Райымбек ауданының бір бүйірінде, көрші мемлекетпен шектесетін шекараның дәл түбінде Сүмбе деген іргелі ауыл бар. Бұл елдімекеннің ерекшелігі – бір ғасырдан астам уақыттан бері осы жерде қазақтар мен ұйғырлар қоян-қолтық араласып, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқандығы.
Сүмбе ауылына ұйғыр халқының қоныстану тарихы өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан бастау алады. Тарихи дерек бойынша сол кезеңде Сүмбе ауылдық кеңесіне төрт ұжымшар қараған екен. Соның біріне осы өңірден шыққан көзі ашық, көкірегі ояу Шахам Сәметов деген ұйғыр азаматы басшылыққа тағайындалады. Қойнауы құнарлы, қара топырақты егіншілікке, бау-бақшаға сұранып тұрған жерді игеру үшін ұжымшар бастығы көрші Ұйғыр ауданынан 30 шақты ұйғыр отбасын көшіріп әкеледі. Сөйтіп, таулы өңірдің байырғы тұрғындары – қазақтармен тағдырларын тоқайластырады. Жаратылысынан жер еміп өскен халық осыған дейін төрт түліктің тұяғына тапталып келген қара жердің қыртысын жазып, егін салып, бау-бақша өсіреді. Соқа тісі тиіп көрмеген аймақ айналасы бір-екі жылдың ішінде түлеп-түрленіп, сары теңіздей толқыған астықты алқапқа, алма-өрігі самсаған миуалы баққа айналып шыға келеді. Қара жердің иін қандырып, көңілдері жайланған еңбекқор жандар аузын ашса жүрегі көрінетін, пейілі кең, жаны жомарт, қонақжай қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып, бір-біріне бағбаншылық пен шопандық кәсіптің қыр-сырын үйретеді. Тіпті, 50-ші жылдардың ішінде арнайы жолдамамен Мәскеудегі КСРО халықшаруашылығы көрмесіне барған Шахам ака онда қойылған бидайдың екі бас масағын сұрап алып, Сүмбеге әкеледі. Әлгі тұқымды тоқымдай ғана жерге егіп, көбейтеді. Сөйтіп, ұжымшардың астық алқабына ресейлік бидайдың жаңа сортын жерсіндіреді. Сол кезеңнен бастап ұжымшар астық өсіруден облыс бойынша жарыстың алдыңғы көшін бермеген екен.
Өткен ғасырдағы ел басына төнген нәубеттер мен қилы кезеңдер Сүмбе ауылын да айналып өткен жоқ. Қазақтармен қатар ұйғырлар да ұжымшар құрылысын қаласты. Имамзаров Мірқияс, Оласанов Тұрған, тағы басқа да азаматтар Екіншідүние жүзілік соғысқа осы ауылдан аттанып, қанды майданды бастарынан өткерді. Туған жерлеріне жеңіспен оралып, бейбіт өмірді баянды ету жолында тер төкті. Нұрахмет Әлиев, Венера Зинаудинова, Мариям Шаудинова, Аудын Илиев, Минур, Зламдун Низамовтар, Құрманжан Анаятов, Манап Кебиров, Арып Ахунов, тағы басқа да осы ауылдың тумалары еселі еңбектерімен шаруашылықтың өсіп өркендеуіне, білімнің артып, ауыл мәдениетінің көтерілуіне лайықты үлес қосты. Қазірде солардың немере, шөбере, шөпшектері кіндік қаны тамған осы жерде уақытпен үндесе еңбек етуде.
