Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында Іле ауданында кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті.
Тазалық жұмыстарына «AMANAT» партиясының мүшелері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері, мәслихат депутаттары қатысуымен 70-тен астам адам атсалысты. Олар 2 тоннаға жуық қоқысты жинады.
«Қараой ауылдық округінің орталық саябағының аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мұндағы шашылған қоқыс жиналып, жабайы шөптер орылды. Қураған бұтақтар қысқартылды. Биыл жыл басынан 8 мыңнан аса аудан тұрғыны экоакцияға қатысып, 476 тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын тазартты», – дейді аудандық партия филиалының төрағасы Алмасбек Сатибаев.
Жиналған барлық қоқыс сұрыпталып, арнайы орындарға шығарылды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалардың тұрақты түрде өткізіліп, ауылдағы экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосатынына сенімді.