім

    Ұлы ержетіп, қыздары бой түзеді. Жатқанбай Отан алдындағы борышын  Украинаның Харков қаласының жанында абыроймен өтеп, елге келеді. Алайда, ауылға келісімен көп ұзамай, соғыс басталып, ол майдан даласына 1941 жылы алғашқылардың бірі болып алынады. Солдат етігі мен шинелін қайта киеді. Екі жыл көрмей, сағынған туған жерде небәрі екі айға жетер-жетпес уақыт қана аунап-қунайды. Бұл, әрине, жалғыз ұлын сағына күтіп, енді ғана қауышқан ата-ана үшін оңай болмады. Мауықтары басылмай, тағы да қоштасты.

    Жатқанбайдан «Алты айлық сержанттық курсты бітірдім, енді Украина жерінде соғысқа кіргелі тұрмыз» деген хат келгелі де біраз болды, содан бері хабар жоқ. «Извещение» аталатын қаралы қағаздар бұл ауылдағы үйлерді де жағалай бастаған. Мұсахан мен Айманның бар уайымы – көптен бері хабарсыз қалған жалғыз ұл. Мұсахан іштей «Шығынсыз соғыс жоқ, тек иә, Құдайым, Жатқанбайды аман ете гөр, от пен оқтан сақта! Жиырма жас деген не, майданда жүрген ол және оның құрдастары мына өмірден не көрді, әлі періштелер ғой, оқ өтіне айдайтындай олардың не жазығы бар еді», – деп те күйінеді.

    Абзал әке Жатқанбайды ойлап, күні-түні маза көрмеді. Жатса да, тұрса да, жаратушыдан жалғызына жар болуын тілеп, жалбарынумен болды. Сондай мазасыз ойлар жетегінде жүріп, бір тоқтамға бел буды. Ол – өзі сұранып соғысқа бару. Ондағы бар ойы баласын бір көру, көре алмаса оның амандығы үшін Алла өз жанын алса да риза. Осы ойға бекем буынған Мұсахан 1942 жылдың қазан айында  әскерге кете барады. Жаратқанның құдыретіне шек бар ма, әкенің бір тілегі орындалса, енді бір тілегі орындалмады. Орындалғаны – Жатқанбай соғыстан аман қайтып, өсіп-өнді, Шпекбайдың ұрпағын жалғады, орындалмағаны – әке мен балаға жүздесу жазбады.

    Мұсаханның соғысқа сұрануына соңғы шешім қабылдатқан мына бір оқиғаға тоқтала кетсек. Дәл майданға аттанар алдында түс көреді. Бір шешімге келе алмай қиналып жүрген оған бабалары аян беріп, тығырықтан шығарғандай болады. Ол түсінде дүниедегі ең ардақты адам әкесі Шпекбай мен  батыр бабасы Сәменге жалғыз ұлы Жатқанбайдың өмірі үшін қорқатынын айтып, мұң шағады. Бұл айтарын-айтып біткенде Сәмен батыр: «Сенің бар ойың маған аян» дейді, құлағына ақырын ғана сыбырлап. «Сен балаңды қалай да тауып алып, қауіптен қайтсем де құтқарамын деген шешімге тас-түйін болып отырсың. Олай ету қолыңнан келер-ау, бірақ, оның өтеуі тым қымбатқа түседі» деген екен. Сонда Мұсахан «Мен өзім де бұдан  артықты естігім келмеп еді» деп жауап береді.  Осынау аян түс оның ойынан  үйде де,  түзде де шықпай қояды. Еске алған сайын бойына күш-қуат құйылғанын сезеді. Сенімінің беки түскенін байқайды. 1942 жылдың қазан айында ол майданға ерікті ретінде аттанады, ол өз ұлын көретініне шүбәсіз сенеді.

    Ішінде ұзақ сақтаған өзінің осы ерекше түсін ол сүйікті жары Айманға тек майданға жүрер алдында ғана айтады. Мұны естіген аяулы жар күйеуін соңғы рет көріп отырғанын, оны мәңгілік қайтпас сапарға біржола шығарып салып тұрғанын іші сезген де болар, кім білсін?! Бірақ, әйел жаратылысының құдыреттілігі сонда, ол жар мен балаға деген махаббатын ешқашан бөліп-жармайды. Асыл ана, бәлкім, қатал тағдырға бас игеннен басқа амалы жоғын білген де шығар.

    Абай ауылынан әскерге шақырылғандарды шығарып салуға келгендердің көзі жасқа, көкіректері шерге толы. Айнала азан-қазан. Жылап-сықтау, қоштасу. Мұсаханның қоштасарда жары Айманға бар айтқаны: «Дұғаңды ұлымызға арна, ұлымыздың амандығын тіле» болды. Осылайша әке жүрегіндегі бар арман-тілегін бірауыз сөзге сыйғызып, қысқа  қайырады.

    Осы жерде Бақыт Жатқанбайқызының сөзін келтірсек, «Атам соғысқа жүрердің алдында әжеме «Менің Жаданым жалғыз. Біздің әулеттен тұқым қалмай ма деп қорқамын» деген уайымын білдіріпті. Әжем атама бір үзім нан мен бір уыс тұз береді.  Тұзды аузына салған атам «Құдайдан сұрайтыным, жалғызымды аман ет, Жаданымның жолында жаным құрбан болсын, әумин!» деп, жолға шығып кетіпті». Тұз қасиетті астың бірі ғой, бұл соғыстағы ұлымен көрісуге дәм жазсын деп ырымдаған да болар әке.

    «Мүмкін Жатқанбайжанды көріп қаларсың, көрсең сәлем айт! Аман барып, сау қайтыңдар, Екеуің де аман-есен оралыңдар, біз үшін екеуің де қымбатсыңдар», – деген жарына «Өздерің де аман болыңдар, үй-ішіне бас көз бол» деп кете барады.

    Алматыдан аттанған пойыз эшелоны батысқа қарай жөңкілді. Ауыр тіркеме алға қарай жылжыған сайын ақ шыңды, айбарлы Алатау алыстай берді. Аппақ қар жамылған ағаштары, шыршалары ерекше көрік беріп тұрған Алматыны бәрі де қияр емес. Мынау әсем табиғатқа қарағанда сонау батыста қырғын соғыс болып жатпаған да сияқты. Вагон терезесінен қараған боздақтардың көбі осы көріністі соңғы рет көріп тұрғандарын сезбеген де болар. Әрқайсысы туған жерге аман-есен оралуды тілеп бара жатты.

    Үкілеген үміт

    Мұсахан Шпекбайұлы баласымен бір майданға түсіп, Сталинград үшін бірге шайқасқанымен олардың жолы түйісуін Алла бұйыртпады. Жасы егде тартқан жауынгерлерге соғыс машақатына шыдау оңай емес. Сыз окопта күндіз-түні тұру, тәулігіне ондаған шақырым жаяу жүру, атака кезінде жанұшыра жүгіру – жас жігіттер болмаса, үлкен кісілерге аса қиын соғатын. Соғыстың заңы қатал, топтан шеттеп не кейіндеп қалсаң болды ажалға тап болуы немесе тұтқынға түсу қаупі басым. Оның үстіне Орта Азия мен Қазақстаннан келгендердің ішінде орыс тілін білмейтіндерге оңай болған жоқ, бұйрықтар мен тапсырмалар бәрі орыс тілінде, қай жерде қалай соғысу керек, қалай қорғану керек, қалай шегіну керек – бәрі орысша түсіндіріледі. Ештеңені ұқпай, әйтеуір, дүрмекпен бірге жүргендер де аз кездеспейді, тіпті, орысша команданы түсінбей оққа ұшқандар да болғанын майдангерлер жақсы біледі. Дегенмен, Мұсахан Шпекбайұлы ұрыс даласында табандылық пен қайсарлық үлгісін танытты. Сталинград майданына түсіп, жан аямай соғысты. Сондай арпалыстың бірінде жараланып, Саратов қаласындағы госпитальға жеткізілді. Ауыр жарақаттан айыға алмай, сол госпитальда қайтпас сапарға аттанады. Ол жай солдат болмаған, замандастарының алды болып, ерлігімен көзге түскен батыр. 70 жылдан кейін оған Кеңес Одағының «За отвагу»  медалі беріледі. Бұл – Отанды қорғауда және әскери парызды орындауда көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін  берілген КСРО-ның мемлекеттік наградасы.

    Мұсахан жаратушы құдыретіне, көзге көрінбей желеп-жебеп жүретін әруақтар күшіне әрдайым сенетін. Әулетімізді жалғастырушы жалғыз ұлды солар ғана ажалдан сақтап, оған ұзақ ғұмыр сыйлайды деген ойынан ешқашан да айнымаған ол осылайша өмірінің ең соңғы сағатына дейін жан жүрегі жалғыз ұлымен қалай да кездесем деген шырақты үмітін бір үзбестен 1943 жылы 24 сәуірде қайтыс болады.

    Соғыс жылдары жарынан айрылған аналарға оңай болған жоқ. Айман ана небәрі 42 жасында жесір қалды. Ері мен баласы бірінен кейін бірі майданға кетіп, бар ауыртпалықты қайыспай көтерді. Жалғызын жеті жыл зарыға күту, ұжымшардағы ауыр еңбек, қанша қиналса да қайсар ана жасымады, жатса да, тұрса да ұлының аман келуін тіледі. Жаратушы ана тілегін қабыл етті. Барлық қазақ әйелі секілді отбасының берекесін келтіре білген Айман анаға отағасы көрмеген қызықты көру бақыты бұйырды. Жалғызы оқ пен оттың ортасынан аман келді, шаңырақ құрып, немере сүйгізді. Аяулы әже 1965 жылы өмірден озды.

    Шынында, ұрпағының ертеңі жолында қандай қиындыққа да қарсы тұра білген Айман сынды қазақ аналары биік құрмет пен тағзымға лайық. «Алып анадан туады» демеуші ме еді, халқымыз?! Сөйткен аналар, балалары үшін жанын қиюға даяр әкелер өмірден өтсе де, балалар көңілінен кетпек емес.

    Ұсынымдар

    Ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасы тең болуы керек – Президент

    Қонаев қаласында жаңа оқу жылында қандай өзгерістер бар?

    9 months ago
    Естай салған ән қандай?!

    Естай салған ән қандай?!

    1 year ago
    Ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасы тең болуы керек – Президент

    Алматы облысында оқу жылы қалай корытындыланды?

    12 months ago
    Жастармен жүздесу

    Жастармен жүздесу

    8 months ago
    Қонаевта триатлоннан республикалық чемпионат өтті

    Қонаевта триатлоннан республикалық чемпионат өтті

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.