Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Жармұхамбет ауылының маңында бес жылдан бері заманауи ас үй плиталарын шығаратын зауыт – «ALMATY TURMYSTYQ TEHNIKA ZAVODY» ЖШС жұмыс істеп келеді. Өнімдер сауда желілеріне «DAUSCHER» брендімен түседі. Бұл атау шетелдік болғанымен, мұнда шығарылатыны – нағыз қазақстандық өнім.
Ұжымды Абдулқасым Сойырқас басқарады. Бұл сұранысқа ие жоба Түркияның жетекші компанияларының бірі – «Femas Metal Sanayi ve Ticaret A.S» компаниясының қолдауымен жүзеге асқан болатын. Аталған компания жарты ғасырдай уақыттан бері нарықта жұмыс істеп келеді.
Түркияда бұл компания газды және электрлік тұрмыстық техникалар, соның ішінде кіріктірілген және бөлек орнатылатын пештер, үстел үсті плиталар мен ас үй желдеткіштерін өндіруде көшбасшылардың бірі саналады. Қазіргі таңда өнімдерін әлемнің алты құрлығындағы 130-дан астам елге шығарады. Оның өзге мемлекеттерде жұмыс істейтін кәсіпорындарының бірі – Жармұхамбет ауылында орналасқан. Осы арқылы компания отандық өндірістің дамуына және импортқа тәуелділіктің төмендеуіне үлес қосуда.
Өндіріс менеджері Дастан Тасболатовтың айтуынша, зауыттың ресми ашылуы 2021 жылдың 30 қыркүйегінде өткен. Зауытқа арналған жер аумағы 12 гектарды құрайды. Оның 8 гектарында 2000 шаршы метр жалпы аумақты қамтитын ғимараттар орналасқан. Ол алты корпустан тұрады, оның үшеуі өндірістік мақсатта пайдаланылады. Бұлардың қатарында металл өңдеу, бояу және құрастыру цехтары бар. Соңғысында дайын өнім шығарылады.
Металл өңдеу цехы – бұл бөлшектер қоймасы іспетті. Мұндағы бөлшектер штамптау мен басу цехтарына жеткізіліп, онда болат табақтардан плиталардың сыртқы корпусы пішінделіп, иіледі, кесіледі және қалыпқа келтіріледі.
Бояу цехында барлық бөлшек алдымен жуылып, термиялық өңдеуден өтеді, кейін арнайы түстерге боялып, кептіріледі. Дайын болған бөлшектер арнайы целлофанмен қапталып, газ және электр жүйелері орнатылатын, пештердің жұмысы реттелетін құрастыру цехына жеткізіледі.
Құрастыру цехы – зауыттың жүрегі саналатынын айта кету керек. Себебі, дәл осы жерде ұжым еңбегінің нақты нәтижесі – дайын өнім шығарылады. Сондай-ақ мұнда тасымалдау кезінде бұйымдардың бүтіндігін қамтамасыз ететін тығыз пенопласттан жасалған арнайы қаптама материал да шығарылады.
Зауыт жылына 60 мың дана дайын өнім өндіруге қабілетті. Бұған 20-дан астам түрлі өнім кіреді. Кәсіпорында бүгіндері 65 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың басым бөлігі жақын маңдағы ауылдардың және Қаскелең қаласының тұрғындары. Олар үшін тегін тамақ ұйымдастырылған, сонымен қатар ауылдар мен Қаскелең автостанциясына дейін қызметтік көлікпен жеткізу мәселесі шешілген. Кәсіпорын бес күндік жұмыс тәртібімен, сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді.
Кәсіпорынның Қонаев қаласына жақын орналасқан «Қайрат» индустриялық аймағында 50 гектар жері бар. Бұл жерде жаңа зауыттар салу жоспарлануда. Жобалар іске асқан сайын өндірістік қуаттылық артады. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары ашылып, мемлекет қазынасына түсетін салық көлемі де көбейеді. Бұл өз кезегінде инвестициялар мен қаржылай түсімдердің артуына септігін тигізеді.
– Біздің зауыт газ және электр плиталарын, жанарғы мен пешке арналған құрылғыларды шығарады, – деп түйіндеді сөзін Дастан. – Егер жөндеу немесе техникалық қызмет көрсету үшін жекелеген бөлшектер қажет болса, оларды бізден тікелей зауыттан тапсырыспен алуға болады. Біздің компаниямыз Қазақстан бойынша сервистік орталықтар желісінің болуымен және зауыттан берілетін кепілдік қызметімен ерекшеленеді. Біздің серіктес-дистрибьюторларымыз – елдегі ірі тұрмыстық техника дүкендері Technodom, Sulpak, Mechta, Fora және басқалар. Сонымен қатар, бірнеше фирмалық сауда нүктелері де бар. Мұның бәрі бізге табысты дамуға мүмкіндік береді.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы