Шәкірттерін білім шыңына жетелеп, «ұстаз» деген ұлағатты есімді арқалап жүру кез келгеннің бағына бұйыра бермейді. Мамандықтың ішіндегі ең төресі – мұғалімдік дейтініміз де сондықтан болар?! Осы кәсіптің көкжиегін кеңейтіп, оқыған-тоқығаны арқылы айналаңа пайдаңды тигізе білсең, міне, сонда еңбегіңнің еленгені.
Дәл осындай ұлы жолда табандылық танытып, талайдың ықыласына бөленіп жүрген ардагер-ұстаздардың қатарында Қарасай ауданының Құрметті азаматы, «Білім беру ісінің үздігі» Ақлима Көсемованы даралап айтуға болады. 80 жастың желкеніне мінген қадірлі қарияның қаламы қолынан түскен емес. Ұрпаққа өнеге ретінде әлі де айтар ақылы, жазар жыры бар. Жақында Ақлима апаның сиясы кеппеген кезекті кітабы жарық көрді. «Өткеннің қымбат демей несі бізге, түсірейік өткенді есімізге» деп аталатын жинақтың тұсаукесері Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте өтіп, авторға лайықты құрмет көрсетілді.
Кештің шымылдығы «Ерке сылқым» күйімен ашылды. Мектеп оқушылары қос ішектің құлағында ойнап, ұлттық аспаптың құдіретін сезіндірді. Одан кейін қонақтар шараның басты кейіпкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Ақлима Көсемованы гүл шоқтарымен қуана қарсы алды. Алғашқы сөз кезегі аудандық білім бөлімінің маманы Жұлдыз Ізбасарқызына берілді. Ол Ақлима апаға әріптестерінің ыстық сәлемін жолдап, ұлағатты ұстаздың ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Ақлима Рақымбердіқызы – ұстаздық қызметтен бөлек, 20 жылдан астам еңбегін аудандық білім бөліміне арнаған жан. Оның осы бағыттағы тәлімді тәжірибесі, өмір жолындағы өнегесі айтулы кеш барысында бейнебаян арқылы көрсетілді. Ал оның мұғалімдік міндеттен бастап лауазымды қызметке көтерілгені және еңбекқорлығы хақында оның сыныптасы Қарлығаш Дәулетбаққызы әңгімелеп берді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Қарасай аудандық филиалының директоры, мәслихат депутаты Орынбай Басарұлы да жылы лебізін білдірді. Ал тұсаукесер рәсімінде Қарасай аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағындық Жылқыбаев пен ардагер-ұстаз Азиза Ахметқызы кітаптың лентасын қиып, авторға ерекше ілтипат танытып, тілектерін айтып, сый-сияпаттарын табыс етті.
Кітапта автордың ескірмейтін естеліктері, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары және танымал тұлғалармен кездесулері қамтылған. Бұл жайында ұлағатты ұстаз Ақлима Рақымбердіқызы кеш барысында кеңінен әңгімелеп, сағым жылдар қанатындағы ойларымен бөлісті.
«Құдай күш-қуат берсе, әлі де кітапқа сұранып тұрған жазбаларым, авторлық мақалаларым бар. Олардың басылып шығуы уақыттың еншісінде. Менің кітап жазудағы мақсатым – жастарымыз аға буынның өмірі мен еңбек жолынан өнеге, ғибрат алсын деген ниет қана», – деді автор. Сонымен қатар ардагер-ұстаз осы кештің өтуіне ұйытқы болған Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің директоры Рысбүбі Мәмбетәліқызына және оның ұжымына ерекше алғысын айтып, ыстық ықыласын жеткізді. Мектеп басшысына сый-сияпатын табыстап, аналық ақ тілегін айтты. Шара соңында білім ұясының өнерлі оқушылары патриоттық әндер шырқап, автордың «Сексеннің жыры мен тілегі» деген өлеңін оқыды.
Айта кетейік, бұл кітап – Ақлима Рақымбердіқызының жарық көрген үшінші туындысы. Осыған дейін «Бейбітшілік пен жасампаздыққа – 20 жыл» және «Менің Президентім» атты еңбектері оқырманға жол тартқан.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Қарасай ауданы