Осыдан біраз жыл бұрын өмірден өтіп кеткен Айндин Шахамов дейтін азамат ұйғыр, қазақ, орыс, ағылшын тіліне қамшы салдырмайтын еді. Мамандығы – мұғалім, музыка аспаптарын да шебер меңгерген жан болатын. Ауылдағы өнерпаз азаматтардың басын қосып, қазақ пен ұйғырдың ұлттық аспаптарынан ансамбль құрды. Ансамбль өнерпаздары аудан ғана емес, облыс көлемінде өнер көрсетіп, абырой арқалағаны бар. Тілек Юсупов дейтін кәсіпкер де жұртшылыққа кеңінен таныс. Ауыл халқына арнап осыдан оншақты жыл бұрын имандылық үйі – мешіт салып берді. Соғыс құрбандары мен тыл ардагерлеріне арналған мемориалдық ескерткіштің қайта жаңартылуына, мәдениет пен спорт алаңының салынуына септігін тигізді. Биыл қыста ауызсу құбырының насосы істен шығып қалғанда тұрғындар не істерін білмей дегбірді. Сол шақта Тілек еш ойланбастан құны 1 млн теңгеден асатын қондырғыны өз қаражатына сатып әкеліп, ауылдастарын ауызсудың қиындығынан құтқарды. Көкірегіне иман ұялаған атпал азаматтың туған жері мен еліне тигізіп келе жатқан жақсылығы мұнымен ғана шектелмейді.
Бірлік күні мерекесі қарсаңында Сүмбе ауылына арнайы жолымыз түскендіктен ауыл әкімдігінің кеңсесінде ұйғыр ағайындардың бірнешеуінің басын қосып, әңгіме-дүкен құрдық. Алғашқы сөзді ауыл әкімі Азамат Саламат өзі бастады.
– Ауылдық округте 3629 тұрғын бар. Олардың 239-ы ұйғыр ұлтынан. Тұрғындардың негізгі күн көрісі ауыл шаруашылығымен өзектесе өрілген. Мал бағып, егін егеді, картоп өсіреді. Сауда-саттықпен айналысады. Тағы бір ерекшелік – басқа ауылдарда кездеспейтін алма, өрік, алмұрт, алша сияқты жемістер мен көкөністерді біздің ауылдағы әр үйдің бау-бақшасынан табуға болады. Бұл осында ғұмыр кешіп жатқан ұйғыр ағайындардың жер қадіріне жете білгендігінен. Өмір көрген алдыңғы буын, кейінгі ұрпақтың бойына татулық пен бірлік сияқты ұлағатты ұғымды сіңіре білді. Ауылдың бүгінгі берекесі сол үлкендер салып кеткен сара жолдың жемісі, – деді Азамат Серікұлы.
Бүгінде жасы алпыстан асқан Бахтычат Низамов осы ауылдың белсенді азаматтары. Мамандығы – мал дәрігері. Қазір ауылдағы мал-дәрігерлік пунктінде мамандығы бойынша қызмет істейді. Бахтычат осы ауылдағы ұйғыр жігіттеріне басшылық жасайды. Былайша айтқанда, «Жігіт басы». Ақыл-кеңесін айтып, татулыққа шақырады.
– Қазақ-ұйғыр деп бөлінетін жағдайдан өтіп кеттік қой. Өйткені, қазақтармен қыз алысып, қыз берісіп, құда-жекжат болып кеттік. Дос-жаран, жолдас-жорамыз да қазақтар. Тіпті, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға дейін ортақ қазанда қайнап жатқан жайы бар. Мереке-мейрамдар, той-томалақтар бір-бірімізсіз өтпейді. Тәуелсіз Қазақстандай көпұлтты алып мемлекеттің азаматы болғаныма мен де, отбасым да өзімізді бақытты санаймыз, – дейді Бахтычат ағынан жарылып.
– Өз ана тілімізді қалай құрметтесек, қазақ тілін де солай құрметтейміз. Қазақ тілінде таза сөйлейміз. Елдің берекесі мен болашағы татулық-бірлік арқылы қаланады. Татулық пен бірлік ұялаған Қазақстанның Тәуелсіздігі нығая беретіні анық, – дейді сөз кезегі келгенде осындағы «Бахтияр» шаруа қожалығының иесі Сатурн Шахамов шынайы ықыласымен.
Бәрекелді! Татулықтың тамырын тереңге жіберген ауылдың жақсылығы тарқамасын. Береке-бірліктің аясы кеңейе берсін дейміз, біз де!
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы