Топырағы киелі, суы бал, самалы саумал татыған Жамбыл ауданының аумағында талай-талай тарлан талант дүниеге келді. Өнердің қай саласынан да өзіндік орындарын алған ондай дарындардың аты-жөндерін толықтай тізіп шығудың өзі оңай емес. Халық арасынан шыққан сондай қайталанбас таланттардың бірі Жолдасхан Құрамысов ағамыз дер едік. Белгілі сазгер, айтыскер ақын, қаламы қарымды журналист арамызда аман жүрсе осы мамыр айында сеңгірлі сексен жасқа толатын еді. Дарынды ұлдарын қашанда елеп-ескеріп жүретін ел-жұрты мен жақын-жұрағатының, әулетінің дүркіретіп той жасайтыны да ақиқат болатын. Ондай күнге жеткізбеген тағдырға не шара?..
Ән қанатында
Бала кезіңнен көңіліңнің түкпіріне берік ұялап, жан-жүрегіңе мәңгі қонақтап қалатын сазды бір әуендер болады емес пе? Ондай толқынысты туындылар қай кезде де құлағыңда жаңғырып, жаныңды өзгеше бір күйге бөлеп тұрады. «Суықтөбе сазы» аталатын сазды әуен мен үшін сондай өзгеше әндердің қатарында.
Төбесі бұлт оранған суықпенен,
Айналдым атақоныс Суықтөбем.
Қойның жаз, басыңда қыс, туған жерім,
Сағынып саған қарай суыт келем, – деген сазды әуен шырқала бастағанда-ақ көз алдыма ес білгеннен бері көз ұшында асқақтап тұратын Суықтөбенің дара бейнесі келе қалатын. Бір қарағанда қарапайым көрінетін өлең жолдары құдіретті ән сазына бөленгенде өзгеше бір мән-мағынаға ие болғандай құлпырып, жайнап, жаңғырып сала беретін.
Кербезім, жадырай түс күндегіңдей,
Тұрсың-ау күндіз-түні бір көз ілмей.
Сұлу да сұсты менің Суықтөбем
Аумаған Алатаудың жүрегіндей, – деген ән жолдары жаңағы сезіміңді тіптен күшейтіп, жан дүниеңді аспан әлеміне қарай әуелетіп алып бара жатқандай сезілетін. Сондай бір толқынысты сәттерде көз ұшында асқақтап тұратын Суықтөбе сұлбасы расымен де жүрекке ұқсас екен-ау, ақын ағамыз мұншама ұқсастықты қалай дәл берген, суреттеген деген таңданысың да оянбай қоймайды.
Сазды әуеннің «Келемін, келемін, иіліп сәлем беремін. Туған жерім Суықтөбе, Суықтөбем сен едің» деген қайырмасы шырқалғанда «Шіркін-ай, туған жеріне осындай әсем ән арнаған ақында, сазгерде арман бар ма екен!..» деген ой көңіліме сан оралған.
Бұрындары, әр нәрсенің байыбына бара бермейтін бала кезімде бұл әнді халық әні шығар деп ойлайтынмын. Есейе келе осынау өлмес туындының авторы талантты сазгер, ақын, журналист Жолдасхан Құрамысов екенін білдім. Ол кезде жерлес ағамызбен болашақта бір газетте жұмыс істеп, аралас-құралас, сырлас болып кетеміз-ау деп еш ойламаған едім.
Ағамыздың өмірлік серігі Ақжолтай тәтеміз бүгінде әулетінің ұйтқысына айналып, үлкен шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған аяулы ана, қамқор әже. Жолдасхан ағамыздың шығармашылығын әспеттейтін кейінгі ұрпақ өкілдері – көбіне көп Даниярдың жолдастары келе қалған бақытты бір сәттерде шаңырақта «Суықтөбе сазы» мен «Өмір-ай» сияқты сазды әндер қалықтайды.
Сабырлы екен көтерілмес,
Қысқа жіптей күрмеу бермес.
Өмір, өмір, өтер бір күн,
Кетер сөйтіп, қайтып келмес, – деген жолдар өмір мәніне ой жібертіп, еріксіз мұнар-мұңға батырады. Ондайда «Өмір, өмір, өтер бір күн, кетер сөйтіп, қайтып келмес», – деп арамызда Жолдасхан ағамның өзі шырқап отырғандай сезілетіні бар.
Шіркін-ай,
Таң атар деп, күн батар деп
Алаң болған көңіл-ай.
Жарқырап-ақ, сарқырап-ақ
Өте шығар өмір-ай, – деген қайырмасы шырқай көтерілгенде көңіліңді «расында солай-ау, таң атар деп, күн батар деп алаң болып жүргенде өмір шіркін шынымен өте шығады-ау…» деген мұң торламай қоймайды. Ән құдіреті дегеніміз де осы шығар-ау.
«Суықтөбе сазы» айтылған жерде ән төресі «Майтөбе» еске түспей тұрмайды. Күміскөмей әнші Ұлжан Айнақұлова «Майтөбені» беріле шырқаған кезде жалғыз Жамбыл жері ғана емес, бүкіл қазақ топырағы сазды әуенмен қоса тербетіліп тұрғандай сезілетіні бар. «Ұрпағы ұрандаған Қарасайлап, баурайы Алатаудың тамаша аймақ. Мөріндей табиғаттың Майтөбені, жұмақтың төрі десе қайтер еді?» деген жолдар шырқалғанда, «Әлемге аты жайылған, аққуды әнмен қайырған. Жебеп жүрген киесі, ақпа жырдың иесі, кең жайлаудың төресі, Сүйінбай, Жамбыл жері осы» деген қайырмасы қалықтағанда «Паһ, шіркін, рас-ау» деген сүйінішпен бірге көкейімізде «Осындай жолдар, осындай өлең менің ойыма неге келмеген?..» дегендей аздаған пендешіліктің де қылаң беріп қалатынын жасыра алмай қаламыз.
Бұл жалғыз Жөкеңе айтылған мақтау емес, әннің сөзін жазған ақын ағамыз Орысбай Әбділдаұлы мен бұлбұлкөмей замандасымыз Ұлжан Айнақұловаға да айтылған мадақ.
Өмір белестері
Жолдасхан ағамыз жер әлемді қуанта келген Жеңіс күнінен жарты айдан кейін, нақтырақ айтатын болсақ 1945 жылдың 25-ші мамырында Қастек ауылында дүниеге келіпті. Сағынтып, сарғайтып, көзге жас үйірілтіп келген Жеңістен кейінгі жан тербер сәт – адамдардың жан жүрегін жаулап алған кереметтей шатты көңіл-күй, толғаныс пен тебіреніс болашақта болайын деп тұрған, жалындап жанайын деп тұрған баланың болмысына әсер етпеді деп кім айта алады?.. Әсер еткен де болар.
Қалай десек те соғыстан кейінгі қат кезеңнің өзіндік ауыртпалығын арқалай жүріп еңбекпен есейген балаң жігіт қызығы мен қиындығы дәйім қатар өрілетін, азабы мен тозағы көп өнер жолын таңдапты. Сол таңдауы оны 1964 жылы Жамбыл аудандық Мәдениет үйіне алып келді. 1970 жылы Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы актерлер дайындайтын студияға алып барды.
Әртістер даярлайтын оқу орны өнердің қыр-сырын үйретіп қана қоймай ара-арасында сахнаға нақты туындылар да шығарып, түлектерінің шығармашылық мүмкіндіктерін саралап отыратын. Сондай шаралар барысында жалындаған жас жігіт «Айман-Шолпан» спектакліндегі Жантық бейнесін сомдап, актерлік талантын жарқырата көрсетті. Басқа да қаншама рөлдерді ойнап, шеберлігін барынша шыңдай түсті.
Әйтсе де артистік жұмыспен біржола айналысып, соңына түсуді тағдыры жазбаған екен. Талантты жас сонда да болса өнерден біржолата қол үзіп кеткен жоқ, оны өмірлік айнымас серігіне, жан жолдасына айналдырды.
«Талантты адам барлық қырынан талантты» деген тұжырым бар ғой. Сол айтқандай, Жолдасхан Әукенұлының дарыны да жоғарыда аталған студиядан алған драма әртісі мамандығымен шектеліп қалған жоқ. Бір мезгілде журналистика әлеміне құлаш ұрып, 1976 жылы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінен журналистика мамандығын алып шықты. Сол кезде «Екпінді еңбек» деп аталған Жамбыл аудандық газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарған Жөкең аудан халқына қаламы ұшқыр журналист ретінде де кеңінен танылды.
Дарынды тұлғамен таныстығымыз да осы кезден басталды. Қай шаруаға да үлкен жауапкершілікпен қарайтын, өз міндетін талапқа сай атқару үшін бар күш-жігерін жұмсайтын Жолдасхан ағамызды бұл кезде қағаздан күндіз-түні бас алмайтын еңбекқор журналист ретінде таныдық.
Байсалды қалпы мен байыпты әңгімесі, нар тұлғасы ол кісіні өз жасынан ересек көрсететін. Журналистік мамандықты жаңа бастаған біздерге тіпті үлкен кісі болып көрінетін. Қазір ойлап қарасам, ағамыздың орда бұзар отыздан жаңа ғана асқан кезі екен ғой. Жаңағыдай сазды әндерін қолқалап, арнайы өтініш айтып жүріп ағамызға қайта-қайта орындататынымыз да осы кез.
Қой бағып жүріп ой бағып, бозторғайға үн қосқан Кенен атамыз секілді балаң жігіттің жан дүниесін де ес білген сәтінен бастап ән тылсымы, өнер құдіреті жаулап алыпты. Жүрек түкпірінен қайнап шыққан әуен сазына өлеңін де сәйкестендіріп, дегбірі қалмайтыны да осы шақ. Көмейіне лықсып келген асыл сезімі кейде ән болып шарықтаса, кейде отты жыр болып құйылып түсетіндей.
Жігері тасып тұрған жас жігітті сол өнері де қанаттандырып, 1977-1985 жылдар аралығында аудандық, облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысты. Батырға лайық сом тұлғасына ұлттық киімі жарасып, өлеңіне әуені мен домбыра шертісі құп келісіп тұрған ақын талай-талай дүбірлі айтыстарда топ жарып, жүлдегер атанды. Бұл орайда Жолдасхан ағамыздың ел таныған арқалы ақын Еркін Ібітановпен екі мәрте айтысқаны, талантты інісі Есенқұл Жақыпбековпен сөз қағыстырып, дарынды қаламгер Нұрсапа Аманжоловпен аламанға түскені алдымен ойға оралады. Одан басқа да үлкенді-кішілі айтыстары ел аузында қалды.
Елім мен жерім деп өткен батыр, би, ақын бабаларға деген құрмет сезімінің көпшілік арасында мойындалғанының бір көрінісі болар, Жолдасхан аға 1991-2012 жылдар аралығында Сүйінбайдың әдеби-мемориалды мұражайының директоры қызметін атқарды. Жауапкершілігі мол осынау жұмысты атқара жүріп ақын баба мұрасын насихаттауға, зерттеп, жүйелеуге көп еңбек сіңірді. Бір мезгілде өз каламынан да сезімге толы шымыр өлеңдер туындап, құлақтан кіріп, бойды алар небір әсем әндерді дүниеге келтірді.
Абырой биігінде
Жолдасхан Құрамысовты жұртшылыққа кеңінен танымал еткен оның композиторлық қыры. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары, жоғарыда айтып өткеніміздей, «Суықтөбе сазы» қазақтың байтақ даласына аз ғана уақытта тарап кетті. Айтулы мерекелерде ғана емес, шағын думандарда да жиі шырқалып, шын мәнінде халықтық әнге айналды.
Жолдасхан ағамыздың шығармашылық жолына көз салсақ, оны туған жер мен өскен өңірдің жыршысы деген тұжырым жасауға әбден болады. «Отаным, елім – Қазақстан», «Ер Қарасай», «Шапырашты Наурызбай», «Сөздің пірі – Сүйінбай», «Жамбыл ата – жан ата», «Қастегім – әнім», «Қарақыстақтың қызырлы елі» дегендей әндердің атауы бірден осындай тұжырым жасауға жетелейді. Бұл тақырыптағы әндерден туған жерге ғашық перзент жүрегінің нәзік лүпілі айқын аңғарылады. Мәңгілік тақырыптарға арналған әндері өз алдына бір төбе.
Елуден астам танымал әннің авторы атанған дарынды сазгердің «Суықтөбе сазы», «Майтөбе», «Менің пірім – Сүйінбай», «Бөрілі менің байрағым», «Жамбыл атам елі», «Аққу жүзген», «Ұлар үні», «Ұлы бабам – Қарасай», «Еңлікгүл» сынды әндері бүгінде радио мен теледидарда жиі орындалады.
Шығармашылық адамы үшін ең бастысы – өнеріңді, жан жүрегіңді жарып шыққан өлеңің мен әніңді көпшіліктің мойындауы. Әнің ойын-тойларда шырқалып, радио мен теледидарда орындалып жүрсе, одан артық бақыт жоқ деуге де болар. Бұл жағынан алғанда да Жолдасхан ағамыздың жолы болды. Дарынды сазгердің еңбегі еленіп, 1976 жылы КСРО Жоғарғы Советі Президиумының қаулысымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Өнер байқауларындағы жүлделері жайында айтатын болсақ, 2000 жылы өткен «Жаңа ғасырға – жаңа ән» республикалық ән байқауында Жөкеңнің «Менің пірім – Сүйінбай» атты өлеңіне шығарған әні бірінші жүлдеге ие болды. 2004 жылы Талдықорған қаласында өткен «Жетісу әуендері» атты облыстық ән байқауында да бірінші жүлдені қанжығасына байлады.
Талантты сазгердің шығармалары бұдан кейін де бірнеше рет топ жарды. Мәселен, 2004-2006 жылдары Мұқан Төлебаев атындағы байқауда бірінші, үшінші орындар еншісіне бұйырса, 2010 жылы Астана қаласында өткен «Елім деп соққан жүрегім» атты ән байқауында жүлделі үшінші орынды иеленді. Есімі елге белгілі сазгерлерден құралған әділқазылар алқасы бұл жолы оның «Отаным, елім – Қазақстан» әніне жоғары баға берді. Мұның барлығы жүртшылыққа кеңінен танымал сазгердің дара талантын, шығармашылық әлеуетін бағалағандықтың көрінісі десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймас деп ойлаймын.
Өзі ардақтап жырға қосып өткен елі мен жерінің ардақты азаматы болудан асқан құрмет жоқ. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі мен ел Президентінің Құрмет Грамотасының иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жолдасхан Құрамысовтың Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атағын алғандығын айтсақ, ағамыз еңбегінің бұл орайда да орнымен еленгенін көреміз.
Жолдасхан Әукенұлы зайыбы Ақжолтай тәтеміз екеуі өнегелі ұл мен көргенді қыз өсіріп, олардан балдай тәтті немере сүйді. Әке жолын қуған тұңғыш ұлы, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясын бітірген Данияры көп жылдар бойы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясын басқарса, бүгінде Қарасай ауданындағы өнер ұжымына жетекшілік етеді. Одан кейінгі Мадияры елге танымал спортшы, еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері.
Басқа балалары да өмірден өз орындарын тапты. Өзінің әкелік, аталық, азаматтық парызын толығымен өтеу деген осы емес пе?
Сөз соңы
Танымал сазгер еңбегінің зейнетін көріп отыратын шағында, өткен жылдың 16 қаңтары күні 79 жасында өмірден өтті. Сырқаты дендеп, қуаты қайтқанша киелі өнер ауылынан алыстаған жоқ. Нәтижесінде соңына алпысқа жуық танымал ән, «Алатаудың ұлары», «Ей, ұлар! Сен де ұлар, мен де ұлар» тәрізді әндер жинағын қалдырды. Өнерсүйер қауымның жанында жаңғырып тұра беретін осындай әндері – мол мұрасы тұрғанда дарынды сазгер есімінің ұмытылмайтыны айдан анық ақиқат.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті жазушысы